Әжеміздің әкесі Әділ деген кісі ақ патша заманында-ақ Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, мұсылмандық парызын адал атқарыпты. Қанжығалының Қылшар атасынан тарайтын әжеміз Мәрия сөзге жүйрік, ақынжанды, ертегі мен шежірені мейлінше жетік білетінін біз бала кезімізден көріп өстік. Оның үстіне жас күнінен намазға жығылғасын бес парызын мүлтіксіз орындайтын.
Әжеміздің жалғыз туған ағасы Құдабайдан үш қыз, бір ұл болыпты. Солардың ішінде көп мехнат көрген, аумалы-төкпелі кезеңде «халық жауының» жұбайы атанған Сағадат Құдабайқызы туралы көпшілік біле бермейтін біраз жайды тілге тиек етейік.
«Туған елім өзіме түрме болды» деп қатты кейіген қазақтың бір асыл қызы еді ол. Сағадат Алматыда оқып жүріп теріскейдегі Қызылжардан келген Қайсар есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Иә, ол Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитовтың нақ өзі болатын.
Балаң бозбала кезінде әкем Сәлкен нағашыларының шақыруымен ақбас Алатаудың етегінде жайғасқан әсем қала Алматыға барады. Бұл шамасы 1935 жылдың тұсы болса керек. Шат-шадыман өмірді, әсіресе, басы қырауланған тауларды көрген әкемнің бала көңіліне Қайсар ағамыздың сөзі де ерекше қанат бітіріпті:
– Оқуыңды жақсы оқы. Сені алда бұл қалада көптеген игі істер күтіп тұр. Соны есіңде ұста! Қиялы құстай самғаған жас өреннің қуанышы бірақ ұзаққа бармады. Себебі, оның алдынан «оқу түгіл бас қайғы болған» заман шықты.
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин ұсталған жылдары, яғни отыз жетінің қоңыр күзінде Қайсар Тәштитовке де НКВД-ның кеудемсоқтары келіп, үйінің астан-кестеңін шығарады. «Шаш ал десе – бас алатындар» еңіреген жасқа да, кәріге де қарамапты.
Апамыз Сағадат Құдабайқызына оның күйеуі Қайсар Тәштитовтың жақыны әрі жерлесі болып келетін қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов әдейі жолығып: «Тез арада еліңе қайт, әйтпесе, сені де ұстайды» деп хабар береді. Тағы бір жақын араласқан кісісі – Күләш Байсейітова болған. Арғынның ағайынды Қанжығалы – Тобықтыдан тарайтын ұрпақтары бір-біріне қиын-қыстауда да сүйеу бола білген. Күләш апамыз Қайсар жездеміздің 1938 жылдың 17 наурызында атылғанын анық біліп, Сағадатқа Алматыдан дереу кетуін ескерткенімен, оның ізін суытпай келгендер кінәсіз жанды Алматының абақтысына апарып қамап үлгереді.
Бір айдың ішінде Сағадатты жалаң айыппен комсомол қатарынан, соңын ала «Социалистік Қазақстан» редакциясындағы жұмысынан шығарады. Ол кезде жоғарыдан түскен нұсқауға кімнің шамасы келсін? Сағадатты Алматыдағы тас қамауда 3 ай бойы тарықтырғаннан кейін оны этаппен әуелі Семей, кейіндері Новосібір, Красноярск қалаларының түрмелерінде біраз жылдар бойы ұстайды.
Жасы 23-тен жаңа асқан, бірақ басына түскен тауқымет ауыртпалығын көп көрсе де ол өзінің сүйіктісі – халқымыздың ардақты азаматы бола білген Қайсар Тәштитовке нақақтан тағылған айыптардың бірде-біреуін мойындамады. Етінен ет кесіп алса қыңқ етпейтін жаны сірі берік кісі сондай болар. Қайсар атына заты сай білімді азамат болғанын біздің үйдің үлкендері де жиі айтып отыратын. Тілге жүйрік, іске мығым азаматты мәскеулік басшылар да үнемі құптап отырған. Тіпті, Ресей аумағында жұмыс істеуге көңілдерін аз білдірмепті.
Қайсардың асыл жары Сағадат Құдабайқызы Ақмоланың 26-шы нүкте аталған «АЛЖИР» лагерінде Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзизамен, Бейімбет Майлиннің – Күнжамалымен, Темірбек Жүргеновтың – Дәмешімен, Нұрмақов, Асфандияров пен Қожановтың, сондай-ақ, Кеңес Одағының маршалдары Егоров, Гамарник пен Тухачевскийдің жұбайлары әрі апа-қарындастарымен 11 жыл бойы бірге ауыр азапты күндерді басынан кешірді. Ресейдің атақты әншісі Лидия Русланова да осы лагерьдің дәмін татты. Оған: «Жұртқа айтқан әніңді бізге де шырқап бер» дегендер кездескен. Бірақ сөзге тапқыр өнерпаз: «Торда ән салған бұлбұлды кім көріпті?» деп беттерін қайтарып тастаған. Соғыс кезінде Берия оны босатып, әскердің жігерін көтеруге әнші-бишілер тобымен майдан даласына аттандырады.
Жалпы, Кавказ, Украин, Москва, Прибалтика елдерінен әкелінген 70-ке жуық ұлт өкілдері көппен бірге НКВД-ның ерекше кеңесімен кесілген жазаларын толығымен өтеді. Жалаңаш көлінің қоға-қамысын олар қыста отын орнына жұмсады. Себебі, жазық далада одан басқа ештеңе өспейтін.
