Қазақтың күй өнеріндегі «Қосбасар», «Толғау», «Балбырауын», «Ақжелең», «Байжұма» секілді туындылардың ішіндегі бір айтулы үлгі – «Қоңыр». «Қоңыр» – домбыра, қобыз, сыбызғыға біткен күй, ежелден әуезі қалыптасқан көшелі өнер, әуелде тартылу мінезіне қарай – «Жайқоңыр», «Майдақоңыр», «Назқоңыр», «Әсемқоңыр», «Арбиян қоңыр» т.б. деп бөліне жіктелген, кейін бірыңғай мектеби жол болып кетті. Домбырашылар арасында бұл үлгі ертеден «Алпыс екі қоңыр» деп ерекше ардақталады, яғни, адамның «алпыс екі тамырын иітетін киелі әуен» деген сөзге парапар, қоңырлата шертілетін туындылар тобы дегені. Ертеректе, XVII-XVIII ғасырларда қоңыр күйлер көбінесе сыбызғыда, қобызда тартылған, әрегідік домбырада да шертілген жағдайлары болған, бірақ жаппай үрдісі некен-саяқ десе де болады (Ықыластың «Қоңыры» Сүгірге ауысқан секілді), себебі ұлыс-ордалық, хандық кезеңдегі күйлердің көбісі қаһарлы, дауылды болды, Абылайдың, Байжігіттің заманында бірыңғай жауынгерлік ұран күйлер шыққаны тарихтан белгілі. «Қоңырдың» сазы Қорқыт заманынан бар десек те кейінгі кезеңдерде тек ақ патшаның отары болған кезеңнен бері ғана үдеріс алған деп ұғынсақ қателесе қоймаймыз. Яғни, «Қоңыр» – мұңды, қайғылы, азалы, шерлі, зарлы күйлер, десек те кез келген қоңыр атаулы күйдің өн бойынан ыза-кек есіп тұратыны рас. Қоңырсазды күйлерді – қазіргі ұғымға сай «протест музыкасы» деп те жіктеуге болады. Күй жанрларының ішіндегі анық опозициялық реңкі бары осы «Қоңыр» топтамасы.
Әбунасыр әл-Фараби атамыздан қалған, кейіннен әлемнің ортақ игілігіне айналған үлкен музыка іліміне салсақ, «Қоңыр» латынның «минор» деген сөзіне сай келетіндей. Жаратылыстағы саз біткеннің бәрі «мажор», «минор» деген екі ладқа (пентатониканы қоспағанда, ол да осылай екіге жарылады) бөлінетіні белгілі, осы екеуін қазақы ұғымға салғанда «мажор» – қуанышты, шаттықты, «минор» – мұң-шеменді, басылған көңілді бейнелейтін мінездемелік анықтаушы терминдер. Әрине, қазақ музыкасында осы екі ладтан бөлек түркі-мұңғұлдың әйгілі «Беспернесі» (пентатоника лады) болғандықтан, кейде еуропалық музыка теориясының осы бір қағида-ұйғарымы қазақ халқының музыка мәдениетінде толық ескеріле бермейтін қырыны және бар, яғни туындыны мінездеуге келгенде қазақы әуен ладқа тәуелді емес.
Тағы да «Қоңырға» келейік. Барлай келгенде, домбырадағы «Қоңыр» күйлердің қалыптасқан формасы Тәттімбет заманынан басталады десек қателеспейміз. Кезінде Әбікен Хасеновтен Латиф Хамиди жазып алған Тәттімбеттің бірінші «Қосбасары» осы қоңыр күйлердің нағыз классикалық үлгісі бола алады. Қоңыр күйлердің халық арасына кең тараған бір аты – «Қосбасар» («минор» ладындағы түрлері), егер қоңырлық мінез күйдің ладтық табиғатын танытса, қосбасарлық қасиет оның орындалу ерекшелігін паш етеді. Қоңырсазды-қосбасарлы күйлер Арқа күйшілерінің ішінде Итаяқ пен Сайдалы Сары Тоқада, Сембек пен Қыздарбекте, Әбди мен Бегімсалда бар (мамандарға түсініктірек болуы үшін: оң бұраудағы қоңыр күйлер бұғалықта – «ре минорда», «соль минорда», бел сағалықта «ля минорда» тартылады). Итаяқ, Дайрабай, Аққызда таза қоңыр ладтағы күй жоқ, бірақ олар көңілге тиетін қоңырсазды интонацияны мажор ладымен де көркем бейнелей алғанын білеміз.
