Қазақстан • 29 Мамыр, 2017

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жасалмақ

566 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде өткен іргелі шараның бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» жобасын жүзеге асыруға қатысы бар мамандардың форумы. Оған еліміздің бүкіл облысынан өкілдер қатысты.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жасалмақ

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» − Елбасының Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында жасалған ауқымды жоба. Жобаны үйлестіруші – Мәдениет және спорт министрлігі болғанда, оны орындаушы  – Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы. Жобаны жүзеге асыру үшін орталықта Хангелді Әбжанов, Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Александр Гаркавец, Меруерт Әбусейітова сынды әр саланың білік­ті ғалымдарынан құрылған жұмыс тобы жасақ­талғанын  атап өту қажет.
Форум барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны жүзеге асыру барысында осы уақытқа дейін еліміз бойынша киелі жер ретінде 100-ден аса нысанның тізімге алынғанын, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енген тарихи және мәдени ескерткіштердің бар екенін атап өтті. Министрдің сөзінен ұққанымыз жобаның жоспарына сәйкес «Киелі жерлер географиясы» ретінде 500-ге жуық нысан белгіленбек. Яғни, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға кіргізу көзделуде.  Сол үшін аймақтармен бірлескен ақпарат жинау жұмысы жүріп жатыр.
«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу ор­та­лығының директоры Берік Әбдіғалиев жиын барысында жобаның тұжырымдамасы жасалғанын атап өтті. Ол бойынша ең алдымен киелі нысандарды іріктеудің өлшемдері болуы тиіс, сондай-ақ, оларды жобаға кіргізу үшін әдіс­теме жасалу қажет.
«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы – діни жоба емес. Сондай-ақ, таза ғылыми жоба деп те айтуға келмейді. Өйткені, жобаның саяси жағы да бар.  Меніңше, санамызды дамыту үшін, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру үшін жұмыс атқару керек. Бұл бізге сырттан келіп жатқан жат идеологияларға қалқан болып тұру үшін қажет, деді ол.
Б.Әбдіғалиев тізімге енген ескерткіштердің немесе басқа да нысандардың отандастарымыздың рухани дүниесін байытуға қызмет ету керектігіне  мән берді. Ол үшін жобаны жүзеге асыру барысында насихат жұмыстарына көңіл бөлінетінін, оның ішінде кітаптар шығарылып, мерзімді баспасөздерде материалдар жарияланып, бейнероликтер түсірілетінін атап өтті.  Сондай-ақ, бүкіл Қазақстан бойынша экспедициялар ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың негізгі қағидаларының бірі – кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу, материал жинақтау. Биыл елімізде алты бағыт  (Оңтүстік, Солтүстік,  Шығыс, Ба­тыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс)  бойынша ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын өткізу жоспарланған.

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,