Бұл жолы байқаудың «Парасатты отбасы» аталымымен үшінші орынды Денисов ауданындағы Аят ауылында тұратын Мақаевтар отбасы ие болды. Ғалым ағай мен Қарлыға апай он бір бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да еңбекте, өмірден өз орындарын тапқан, балалы-шағалы. Отбасының ортақ иігілігіне айналған шаруа қожалығын жас келсе де Ғалым ағайдың өзі басқарады. Олар «көп балалы отбасының қуанышы көп, қиындығы жоқ, өйткені бірлесіп көтергеннен кейін, бірлік болғаннан кейін ауырлық ешқашан білінбейді» дейді.
«Өнегелі отабсы» аталымымен берілетін екінші орынға Сарыкөл ауданында тұратын Мишенковтар отбасы ие болды. Юрий мен Екатерина алты бала тәрбиелеп отыр. Отағасы да, отанасы да
«Аманжол-Агро» шаруашылығында жұмыс істейді, алтын астық өндіреді. Ал балалары шетінен жақсы оқиды, тәртіпті, айналасына үлгі. Гір көтеру спортымен айналысатын Василий Мишенков тек облыс, аудан ғана емес, еліміздің намысын дүодүлді жарыстарда қорғап жүр.
«Мерейлі отбасы» аталымымен байқаудағы бірінші орынды Амангелді ауданында тұратын Мұхдахановтар отбасы лайық деп шешілді. Бұл көп балалы ғана емес, аты Қостанай-Торғай өңірінен асып, республикаға белгілі өнерлі отбасы болып саналады. Айтбай мен Ханзада
Мұздхановтар 4 бала тәрбиелеп өсірді, немерелер өсіп жатыр. Айтбай ағаның 36 жасында өндірістік жарақаттан бір қолын кесуге тура келді. Қиындықтар болмай қалған жоқ. Жігерлі кісі домбырадан бәрі бір қол үзбеді, қазір 60 күйдің, 40 әннің авторы. Қызы Анар Астанада белгілі күйші. Ұлттық байқауда бірінші, екінші орын алған отбасыларға150 мыңның, ал бірінші орын алған Мұздахановтарға 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Олар маусым айында Астанада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына облыс атынан барады.
Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