Аймақтар • 28 Мамыр, 2017

Қандастар келген Майқайың, жақсы ма қазір жағдайың?

753 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жилплощадка, Ленин, Киров, Советов, Фрунзелер кетті! Төрлет, Достық, Тәуелсіздік, Сарыарқа, Баянауыл, Бәйтерек!

Қандастар келген Майқайың, жақсы ма қазір жағдайың?

Баянауылдың Майқайың кентінде 9 мыңдай халық тұрса, 3-мыңдайын елге оралған қандастарымыз құрап отыр. Ағайындардың ортаға келуі – кент тірлігіне рухани өзгеріс әкеліп, мектебінде бала санын көбейтіп, мәдени өмірі де жайнап сала берді. Өздері алыстан аңсап жеткенде бөтен атаулардың жүректерін ауыртып, қаншама жыл мәнін түсіне алмай жүрді. Сондықтан, кент әкімдігі көшелердің атауын ауыстыру жөніндегі ұсыныстарға орай, барлық тұрғындармен кездесулер өткізді. Қазақ жерінде, қазақ елінде тұрып өткеннен қалған қызыл атаулармен өмір сүрудің уақыты өтті.

Енді кенттің көшелерінде бәленбай жыл өмір сүрген бұл қызыл атаулардың орнына енді Шәкір Кенжебаев атындағы, Достық, Тәуелсіздік және Кенші деген туған атаулар беріледі. Мысалы, Шәкір Кенжебаев ағамыз кезінде "Майқайың-Алтын" кен-байыту комбинатында көп жыл еңбек еткен кенші. Сонымен бірге, Ленин, Спортивная, Лермонтов, М.Горький, Р.Люксембург, Тельман, Жилплощадка көшелері – Астана, Сарыарқа, Баянауыл, Бәйтерек деп жаңарып, жаңғырады.

Сөйтіп, рухани оянған, елім, жерім деген тұрғындардың көше атауларын ауыстыру бойынша осындай өршіл ұсыныстары аудан әкімдігіне жіберілді. Аудан басшысының қаулысы шыққан соң облыстық ономастикалық комиссия қарайды. Ономастикалық комиссия біздің қазақтың Сарыарқа, Астана, Бәйтерек, Тәуелсіздік деген ұлы ұғымдарына жарқыратып жол ашып берері сөзсіз. Кент әкімдігінің хабарына қарағанда, қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталды. Олай болса, алдағы жаз айындағы мерекелердің бірінде жаңарған, жаңғырған көше атауларының қуанышын бірге атап өтеміз, -дейді тұрғындар.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан

Павлодар облысы,