Медицина • 29 Мамыр, 2017

Сақтандыру жүйесіне сатылап енеміз

113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1996-1998 жылдары денсау­лық саласына ірі реформа ретін­де енгізіліп, экономи­ка­лық қиын­дыққа төтеп бере ал­маған­дықтан мұрттай ұшып, меселі қайтқан міндетті меди­ци­на­­лық сақтандыру жүйесін Денсау­лық сақтау министрлігі қайта жаңғыртқалы отыр.

Сақтандыру жүйесіне сатылап енеміз

Әрине, кез келген реформа – қоғам үшін қаупі зор бүйірден шыға келетін шалт қалтарыс, кенет кедергісі бар оқыс бұрылыс. Бұл бұрылыста біреулер бар жылдамдығымен жалт бұрылса да, еш жеріне зақым келтірместен, зу етіп өте шығады, енді бірі шеберлігіне сеніп, тежегішін басып, тоқтап жатпайды, бірақ майып болмас­тан, асқан ептілігімен еңсеріп кетеді, жылдамдығын асырып жанталасып келе жатқан тағы бірінің көлігі шыр айналғанымен, аман қалғанына ақсарбас айтып, тоқтаусыз жүре береді, ал төртіншісі үстіндегі жүгімен қоса аударылып, жантәсілім етеді немесе қайта ес жиып, аяғынан тұрғанша, басқалар әудем жер ұзап кетеді. Бейнелеп айтқанда, бұл реформадағы жарыстан мүдде үшін күш біріктіріп, адал жұмыс атқаратындар ғана жол тауып шығады. Өйткені, бұрын­ғы Кеңес Одағының құрамында болған он бес елдің он екісі бұл бұрылыстан аман-есен өте алмаған екен. Ке­дер­гілерге кездесіп, пайдасын бере алмай кеткен міндетті ме­ди­циналық сақтандыру ісінің қате­ліктерінен сабақ алып, екінші рет қолға алуды жөн санап отыр­ған ел Үкіметі бұл қадамын Қазақ­стан­ның сол уақытпен салыс­тырғанда, экономикалық, әлеу­мет­тік жағынан әлдеқайда еңсе тіктеуімен байланыстырып отыр. 
Жуырда С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универси­тетінде Алматы қаласының әкім­дігі, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі, Міндетті әлеу­меттік сақтандыру қоры, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы  мен мемлекеттік, жекеменшік ме­ди­­­циналық ұйымдардың қаты­суы­­мен «Қазақ­станда міндетті әлеумет­тік сақтандыруды енгізу – елдегі әлеу­­меттік саламат­ты­лық­тың стра­­те­гиялық басым­ды­лығы» атты конференция ұйым­дас­ты­ры­лып, жаңа жүйенің жұ­мы­сы талқыланды. 
Конференцияда Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов жаңа жүйеге көшу­дің себеп­тері, мақсат-мін­деті, қиындығы мен қажет­тілігі туралы әңгімеледі. Енгізілу жоспарланып отырған міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтан­дыру жүйесі бір жылда жүзеге аса салатын іс емес, ауқым­ды реформа болғандықтан, ал­ғашқы кезеңі биылғы жылдың 1 шілдесінен жұмы­сын бастап кетпек. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – ел тұрғындары денсау­лығының сапасын көтеру, емдеу тиімділігі жә­не дәрігер­лік қыз­меттің міндет­ті­лігі мен адал­дығын арттыра түсу. 
Денсаулық саласы бойынша қыруар міндет арқалап, емдеу ісі саласындағы маңызды қадам саналатын жүйеге көшу үшін алдымен халықаралық тәжірибені де зерттеп, озық-тозығы тегіс есепке алынды. «Дүние жүзі елдері­нің меди­циналық сақтандыру жүйе­лері қалай жұмыс істейді?» деген мәселе бойынша өткен жылы бірнеше халықаралық кон­­ференция өткізіліп, медицина мекемелері мен мамандары арасында талқылану негізінде Үкіметке заң жобасы табысталды. «Мәжілістің талқылауынан өткен заң жобасы медициналық сақтандыруға байланысты халық көкейіндегі күмәнді сейілтіп, бір­неше қолайлы өзгерістер алып келетініне сенім ұялатты. Гер­мания, Испания сарапшылары да қолдап, өз тәжірибелері негізінде көмек қолын созды», дейді министр Е.Біртанов. 
Конференцияға қатысқан Поль­шаның Бяла-Подляск қа­ла­сындағы әскери маман­дан­ды­рылған аурухана ди­рек­торы Дариуша Оленьски, Вильнюс университетінің профес­соры, Литва денсаулық сақтау экс-министрі Юозас Галдикас өз ел­деріндегі міндетті медициналық сақтандыруды қабылдау ке­зін­дегі қиындықтарды еске түсіріп, тәжірибелерімен бө­лісті. Мысалы, поляк елінің әрбір тұрғыны меди­циналық сақ­тандыруға жал­ақы­сының 9 пайызын аударады. Қазақстанда қа­былданатын жаңа заңға сәйкес, 1 қаңтар­дан бастап жұмыс істе­мейтін адамдар, яғни балалар, бала күтімімен отыр­­ған әлеу­меттік топ және мүмкіндігі шек­теулі адамдар, зейнеткерлер үшін мемлекет есебінен 3,75 пайыз төлеу басталады. Жұмыс істей­тін азаматтар жалақысының 1 пайызын аударуға 2019 жыл­дан бастап міндеттеледі. Ал жұ­мыс берушілер биылғы жыл­дың шілдесінен 1 пайыз жарна төлеуді бастайды. 2021 жылдан бастап қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етушілердің де, жұ­мыс істейтіндердің де аударатын жарнасын 5 пайызға дейін көтеру межеленген. Яғни, жаңа жүйе­ге сатылай өту әдісі сынақ­тың тиімділігі мен төзімділігін арттыра түспек. Шет мемлекеттер­дің көп­шілігінде төленетін жарна 9 бен 15 пайыздың мөлшерін құрайды. Төлем мөлшерлемесі жеке адамның қалтасына салмақ салғанымен, медициналық қорға түскен қаржы көлемі ұлғайған сайын тұрғындар медицинаның барлық саласы бойынша емдеу мен оңалту шараларына қол жеткізіп, денсаулығы үшін ең соңғы жоғары технологияны пай­далану мүмкіндігіне ие бола­ды. Е.Біртанов ел экономи­касы дамып, қорға түсетін қар­жы мөл­шері артқаннан кейін қосымша жаңа медициналық қызмет түр­лері енгізіліп, амбулаториядан бері­летін дәрі-дәрмек түрінің көбе­йетініне сендірді. 
Ал Міндетті әлеуметтік меди­ци­­налық сақтандыру қоры­ның ат­қарушы директоры Зами­ра Оразалиева бұл жүйенің тиімді­лігі мен менеджменті туралы сөз қозғап, қордың атқаратын жұ­мы­сына тоқталды. Оның ай­туын­­ша, 2018-2019 жылдарға ай сайын жарна мөлшері мемлекет үшін 5 029 теңге, жұмыс берушіге 2 281,6 теңге, жеке кәсіпкерге 2 828 тең­ге, тұрғындарға 1 414 теңге етіп белгілеу ұсынылған. 
5 сәуірден бастап медицина­лық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында МӘМС енгізу үшін «Емханаға тіркел де – өз мәртебеңді анықта!» атты халық­ты емханаларға бекіту науқаны басталған болатын. Себебі, азамат бір қалада, ауданда тұрады, бірақ басқа мекенжай бойынша тіркелген. Мұндай жағдай­да медициналық қызмет көрсетуге байланысты қиындықтар туын­дауы мүмкін. Бұл үшін қала емханалары бекітілген жері мен медициналық сақтандыру жүйе­сіндегі мәртебесін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сондай-ақ, әр азамат электронды цифр­лы қолтаңба немесе бір рет­тік парольдің көмегі­мен «e-gov» «электронды үкі­мет» порталы ар­қылы МӘМС жүйесіндегі өз мәр­тебесін анықтай ала­ды. МӘМС енгізу бәсекеге қаб­ілетті ортаны әрі қарай дамыту­ға ықпалын тигізеді, өйт­кені па­циент медициналық көмек алу үшін меншік түріне қара­мастан медициналық ұйым­ды өзі таңдайтын болады. Алматы қала­сында жекеменшік меди­ци­на­лық ұйымдардың саны көп, осыған байланысты үлкен бәсе­­ке­лестік туындайды, қала ұйым­дарын ынталандыруға мүм­кін­дік береді. Аталған жүйе бәсе­ке­лестік ұйымдар қызметін жетіл­діруге және медициналық қыз­мет­тердің сапасын арттыруға жете­лейді. Жекеменшік және мем­лекеттік медициналық ұйым­дарда көрсетілетін медици­на­лық қызметтердің сапасына, халықтың жүгіну сипаттамасына МӘМС қорының мамандары монитринг жасап отырады. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