Біздің заманымызда, яғни ХХ-ХХІ ғасырларда далалық күйшілік дәстүрдің орнына жазбаша ноталы жүйе енгеннен соң дәстүрлі қоңырсаз күйлер тартылмай кетті. Тартылса да ол баяғы азат мазмұнынан тайқып, жеке бастың пәндәуи күйітіне, болмаса жас көңілдің әуезесі мен қызойнақ лирикасын жырлауға ойысып кетті. Қазіргі егемен заманымызда туған қоңыр күйлер де осындай халде, шыншылдығы болғанмен композициясы мен формасы қоңырсаздылықтан ада, байырғы сабыры мен салты сақталмаған, басар саусақтағы «діріл» (вибрато) мен домбыраның алқымын шірей тарту әдеті «Қоңырдың» әбден берекесін қашырғанын сырт көзден жасыру қиын. Осы үшін үйретуші ұстазды да, үйренуші шәкіртті де кінәлау қиын, өйткені, күй сабақтастығы бір үзілген жібек арқан секілді, жалғау бермейді. Осының бірнеше өзекті себебі бар. Кешегі аласапыран қазан төңкерісі, ашаршылық, репрессия, оның соңын ала ұрандатқан социалистік қоғамда қоңырсазды күй тартқан кісі «феодализмді көксеуші», «алашшыл» деп айыпталды, айдалды, атылды. Оның орнына жаңа заманның «қарышты қадамын», «социалистік индустрияның» өркенін жырлаған екпінді күйлер пайда болды. Жүйенің алдында жігері жасымаған ешбір өнерпаз қалған жоқ. Осы жерде қандай да бір ұлтқа деген махаббаттың соңы өліммен бітетін кер заманда қарсылық күйін толғаудан тайынбаған, таймаған күйшілеріміздің бірі – Әбікен Хасенов болғанына қайран қаламыз, «Қоңырдай» сұрапыл күйді шығарған соң қалайша атылып, айдалып кетпегеніне таң қалмасқа шара жоқ. Ол өз күйінің атын «Майдақоңыр», «Жайқоңыр» дегендейін ескіше салтпен әспеттеп жатпады, құйрық-жалы күзелген тұлдай, тек қана «Қоңыр» деп жалқы сөзбен атады, бұл оның күйдің ішіндегі сырды сұқ көзден жасырғандағысы болды. Күйші «Қоңырға» ешқандай ат қойып әйгілемей шертуі арқылы кезінде замандастарын бірқыдыру тіксінтіп алған көрінеді. Күйшімен жақын аралас болған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған игі жақсылар да «Әбікеннің мұнысына не жорық? Күйіне ат қоймағаны қалай болғаны?» деп таңданған екен деседі, онысы «Әбікеннің күйі неге социализмді жырламаған, неге жасампаз өмірге лайық ат қоймаған?» дегенге саяды, себебі ол кездегі рухи туындылардың бәрі жүйенің ығына жығыла шығарылатын болған.
Көзі тірісінде қолына домбыра ұстағанды өзіне тең көрмеген дара күйшінің өмірі де, шығармашылық тағдыры да әлі күнге дейін көпке ашылмаған сырлы сандық күйі келе жатыр. Әбікеннің шығармашылығы туралы кімдер қалам тербемеді? Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Уәли Бекенов, Тәкен Әлімқұлов, Жүсіп Алтайбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Өмір Кәріп, Кәмел Жүнісов... Рас, күйтанымға, ғылымға ересен бағалы осынау еңбектердің бәрінде Әбікеннің асқақ тұлғасы, шалқар сазгерлігі, азаматтық мінезі жақсы суреттеледі. Керек болса күйшілігімен қатар оның қазақтың маңдайалды актері болғаны, сахнада сансыз кейіпкерлерді сомдағаны, сол үшін үкіметтен алған мәртебе-марапаты да зерттеушіліктің қырағы көзінен тыс қалмаған. Бірақ, осынау ғылыми ізденістерді өзара салыстырғанда күйшінің тіршілігіне қатысты келтірілген деректер шатысып-бұтысып бір уәжге тоқайласпайтыны байқалады, өкіндіреді. Әбікеннің туған жылы жайлы өмірбаян да орнықты емес. Сондықтан қазіргі таңда Әбікен Хасеновтің кейінгі ұрпаққа қалдырған күй-мұрасы да толық талданды деп кесіп айту қиын.
