«Ғалымжанның бұл сапарының мақсаты – елімізде өткізілгелі жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесін жұртшылыққа насихаттау. Әуелі Өскеменнен Семейге жетіп, одан ары Кереку қаласына табан тіреп, Ерейментау арқылы Астанаға жетсек деген ойымыз бар», деген ол бір көлікпен жолдасының артынан жүріп келе жатқандықтарын, өздерімен бірге бір дәрігерді ала шыққандықтарын айтты. Және бұл сапарға ешқандай арнайы мекемелердің қатысынсыз, өз еріктерімен, туған-туыс, жолдас-жораларының көмегімен аттанып бара жатқандықтарын, «бүгін мында қонамыз», «ертең анда қонамыз» деп алдын ала жоспар құрмағандарын да жеткізді.
Осыдан бір сағат бұрын хабарласқанымызда Еркегүл Ғалымжанның 26 мамыр күні Глубокое ауданындағы Гагарино ауылына қонып, жолға шыққанын, бұл күні 70 шақырым жүгіріп өткенін, бүгін Бұлақ ауылына түнеп, Семейге 29 мамыр күні жетуді жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті.
«Түнде жол үстінде түнесек деп өзімізбен бірге шатыр ала шыққанбыз. Бірақ тұрғындар біздің келе жатқанымызды алдын ала біліп, телефон шалып, «біздің үйге қоныңдар» деп қонақжайлылық танытып жатыр. Мұндай кең пейіл азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді Еркегүл.
Еркегүл Мұқиятқызы Ғалымжанның күнделікті жүгіру, тынығу тәртібін де айтып берді. Оның айтуынша, Ғалымжан таңертең сағат 06:00-де тұрып, 06:30-ға дейін таңғы асын ішіп, сағат 07:00-ден жүгіруді бастап, бір сағат жүгіріп, 10 минут тынығып алады екен. Бір күнгі жүгіру межесі – 8 сағат, жүгіру ұзақтығы – 60-70 шақырым.
Ғалымжан Тоқтар бұған дейін қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде жұмыс істеген. Жұбайы оның қазіргі уақытта жұмыс істемейтінін айтты.
Қазір Астанаға жаяу жол тартып бара жатқан жігітті жолай күтіп алып, ас-су ұсынып, құдайы қонақ етуге ниетті азаматтар 87789262622 телефонына хабарласуына болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Сурет Ғалымжан Тоқтардың жұбайы Еркегүл Мұқиятқызынан алынды