Бұл қаралы кезеңнің «жазықты» болғандардың туыс-жақындарына аз көлеңке түсірмегені белгілі. Сағадат апамыздың әкесі Құдабай Әділұлының Ақмоладағы жүріс-тұрысы, жалпы тіршілігі, қарым-қатынас жасайтын жақын-жұқындары алдымен қара тізімге енді. Біздің үй де үнемі «сезіктілер» қатарында жүрді.
– Біреумен сыр бөлісу, жақын тартып әңгімелесу деген мүлдем әдеттен шығып қалды, − дейтін еді әжеміз Мәрия өткен шақтарын өкінішпен еске алғанда. – Сылаңдап өскен, табиғатынан сұлу Сағадат абақтыдан 1948 жылдарға таман ақталып шықты. Құр сүлдері қалған бауырымды құшақтап жылағаным, өлгенім – тіріліп келгендей күй кешкенім өмірі ұмытылмас сірә.
«АЛЖИР» тар қапасының тұтқындары бостандыққа шығарылса да толық ақталмады. Заңды тұрағы Алматы қаласы болғанымен оған жақындауға сол кездері қатаң тыйым салынды. Сол себепті, апай көңілі қалса да Ақмолада біраз жылдар тұрып қалады. Тек 50-жылдардың екінші жартысында Қайсар Тәштитов толық ақталғаннан кейін ғана оған республика Бас прокуратурасынан арнайы қағаз келіп, ол Алматыға қайта қоныс аударуға мүмкіндік алады.
1991 жылдары еліміз Егемендік алған кезде, алматылық жазушы Армиял Тасымбековке берген сұхбатында ол «АЛЖИР» лагерінде ерте солған қызғалдақтар – жазықсыздан жазаларын өтегендер жайлы сыр ашыпты.
– Балам, шындықты жазыңдар, ұрпақ білетін болсын. Бұл менің өтірігім емес, көзім тірі кезінде айтқым келген шындығым, – деп қайта-қайта айта беріпті.
Бұл аталмыш мақалада «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінің» («АЛЖИР») бір кездегі бастығы М.Юзипенко Сағадат апамызды Алматыға іздеп барып: «... Маған абақтыда көп қиянат жасадың деген айып тағып жатыр. Тергеушілердің алдында ақтайтындай қолхат жазып беруіңізді өтінемін» деп жалынғаны да ашық жазылыпты.
«АЛЖИР» лагерінде әйелдер қара жұмыспен қатар, жаңадан ашылған фабрикада әскери киім тігуді үйренеді. Мысалы, 3,5 мың тігіншісі бар фабрика 1942 жылы 1 млрд рубль таза пайда түсірген.
Германиямен басталған соғысқа сұранғандардың ішінде біздің нағашы апамыз Сағадат та жүрді. Дегенмен, Сталин «халық жауларының» жұбайларына сенім көрсетпеді. Қазақтың кең жазира даласында ауыр жұмыстар істесе де олар абақтыдан қашуды мүлдем ойламапты. Үміттері – тірі жүрген жақындарына көлеңке түспесін дегендері екен. Ақыры бұл дала түрмесі Сталин өлген 1953 жылы біржолата жабылды.
1989 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, Социалистік Еңбек Ері И.Шарфтың арнайы шақыруымен Сағадат Құдабайқызы Тәштитова Малиновкада көзі тірі «АЛЖИР» тұтқындарының арнайы жиынына қатысады. Жасы 80-ге таяған 20 кісінің жолақысын, тұрағы мен тамағын ірі кәсіпорын басшысы өзі мойнына алды. Бұл олардың соңғы басқосуы болды. Бірақ, сол жолы олар тіршілікте көрген мехнаттарын біржолата кино таспасына түсіріп кетті.
Осы айтулы оқиғаға орай, Иван Иванович жан-жағы түрменің үшкір сымдарымен оралған «Жарылған қызыл жұлдыз» ескерткішін қойып, «Саяси тұтқындар аллеясының» тұсаукесерін жасағаны – Одақ басшылары ортасында аз дүрбелең туғызған жоқ. Шарф сол үшін тиісті органдарға түсініктеме беруге Алматыға бірнеше мәрте барғанын көпшілік ұмытқан жоқ.
Егеменді ел болған алғашқы кезде туған жердің қуанышын бөліскен жанның бірі – Сағадат Құдабайқызы Тәштитова бүгіндері тірілердің санатында жоқ. Оның қайсар мінезі, таңдаған азаматына деген адалдығы, заман тезіне салса да – сынбаған өршіл мінезі мен рухы өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өшпес өнеге деп білемін.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығына сәйкес 31 мамыр – елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл қасіретті басынан аяғына дейін көргендер үшін емес, келер ұрпақ болашағына бірінші кезекте қажет тарихи маңызды шара болмақ. Себебі, адамзат атаулының мұраты қашанда бейбіт өмір болған. Алаңсыз мамыражай тұрмыстың мақсатын жете түсіндіру – бүгінгі біздердің міндетіміз. Біздің халқымыздың тар жол тайғақ кешу жолдары – әрбір ұлтжанды азаматтың санасында жарқырап тұрса деймін. Өсер ел баласының бұл оқиғаларды ұмытпайтынына мен кәміл сенемін.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
АСТАНА
Суретте: (соңғы кездесуден көрініс) Сағадат ТӘШТИТОВА мен Социалистік Еңбек Ері Иван ШАРФ