Қазақтың ұлы күйшілерінің бірі, Тәттімбет мектебінің озық өкілі – Әбікен Хасеновтің өмір сүрген кезеңі – зарзаман емес, керзаман болды. Оның кіндік қаны тамған жер – қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ортау, Қызылтаумен жапсарлас Жалпақ тауының көркем баурайы. Осы Жалпақтың етегіндегі Қаратал өзенінің бойында ел жайлауға көшкен мамыражай уақытта дүниеге келген. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге», Хасеннің Әбікені ошағынан от, қазанынан құт кетпеген, айбынды, шынжыр балақ, шұбартөс әулеттен еді. Ол қазақ-жоңғар соғысында аты шыққан көзсіз батыр Таңыбайдың шөбересі, сондықтан бабасының әруағын сыйлаған елдің мейіріне қанып, бұла боп өсті. Атасы Көпбай ел сұраған би болды, болыс болды. Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы Алшынбай төбе билік құрғанда Көпбай Өскенбайдың Құнанбайымен бірге Қарқаралының аға сұлтандығына таласқа түскен екен, ел аузында «Алшынбай құдасы болған соң Құнанбайға бүйрегі бұрып, Көпбайға басу айтып еді» деген аңызға бергісіз әңгіме қалған. Ал енді өз әкесі Хасен болса ұлының ел қатарлы білім алуына, өнерлі, өнегелі болып өсуіне қамқор болды, ауыл медресесінде оқытып зердесін ашты, тектіден текті саралап, Қареке Нұрлан байдың қызы – Күлше сұлуды айттырды...
Әбікен домбыраны немере ағасы Мақаштан үйренеді. Мақаш болса Арқаның аты шыққан күйшілері – Қыздарбек, Сембек, Әбди, Ақмолда, Ахметжандармен үзеңгілес болған, бойына біткен өнерімен маңайына қадірі асқан дарынды домбырашы болды. Мақаш Әбікенге Абылайдың заманынан бері тартылып келе жатқан өзі білетін халық күйлерін түгел үйретеді. Ендігі жерде Мақаш Әбікеннің қабілетін әрі қарай ұштау мақсатымен інісін Қыздарбек, Әбди, Сембектердің қасына қосып, шалқар күйшілердің өнегесіне баули бастайды. Сол кезде атақ-абыройы Тәттімбеттен кем түспеген Шұбыртпалы Итаяқ күйшінің қолынан қуат кетіп, кәрі бүркіттей қартайған шағы екен деседі, ағасы Мақаш Әбікенді Итаяқтың алдына алып барғанда, жас күйшінің шалымын көріп разылықпен ақ батасын берген екен дейді, ел естелігі. Әбікеннің өмірі мен шығармашылығын терең зерттеген жазушы Кәмел Жүнісов Әбікенге бата берген Итаяқ емес, Қыздарбек екенін айтады, себебі сол уақыттарда Итаяқ күйші дүние салған, ал енді елдің «Итаяқтан бата алды» дегені Итаяқтың өзі болмаса да көзіндей болған төл шәкірті – Қыздарбекті айтқаны екен. Итаяқ пен Тәттімбеттің күйлерін таңнан-таңға толғайтын ірі күйші Қыздарбек те ол кезде біраз жасқа келіп қалған, Әбікен оны тікелей ұстаз тұтқан. Осылайша Қыздарбектей алыптан күйдің далалық мектебіне еркін сусындаған Әбікен ендігі жерде Тәттімбет күйлеріне құлаш ұрады. Сол