Аймақтар • 27 Мамыр, 2017

Қарағандыда қызмет барысында қаза болған жандарға арналған мемориалдық тақта орнатылды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына орай Бұқар жырау аудандық ішкі істер басқармасының ауласында қызмет барысында қаза болған қызметкерлердің құрметіне мемориалдық тақта оранатты.

Қарағандыда қызмет барысында қаза болған жандарға арналған мемориалдық тақта орнатылды

Шарапатты шараға Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев, Бұқар жырау ауданының әкімі Нұркен Көбжанов, сондай-ақ, қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің туған-туыстары, ішкі істер органының ардагерлері және аудандық ішкі істер басқармасының жеке құрамы мен аудан тұрғындары қатысты.

«Бүгін қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, біз бейбіт заманда қаруланған қылмыскерлердің қолынан қаза болған әріптестерімізді еске алып, олардың ерлігін келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында аудандық ішкі істер басқармасының ауласында әріптестерімізге деген құрмет ретінде мемориалдық тақта тасын ашуға жиналып отырмыз. Өкінішке орай жыл өткен сайын артына өшпес із қалдырып, ел тыныштығын сақтау жолында қаза болған қызметкерлердің есімі көбейіп келеді. Сондықтан да антына адал беріліп, ақтық демі қалғанша қызмет атқарған тәртіп сақшыларын біз ешқашан ұмытпаймыз, керісінше осындай игілікті іс-шаралар жасап, олардың есімін қашанда ұлықтап отырамыз», – деді мемориалдық тақта тасын ашу салтанатында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.

Полиция полковнигі Ардақ Қабыкенұлының сөзінен кейін бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға үш мәрте оқ атылды.

Осыдан кейін 2001 жылдың 8-ші мамырында бұзақы топтың заңға қайшы әркетін тоқтату барысында қаза болған Бұқар жырау аудандық Ішкі істер басқармасы Тельман полиция бөлімі, Қушоқы ауылының учаскелік полиция инспекторы болған Қайрат Хамутовтың жары Гүлнар Хамутова сөз сөйлеп, асыл ерін ұмытпай мемориалдық тақта тасын ашып, күллі аудан тұрғындарын ұлықтап жатқан департамент басшылығы, аудан әкімдігі мен аудандық ішкі істер басқармасының басшылығына алғысын білдірді.

Мемориалдық тақта тасының ашылу салтанатынан кейін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімдігі, Ішкі істер органының қызметкерлерінің қатысуымен «Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұқар жырау ауданындағы игілікті іс-шараның соңы аудан орталығындағы мәдениет үйінде облыстық Ішкі істер департаментінің көркем өнерпаздар ұйымының дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»