– Бүгін сіздер мен біздер үшін ерекше салтанатты күн! Университет өзінің үшінші буынын үлкен өмірге аттандырғалы тұр. Маңызды шара халықаралық ЭКСПО көрмесінің ашылу қарсаңында өткізіліп отыр. Әлемдік деңгейдегі оқу орнында білім алу әрбір адам үшін асқақ абырой, мерейлі мәртебе деп санаймын. Баршаңызды диплом тапсыру рәсіміне орай, шын жүрегіммен құттықтап, үлкен бақыт пен табыс тілеймін. Бұл университет біздің аса маңызды Тәуелсіздік жылдарында қабылдаған жобамыз болып табылады. Бұл білім беру үдерісінің сыртқа негізделген оқу орны. Өкінішке қарай, мұндай оқу орны Қазақстанда бұрын болған емес. Ашылғанына 7-ақ жыл болған оқу ордасы өзіміздің елде де, басқа елде де аса беделді оқу орнына айналды, деді Елбасы.
Президент өз сөзінде білім беру үшін шет елдердің іргелі оқу орындарының таңдаулы ғалымдары шақырылып, ғаламдық білім беру жүйесімен тиімді интеграция жүргізу арқылы дүние жүзіне Астананың ғылым мен білім орталығы ретінде көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты менің Жолдауымды орындауда университеттің атқарар рөлі өте зор. Университетті мыңнан астам түлек табысты тәмамдап шықты. Біздің халқымызда «Білімнің басы – бейнет, түбі – зейнет» деген ұлағатты сөз бар. Оқу орны түпкілікті жаңғыру жолына түскен Тәуелсіз Қазақстанға аянбай қызмет етеді деп сенемін. Сол үшін осы университетті салдық. Сол үшін сіздерді оқыттық, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көктемнің бұл қуанышты күні жаңа диплом иелеріне, Назарбаев университетінің түлектеріне маман ретіндегі кәсіби жолының бастауы ретінде есте қалатынын атап өтті. Биыл Назарбаев университетін 737 түлек тәмамдады. Соның ішінде алғаш рет 9 докторант даярланды. Бұған дейінгі жылдарда түлеп ұшқан мыңдаған студенттердің жартысы әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырғанын тілге тиек еткен Елбасы түлектердің осы уақытта еңбек нарығында өздерінің бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандар екенін дәлелдегендерін ерекше атап өтті. Олар бүгінде еліміздегі ең ірі ғылыми мекемелерде, медициналық команияларда және мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»