заманда Тәттімбеттің күйін түгесе тартпаған домбырашыны ел өнерліге санамаған, «қырық буын қосбасарды» тарауымен, нұсқасымен игеру екі домбырашының бірінің қолы жете қоятындай іс болмайтын. Әбікен қалың Қаракесек ішіндегі Тәттімбеттің көзін көрген, жолын ұстанған әйгілі ізбасарларының бәрінен дерлік үлгі алды, аяғында өзі де бармағына күй үйірілген әйгілі дәулескерге айналды, топқа түскенде менмін деген талай домбырашыны ықтырған әлеуетін елі көрді, сүйсінді, осыдан кейін-ақ «Домбыраға тіл бітірген Хасеннің Әбікені» атанды.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласына «Қызыл қырғын – Кеңес үкіметімен» бірге бейбіт жатқан елге зор дүрбелең келді, ел жақсыларының көзін жою, халықтың малын тәркілеу сияқты ала нәубет елді әбден тұралатады. Арқадағы еліне беделі жүрген атақты күйшілерге де жаппай аяусыз репрессия басталады. Шолақ белсенділер оларға «ескілікті насихаттаушылар» деп жала жауып, шетінен сотсыз-сұрақсыз қыра бастайды. 1928 жылы Сармантайдың Ахметжаны, 1930 жылы Кәрібек, 1931 жылы Әбди мен Сембек секілді атақты күйшілер атылады. Осы оқиғадан кейін өзін де жай қалдырмайтынын сезген Әбікен Қарқаралы, Семей жаққа қашады, одан жылыстап Қызылжарға жеткенде НКВД-ның қолына түседі. Әбікенді «саяси қылмыскер» ретінде 1931 жылдың күзіне қарай тұтқындап, Қызылжардан Ақмоланың абақтысына айдап жібереді. Осында бір жылдан астам қамақта болған Әбікенді абақты жендеттері босатып, еліне жібереді. Осы оқиға туралы да ел ішінде әртүрлі аңызға бергісіз әңгімелер қалды. Бір аңыз былай баяндалады, Әбікеннің түрмені күңірентіп күй тартқанын көрген абақты басшылары: «Өнерлі екенсің, басыңа азаттық бердік, біз сені көрген жоқпыз, сен бізді көрген жоқсың, еліңе қайт!» деген көрінеді. Енді бір аңызда: «Әй, Әбікен, байтал түгілі бас қайғы болды, ел аштан қырылып жатыр, өлсең обалыңа қалмайық деп сені жөніңе жібергелі отырмыз, түн ауа түрмеден қашып шық!» деген екен дейді. Содан қамақтан босаған Әбікен Ақмоладан жаяулап жолға шығады. Туған ауылына жеткенде жаппай аштан қырылған елді көреді, өзінің әйелі – Күлше, одан өрбіген Жаһанша мен Дәлелхан атты ұлдары, Шапи мен Баяу дейтін қыздары аштан бұралып өлген. Әйтеуір артынан ерген жалғыз қарындасы аман екен, соған шүкірлік етеді. Қарындасын ертіп жансауғалап, ырзық берер ағайын іздеп шұбырынды жолға жаяу түседі. Содан бірнеше күн жол жүріп рулас апайы Кіпияны (атақты әнші Гүлбаршын Ақпанованың үлкен анасы) тауып алады. Аштық өтіп кеткен екеуін Кіпия бір жыл күтіп бағады. «Өлмеген құлға болды жаз» дегендей аштықтың беті қайтқан соң, 1934 жылы Әбікен қарындасын елге қалдырып, өзі Алматыға аттанады.
