Дарынды, талантты жастың бұлақ көзін ашатын еліміздегі ең ірі жобаға Қызылорда облысынан жүзден аса талапкер қатысып, бағын сынады.
Соңғы қоңыраудың естілер күні Ақмешіттегі Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің іші баланың шат күлкісіне толып кетті. Сарайдың әр жерінде тамағын кенеп ән салып, әуенді құбылта шырқаған дауыстан құлақ тұнады. Барлық бала қобалжулы. Өйткені қазір сахнаға көтеріледі. Соның қортындысы бойынша республикадағы маңдайалды байқаудың финалына өтіп, бағын сынайды. Өнерпазды үлкен сахнаға шығарып, эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқауға жол ашатын осындай байқаудың алдында бала жүрегінің атқақтамауы мүмкін емес еді.
Сырдың бойын жайлай жатқан сүлейлер елінде небір талантты балалар бар. Оларды тек көру керек. Ал «Бала дауысы» осындай өрендердің бағын ашатын байқау. Қазақстанның 16 қаласында өтіп, ең соңында кіл мықтының арасынан шын мықтыны анықтайтын сайыстың өзгелерден бәсі жоғары. Әлия Назарбаева жетекшілік ететін «Жандану әлемі» қорының бастамасымен өмірге келіп, бүгінде ел арасында үлкен қолдауға ие болып отырған байқауға Арал мен Жаңақорғанның арасын еншілеп жатқан елдің өнерге ынтық барша жастары қатысты десек те болатындай. Айтпақшы, «Бала дауысы» алдына ешқандай коммерциялық мақсат қоймаған жоба. Яғни, балалардың үстінен ақша тауып, жырғап қалуды мұрат тұтпайды. Қайта балалар шығармашылығын дамытып, оларға барынша қолдау білдіріп, музыкалық білім алуына кең өріс ашуды көздейді.
Сонымен, Қызылордада өткен байқауда Назерке Шәмбілова жеңіске жетті. 12 жастағы Назерке жарысқа Байқоңыр қаласының атынан қатысқан. 7 жасынан бастап вокалмен айналысқан. Соңғы екі жылда бимен де кәсіби түрде шұғылдана бастаған. «Назеркенің әртістік қабілеті өте жоғары екен. Дауысы да әдемі. Өзіндік мәнері бар. Әнді жақсы сезінеді. Сахнада өзін еркін ұстайды. Енді Назерке екеуміздің мақсатымыз да, арманымыз да ортақ. Барлық күш-жігеріміз бен білім-білігімізді қазан айында «Алматы Аренада» өтетін Гранд-финалды ұтуға арнаймыз», дейді қызылордалық өнерпаздың тәлімгері, «Алау» тобының әншісі Әсет Арыстанбек.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығуы заңды дүние. Сондықтан қызылордалық өнерпаздар да Назеркенің жеңісіне қуанып, алдағы үлкен жарыста сәттілік тіледі.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА