Өңірдің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай беташар сөзінде жылдағы дәстүр бойынша оразаның бірінші күні Алла Тағаланың жердегі үйінде атап өтілетінін атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айжарбек Сапаров аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтау лебізін жеткізді. Сапура қажы Тәшенова, Зейнолла қажы Олжабаев, тағы басқа да сөйлеушілер ұлық мейрамның адамдарды мейірімділкке жетелейтін ізгі қасиеттеріне кеңінен тоқталды.
Қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан жеке кәсіпкерлер Адай Жанбатырұлы мен Әскер Аманжолұлына алғыс хаттар табыс етілді.
Құран аяттары оқылып, шариғат ілімдері насихатталды. 95 жастағы қария Сапар Дүйсенов жиналғандарға ақ батасын беріп, елімізге бейбітшілік, тыныш өмір тіледі.
Келесі жылы орталық мешітте ұйымдастырылатын ауызашардың міндетін «Қазмяспродкут» ЖШС-нің басшысы Дияр Серікұлы өз мойнына алды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»