Алматыға Әбікен Сәкен Сейфуллинді сағалап барады. Оның мәнісі былай, Сейфолланың Сәкені бозбала шағынан Әбікенмен жақсы араласқан, бір жағы ағасы Мақаштың әйелі осы Сәкеннің жақын апасы еді, сондықтан екеуін жақындастыратын құдандалық жол тағы бар. Тағы бір себеп, екеуінің де кезінде өнерпаз болып ел көзіне қатар түскендігі еді. Сәкен ақындығымен қатар күйді де тәуір шертетін. В.А.Затаевич қазақтың әні мен күйін жинағанда Арқаның шертпелерін осы Сәкеннің орындауында жазып алған болатын, сондықтан оның домбырашылығы Әбікеннен аспаса да Әбікеннің қасында жүрген жігіт-желеңдердің тартысына жетеқабыл болатын. Сонымен қатар Сәкен жас кезінде Әбікен ауылындағы Мұстафаның Бәһрам атты қызына ғашық болады, қатар құрбы болған соң Әбікен де Сәкеннің сойылын соғып біраз әуреге түскен екен. Кәмел Жүнісовтің дерегінде Сәкеннің «Тау ішінде» атты әні осы Бәһрам сұлуға арналғаны жазылады. Сәкен Әбікенді жақсы қарсы алып, қамқор болып оны жаңадан ашылған Қазақ драма театрына (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры) әртістік қызметке орналастырады. Әбікен осы театрда өмірінің соңына дейін қызмет етті. Бұл саладағы еңбегі еленіп мемлекеттік марапаттар та алды. Қазақтың театр өнерінің іргетасын қалаған аға буын өкілдерінің арасында Әбікен Хасеновтің есімі де құрметпен аталады, оның актерлік шеберлігі театртанушылар тарапынан айтылмай қалған кезі жоқ.
Театрда қызметте жүргенде Әбікеннің алапат күйшілігі Алматыға жайылды. Оның өнеріне композитор Латиф Хамиди қатты қызықты. Тәттімбет шертпелерін Әбікеннің орындауында нотаға түсіріп кейбірін оркестрге де жазды. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінің бірінші тарауын орындады. Кейін Әбікеннің орындауындағы Арқаның күйлері радиодан да жиі беріле бастады. Сол кезде Мәскеуден келген халық музыкасын жинаушылар Әбікеннің орындауындағы күйлерді өздерінің орталық қорына жазып алып жүрді, соңында Тәттімбеттің «Саржайлау», «Сылқылдақ» сияқты туындыларын патефонға арналған күйтабақ ретінде шығарды да. Дегенмен, ол Әбікеннің шығармашылығын толық қамтитындай әрекет бола алмады, себебі патефонға арналған бір күйтабаққа бір немесе екі ғана шығарма жазылатын. Осыдан кейін қазақ зиялылары Әбікен мұрасын жинастыруды қолға алды. Әбікеннің күйлерін Мәскеудегі архивтен алып, күйтабаққа жазылуына тікелей ықпал еткен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев пен фольклортанушы Жарқын Шәкәрім болды. Бұл туралы Жарқын аға мынадай естелік айтады:
«1975 жылдың бір күні Рахманқұл Бердібаев аға: «Бала, етің тірілеу көрінеді, Мәскеуге барып Әбікен Хасенов орындаған күйлердің күйтаспаларын алып кел» деп қолыма ақша ұстатып, мені Мәскеуге жіберді. Сол жылдары күй деген қасиетті музыкалық жанрымыз шертпе күй, төкпе күй деген екі тараумен екіге айырылып, енді жұртшылықтың кешеулеп қалған шертпе күйді дамытамыз десіп, шертпе күйдің бастауында тұрған Әбікен Хасеновтің күйтабағын шығару қажет болған тұсы еді. Мен Мәскеуден келгенше Рахманқұл Бердібаевтың өзі Қазақ радиосында сақталған 5-6 күйді, Әбікеннің бұрын күйтабаққа шыққан бірді-екілі күйлерін жинастырып қойған екен. Мен Мәскеуден Әбікен орындауында белгісіз жатқан оншақты күйлерді әкелдім. Сүйтіп Рахманқұл Бердібаев екеуміз Әбікен орындауында таспаға жазылып қалған 17 күйді жинап күйтабағын шығардық. Бұл жаңалықты жергілікті «Вечерная Алма-Ата» 1975 жылдың 30 желтоқсан күнгі санына «На одном диске» деген ақпарат мақала жариялап елден сүйінші сұрады.
Әбікеннің күйтабағының шығуы үлкен мәдениетімізге жаңа серпіліс әкелді. Жас күйшілер буыны Әбікенше тартуға талпынды. Шертпе күйдің еңсесі көтерілді. Әбікеннің таспалары киноқұжаттарға, көркем және деректі фильмдерге пайдаланылды. Әбікен мәнерінде күй шертіп елді елең еткізген – Ермұрат Үсенов болды. Ол «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концертмейстері және жеке орындаушысы болып қызмет еткен жылдары Әбікеннің орындаушылық дәстүрін белсенді түрде насихаттады. «Қоңыр» күйінің үлкен концерт сахналарына шығуы, халқымен қайта табысуы да Ермұрат Үсеновтің еңбегінің жемісі еді.
