Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде әйелдердің орны Еуропа және Шығыс қоғамына қарағанда, жоғары болған. Әйелдер отбасының сақтаушысы, балалардың анасы әлеуметтік рөлін орындағаны сөзсіз, бұл ретте қажет болған жағдайда қолына қару алып, ерлермен бірге өз отбасын және Отанын қорғаған.
Қазақ әйелдері ерте жастан өзіндік дене дайындығынан өткен – қыздарға ат үстіне отыруды, епті және күшті болуды үйреткен. Ер балалармен бірге ат жарысы – бәйгеге қатысқан, сонымен қатар, «қыз қууда» олар негізгі қатысушылар болған.
Тарихта көптеген жарқын жауын-
гер қыздардың болғаны мәлім. Әсіресе, айқын мысал ретінде сақ патшайымдары Томирис пен Заринаны, Малайсары және Қабанбай батырлармен бірге жоңғарларға қарсы соғысқан Гауһарды, ағасы Кенесары ханмен бірге соғысқан Бопайды келтіруге болады. Неғұрлым жақын уақытта болған мысалдар – пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ақима Ақжолова және басқа да Ұлы Отан соғысына көптеген қазақстандық әйелдер қатысқан.
Әйелдердің қаһармандығы осы күнге де жетті. Бүгін нәзік жандылар үшін әскери мансапты құру және Отанымыздың толық құқылы қорғаушылары болу үшін мүмкіндіктерге жол ашылған. Мысалы, Израильдегідей әскери қызметке шақырылуға міндетті болмаса да, қазақстандық қыздар өз еріктерімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына кіреді.
Қазіргі уақытта Қазақстан армиясында ерлермен қатар әйел әскери қызметшілердің үлкен жасағы – әскери қызметшілердің жалпы санынан 12 %-ға дейін, оның ішінде офицерлер құрамы қатарынан 5 %-дан артығырақ («полковник» әскери атағына 14 әйел ие), қатардағы жауынгер және сержанттар құрамдары қатарынан 15 %-ға дейін, ал азаматтық персонал арасында – жартысынан көбі өз әскери борыштарын орындауда.
Қазақстандық қоғамда армиядағыдай гендерлік теңдік қағидаты қатаң сақталады, сондықтан әйелдерге армияда ешқандай жеңілдік жоқ, қызметте бірінші кезекте олар – алдында бірқатар маңызды тапсырмалар тұрған әскери қызметшілер.
Әскери қызметтің қиын жағдайларына және үлкен жауапкершілікке қарамастан, еліміздің Қарулы Күштеріндегі әйелдер ерлермен қатар мансаптық сатымен жоғарылап, жоғары басшылық лауазымдарды атқарады. Қазіргі уақытта екі әйел Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары болып табылады (ҚР ҚМ Бас қаржы инспекциясының бастығы, полковник Жанат Досқарина, ҚР ҚМ Білім және ғылым департаментінің бастығы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Төлембаева), сондай-ақ, 12-сі Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың бөлімдері (бөлімшелері) және басқармалары бастықтарының лауазымдарын атқарады.
Одан басқа, 2016 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жергілікті әскери басқару органдарының тарихында тұңғыш рет әйел офицер полковник Гауһар Сырлыбаева Алматы қаласы Алатау ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің көптеген әскер түрлері мен тектерінде нәзік әйелдер қауымының өкілдерін көруге болады. Армияда жыныстық белгісіне қарай «жауынгерлік емес» және «жауынгерлік» лауазымдарға бөлу деген жоқ. Егер әйел иығына погон тақса, онда ол өте жауапты тапсырмаларды орындайды.
Мысалы, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінде әйел әскери қызметшілер ерлерден қалыспай тәулік бойы жауынгерлік вахтада тұрады, корабль экипажы құрамында тапсырмаларды орындайды. Осылайша, бас старшина Жанар Ыбыраева әскери корабльде қызмет атқарады және Каспий маңы мемлекеттерінің флотында қызмет атқаратын алғашқы әйел әскери қызметші болып табылады.
Қазақстан армиясында қыздар тек қана медбикелер, байланысшылар және іс жүргізушілер ғана бола алады деген пікір жойылған. Бүгін Отан қорғауда мерген, барлаушы, планшетші қыздар және басқалары тұр.
Әйелдер өздерінің міндеттерін табысты орындайтынын мойындау керек, мұны олар әртүрлі халықаралық конкурстарда көрсете біледі. Жыл сайын әскери қызметші әйелдер «Достастық жауынгері» әскери-кәсіби шеберлік конкурсына белсенді қатысады, ол биыл Халықаралық армиялық ойын-
дар бағдарламасына енгізілген. «Достастық жауынгері» халықаралық конкурсының жеңімпазы және бірнеше мәрте жүлдегері 85510 әскери бөлімінің кіші сержанты Людмила Губареваны қазақстандық армияның жарқын әйел өкілдерінің бірі деп есептеуге болады – 2014 және 2016 жылдары президенттік көпсайыс чемпионы, 2017 жылы биатлоннан ҚР ҚК чемпионы, «Достастық жауынгері» халықаралық конкурсында: 2015 жылы Қазақстанда жеке сынақта 1-орынға, 2016 жылы Қазақстанда жеке сынақта 1-орынды және Мәскеуде қазақстандық құраманың құрамында 3-орынға ие болды.
Қарулы Күштердегі қызметтің тағы бір аспектісі – бітімгершілік қызмет, оған Қорғаныс министрлігі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, оның ішінде бітімгершілік істерге қатысу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін мемлекеттің қорғаныстық саясатының маңызды құрамдас бөлігі деп қарайды.
Бұл бағытқа біздің әйелдер шамасы келгенше қатысады. Осылайша, 2009 жылдан бастап «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқу-жаттығу орталығындағы арнайы даярлық курс-
тарында 63 әйел әскери қызметші және ҚР ҚК қызметкері оқытылды. Қазіргі уақытта Қазақстан бітімгершілік бригадасында 100-ден астам әйел (оның ішінде 6 офицер) әскери қызмет атқарады.
Болашақта әйел әскери қызметшілердің әскери сарапшылар ретінде, сондай-ақ, бітімгершілік миссияларға қатысатын Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің құрамында БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу мүмкіндіктері қаралуда.
Алайда, әскери қызмет атқару жағдайларының күрделі болуына қарамастан, әйелдер кез келген жағдайда өздерінің нәзіктігі мен тартымдылығын сақтап қалады.
Бұған 2015 және 2016 жылдары Қарулы Күштерде әйел әскери қызметшілер арасында өткен «Батыр арулар» жобасы дәлел болып табылады. Өтінім берген сәттен бастап салтанатты рәсімге дейін қыздар нәзік әйел табиғатына сай келе бермейтін сынақтарды орындап, ұзақ жолды жүріп өтті. Олар қарудан нысана көздеді, граната лақтырды, барлық мүмкін болатын кедергілерді еңсерді, өзенді жүзіп өтті, қуатты жауынгерлік машиналарды жүргізді.
Нәтижесінде, жыл сайын кезекті сынақтардан өтіп, жауынгерлік әзірлігін, төзімділігін және күш-жігерін дәлелдеген 12 жеңімпаз анықталды. Соңында қыздарды кәсіби стилистердің қолымен көркем сипатқа ие болу және арнайы күнтізбе үшін фотосессия күтіп тұрды.
Әйелдердің Қарулы Күштердегі қызметте және еңбек қызметіндегі сіңірген еңбектері де назардан тыс қалмайды. Осылайша, қазіргі уақытта мемлекеттік наградаларға 12 әйел (олардың ішінде 2-еуі екі мәрте марапатталған) ие болды, әртүрлі уақытта мерзімінен бұрын кезекті әскери атақтар 24 әйелге берілді.
Әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделінің нығаюына салмақты үлес қосып жүрген әскери спортшы қыздар бар. Жеңіл атлетикадан жеңімпаз және Олимпиада чемпионы майор Ольга Рыпакованы қазақстандық армияның спорттағы мақтанышы деп еш күмәнсіз айтуға болады.
Халықаралық аренада АОСК спортшы қыздары қысқы спорт түрлерінен мол табыстарға қол жеткізді.
Биыл Алматыда өткен Универсиадада биатлонға қатысқан сержант Алина Райкова 15 шақырымдық жеке жарыста жеңіске жетіп, Қазақстанға алғашқы «алтынды» сыйлады. «Күміс» жеңіп алған Дарья Усанова аралас команда құрамында ерекше көзге түсті. Жапонияда басталған Азия ойындарында сержант Алина Райкова кезекті награда – қола медальға қол жеткізгенін атап өткен жөн. Ал шаңғы жарысына қатысқан аға сержант Елена Коломина осы материалды жазып жатқан кезде құрлықтық біріншілікте екі «алтын» және бір «қола» – наградалардың толық топтамасын жинап үлгерді.
Біздің қадірлі әйелдер қызмет атқаратын және еңбек ететін ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы қазақстандық жастарды Отанға сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісіне, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджінің нығаюына шамасы келгенше үлес қосуда.
Тарихи құндылықтарды жүйелі түрде жинау, музей қорын есепке алу және сақтау, жасақтау, сондай-ақ, Әскери-тарихи музейдің экспозициялық залдарын орналастыру бойынша қатардағы жауынгер Перизат Өтепова, Гүлсара Мұқашева, Карина Шериязданова сияқты тәжірибелі мамандар көп жұмыс атқаруда. Жоғары кәсіби шеберлік деңгейінде концерттік бағдарламаларды дайындайтын және Орталық ансамбльдің концерттерін Қазақстанда, сол сияқты мемлекетімізден шет жерлерде концерттерді ұйымдастыратын Ділбар Әмірова орталықтың көркемдік жетекшісі болып табылады.
Әйелдердің ғылыми қызметпен айналысулары да назардан тыс қалмайды. Бүгінгі күні Қарулы Күштердегі 21 әйелдің ғылыми дәрежесі бар, олардың ішінде жоғарыда аталған Айгүл Төлембаевадан басқа, екеуінің профессор ғылыми атағы және біреуінің доцент ғылыми атағы бар:
- ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, медицина қызметінің полковнигі Гүлпарида Байділдаева – гуманитарлық ғылымдар профессоры;
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің қызметкерлері:
- ғылыми хатшы Сайран Мұхаметжанова – тарихи ғылымдарының докторы, профессор;
- аға оқытушы Ядвига Радзицкая – педагогика ғылымдарының докторы, доцент.
Әскери қызметтің бүкіл шектеулері мен талаптары кезінде әйелдер отбасын, оның құндылықтарын сақтауға да уақыт табады – балаларымыздың мейірімді аналары бола біледі, өскелең ұрпақ тәрбиесін қамқорлыққа алады: шамамен 740 әйел әскери қызметші және азаматтық персонал қатарынан көп балалы аналар болып табылады, олардың 10-ы «Күміс алқа» алқасымен және 3-еуі «Алтын алқа» алқасымен марапатталды.
Сөз соңында бүгінгі күні әйелдерсіз қазіргі армияны елестету мүмкін емес екенін атап өткім келеді. Кейбір міндеттерді өздерінің психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне қарай ерлерге қарағанда, анағұрлым жауапты әрі тиімді орындайды, кейбір әскери кәсіптерді әлдеқашан таңдап, оларды атқаруда. Әйелдер анағұрлым күйзеліске төзімді және шыдамды болып саналады, жалпы, олар ерлерден кем қызмет атқармайды.
Талғат Мұхтаров,генерал-лейтенант,
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің
орынбасары