Әбікеннің «Қоңырды» шығаруына байланысты ауызша-жазбаша деректер әртүрлі. Бір деректе Әбікен бұл күйді ашаршылық жалмап кеткен сүйген жары мен төрт баласын жоқтап шығарған деседі. Екінші бір деректе Сәкен атылғанда қайғыға түсіп шерткен деп айтылады. Үшінші деректе 1958 жылдың 22 ақпанында Сәкеннің ақталғаны туралы Қазақстан КПОК шешімі шыққанда жан досын есіне алып, егіліп отырып шерткен еді дейді. Тағы бір деректе Әбікен өз елінің Шәкен деген қызын алып, одан Ермек деген баласы дүниеге келгенде қатты қуанып, осы «Қоңырды» арнап тартқан дейді. Жазушы Жүсіп Алтайбаев, этнограф Ақселеу Сейдімбек сияқты зерттеушілеріміз «Қоңырдың» шығу баянын бірқыдыру сипай жазды. Бірақ екеуі де нақты оқиғасын тап басып көрсетпеді, оның себебі араға уақыт сына қағып көп нәрсенің көзден таса болуынан, күйші мұрасына қатысты нақты дәлелдердің аз болуынан деп ойлаймыз. Осы орайда сәкентанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспановтың мәліметі назар аудартады. Ол өзіне дейінгі зерттеушілердің жұмыстарын салыстыра келе «Қоңырдың» нақты Сәкенге шығарылғаны туралы мына деректі жазады:
«...Алайда, бұл күмәнімізді Рымжан Мәжиткызы Сейфуллина апамызбен арада болған мына әңгіме сейілтті. Бұл жаңа деректі мен Рымжан апайдың өз ауызынан 25 ақпан 2009 жылы Астана қаласы Сәкен Сейфуллин мұражайында жазып алған едім:
– 1958 жылдың жаймашуақ жаз айы болатын. Мен онда Ауылшаруашылық институтының доценті кезім, кафедраға сұңғақ бойлы, жасы алпыстарды еңсерген, ат жақты, бәденді, ел ағасы кірді.
– Мен Әбікен Хасенов деген ағаң боламын, айналайын! – дегенде орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, іштегі шер мен көрген қорлықтың зардабы болар, жылап жібердім. Ағай жұбатып әлек, кұлағыма сыбырлап:
– Жүр, далаға шығайық, әңгіме бар, - деді, мен соңынан ердім. Көшеге шыққан соң жан-жағына сақтықпен бір қарап алды да:
– Мен Сәкенге арнап күй шығардым, аты - «Қоңыр», – деді. Мен сасқанымнан:
– Куә бар ма? – деппін. Аға үнсіз басын изеді де:
– Жүсіп Алтайбаев, Исал Ахметовтер (үйінде қонақ болғандар – С.К.) – деді. Содан соң Жүсіп ағаймен хабарластым.
– «Бұл туралы» неге жазбайсыз? – дедім.
– «Жазамыз ғой, заман кішкене тынышталсын», – деді. Ол кез әлі де болса зобалаңның ызғары басылмаған кезең еді ғой. Бұл күйдің міне осындай тарихы бар балам, - деп Рымжан апай ауыр күрсініп әңгімесін аяқтады».
(Оспанов С. Сәкен қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятының жанашыры. Монография. 25-бет. «Жасыл Орда» БҮ. Астана-2014).
Рымжан Мәжитқызы Сейфуллина айтқан осы әңгімені тарқата түсетұғын болсақ, Сәкенге арналған азалы күйдің құпия сырына қанық адамдар – Жүсіп Алтайбаев, Исал Ахметов, Оспанқұл Шахажанов, Тұрсын Сыздықов. Олардың күйді жарияламай сырын шашпауының себебі де белгілі, яғни замана бұлты әлі толық сейілмеген кезең оларды сескендірді, Әбікеннің басын қырсық шалмасын деді, бір дерек жазуға да қолдары бармады. Осыдан кейін күй тарихына сергек қарайтын Ақселеу Сейдімбек те хатқа түспеген жайды қаузамай, «заманның ауыртпашылығы басына түскен соң шығарылған» деп тізгінін тартады.
«Қоңырдың» көңілге қонымды шежіресін белгілі жазушы Кәмел Жүнісов баяндайды. Әбікен бұл күйді «Қайран, азаматтар-ай!» деп атап шерткені туралы нақты деректі Кәмел аға бірнеше информатордың аузынан жазып алған. 1937 жылы Сәкен «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанында үштіктің шешімімен атылғаны тарихтан белгілі. Кәмел Жүнісов Әбікеннің Алматыға барғанда ағайындай араласқан адамдары – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров болғанын, олар бірінен соң бірі ұсталғанда қатты қайғырып, осы күйді зарлата тартқанын жазушы, Әбікеннің үзеңгілесі – Жүсіп Алтайбаевтың өз аузынан естіген, жазып алған. «Атылған азаматтарға арнап едім» – деген сөзін естіген Жүсіп Алтайбаев: «Әбеке-ау, мынаны ешкім естімесін, оттан аман қалған азаматтарға зияны тиіп жүрер» деп шошып кетеді. Әбікен де осыдан кейін «Қайран, азаматтар-айды» тартпай кетеді. Кейін 1958 жылы Сәкен ақталған соң ғана радиоға жазуға тәуекелі барады. Күйтабаққа да күйдің атын атамай «Қоңыр» деп жаздырады. Ал енді кейбір жазбаларда қылаң беріп жүрген «Әбікен «Қоңырды» 1953 жылы Сталин өлгенде жоқтау күй етіп шығарыпты-мыс» дегендейін әңгімелер де бар, бірақ оның дерегі жоқ, дерегі жоқ болған соң қисыны да болмайтыны белгілі жай.
Әбікеннің нақты туған жылын анықтауға байланысты да күмән бар. Кеңес кезіндегі энциклопедиялық, википедиялық анықтамаларда, өлкетану әдебиеттерінде оның туған жылы 1897 жыл деген дата жазылған. Ал енді зиратындағы құлпытаста (Алматыда жерленген) 1892 жыл деп көрсетілген. Ақселеу Сейдімбек осы датаны негізге алды. Әбікеннің мерейтойына байланысты іс-шаралардың көбісі сол кеңес кезіндегі датаға сүйенеді. Әбікеннің 100 жылдық мерейтойы өзінің елі Ақадырда тойланды. Онда күйшінің мерейтой жасы 1897 жылғы есеппен атап өтілді. (Сол тойда аламан күй сайысы болды, бас бәйгені атақты күйші-композитор Дәулетбек Сәдуақасов қанжығасына бөктерді, одан кейінгі орын шеберлігі елді тамсантқан Орал Исатаевқа бұйырған болатын, бұл екі күйші де бұл күнде Әбікен мектебінің заңды жалғастырушылары болып аттары күй тарихына енді). Әбікеннің туған жылына қатысты екіұдайлықтың себебін Кәмел Жүнісов ағамыздан білдік. Жазушы ағамыз бұл Әбікеннің Сәкен арқылы театрға жұмысқа тұрған кезіндегі (1934) өршіп тұрған саяси мәселелердің әсерінен болған жайт деп түсіндіреді. Себебі Әбікеннің өмірбаяны пролетариат пен шаруаны төрге оздырған жаңа үкіметтің талабына сай болуы үшін Сәкеннің айтуымен «кедей шаруаның арасынан шыққан жалшы тұқымы» дегендейін жаңа қағаз толтырылып, қызыл құжат берілген. Осы құжатта белгілі себептерге байланысты туған жылы да өзгертілген көрінеді. Кейін Уәли Бекеновтің «Күй табиғаты» кітабына осы құжатқа сүйенген Әбікен туралы бір өмірбаяндық бөлім енді. Әрине, бұл болашақта энциклопедиялық деңгейде сарапталып қайта жөнделуге тиісті жағдай. Сонда өзінің нақты туған жылын есепке алсақ, онда биыл Әбікен Хасеновтің 125 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойлануға тиісті.
Әбікеннің қолтаңбасын нота жүйесіне алғаш түсірген - күйші, композитор Ермұрат Үсенов. Ол Әбікен репертуарындағы пластинкадағы Тәттімбеттің күйлерін тұтас жазды, формасын тапты, қағыстарын анықтады. «Саржайлау» атты хрестоматиялық еңбек жазды. Ермұрат Үсенов «Отырар сазы» оркестрінде жүргенде «Қоңырды» жиі орындағанын жоғарыда жаздық.
«Қоңырды» аудиотаспадан алғаш нотаға жазған әрі бірнеше күй жинақтарына кіргізген белгілі өнертанушы ғалым - Мұрат Әбуғазы. Мұрат сонымен қатар Әбікен репертуарын толық игерген орындаушы ретінде де аты елге танымал талантты өнер иесі.
Әбікеннің күй қорында Арқаның әндері де бар, оны күйге барабар көркемдікпен өңдеп шерткен. Бұл аудиожәдігерлер күйші театрда актер болып еңбек етіп жүргенде спектакльдерді көркемдеу мақсатымен шықса керек. Бұл әндерді нотаға түсіріп, жинаққа жариялаған осы мақаланы жазып отырған пақырларыңыз.
Бір заманда Әбікеннің орындаушылық мәнері мен мақамы жойылып кете жаздады. Әбікенше домбыраны «бал бұрап» тартуды «кәсіби домбырашылық машыққа келмейді» деп ешкім әуес етпеген кездер болды. 1988 жылы Алматыға Қарағандыдан атақты күйші Дәулетбек Сәдуақасов барып Әбікенше күй толғағанда зиялы қауымның қуанышында шек болған жоқ, үлкендер көзіне жас ірікті. Дәукең өзінің шығармашылық ғұмырында Әбікеннің жолын жалғастыруға аянбай тер төкті. Қазіргі кезде жас күйшілер Әбікен мәнерімен күй төксе ол сөз жоқ, Дәулетбек күйшінің еңбегі. Замандық-сахналық орындаушылық мәдениетке келгенде Әбікеннің «Қоңырын» күйдің ішіне кіре шертіп, Алашқа даңқын асырғандардан Қазақстанның халық әртістері Мағауия Хамзин мен Қаршыға Ахмедияровты ерекше атап өту парызымыз. Олар осы күйді үлкен сахналарда орындап дүние жүзін аралады, тыңдарманның алғысына бөленді. Әділдік үшін айта кетуіміз керек, осы аталған екі күйшінің екеуі де академиялық орындаушылық жолдың өкілдері болғандықтан, күйдің оригиналына өз жандарынан тәсіл қосып шерткендері рас, яғни, күйдің әуенін өздерінше өңдеп орындады.
Әрине, «Қоңырды» төлтума мазмұнымен нәшіне келтіре орындаушылардың көбісі – Сарыарқа күйшілері, оның ішінде Қарағандыдан шыққан шертпе күй шеберлері. Әбікен дәстүрін мықтап сақтап қалған өлке - Шет, Ақадыр, Жаңаарқа. Қазіргі кезде шертпе күйдің абызы атанған Фазыл Тұтқабековтің орындаушылық дәргейіне баратындай ешкім шыға қойған жоқ. Қарағандылық Қалкен Қасымов та күйдің ішкі трагизмін тамаша бере алады, топырағына тартып шертуге бейім-дарыны мол өнер иесі.
Бірақ, әлі күнге дейін Әбікеннің «Қоңырын» интонациялық, дыбыстық жүйеде дәл келтіре алған ешкім жоқ екенін зор өкінішпен айтамыз, қоңырсаздың алдында дәрменсіз екенімізді еріксіз мойындауға мәжбүрміз. Бізден бұрын өткен аға буын күйшілер де «Қоңырының құпиясын таптым» демеді. Күн өткен сайын Әбікеннің күйі күрделеніп бара жатқандай, қағысы алдырмайды, сазы шалдырмайды. Әсілі, Әбікен ішкі сырмен қоса «Қоңырдың» құпиясын да өзімен бірге ана жаққа ала кеткен сияқты. Ғазиз басы «Қоңырдан» опа көрмеген соң арттағыға залалы тимесін деп, ұрпаққа амандық тілегені сол болар, ұлұғ күйшінің.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Күйші