Аймақтар • 29 Мамыр, 2017

Қызылордада «Бала дауысы» ән байқауы өтті

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекуден бастау алып, Өскеменді орай өтіп, Алатаудың баурайына аялдап, Тараз бен Шымкентте жалғасын тапқан «Бала дауысы» ұлттық ән байқауы Сыр елі – жыр еліне де жетті. Дарынды, талантты жастың бұлақ көзін ашатын еліміздегі ең ірі жобаға Қызылорда облысынан жүзден аса талапкер қатысып, бағын сынады.

Қызылордада «Бала дауысы» ән байқауы өтті

Соңғы қоңыраудың естілер күні Ақ­мешіттегі Асқар Тоқмағамбетов атын­дағы мәдениет үйінің іші баланың шат күлкісіне толып кетті. Сарайдың әр жерін­де тамағын керней ән салып, әуенді құбыл­та шырқаған дауыстан құлақ тұнады. Бар­лық бала қобалжулы. Өйткені, қазір сах­наға көтеріледі. Соның қорытындысы бо­йынша республикадағы маңдайалды байқаудың финалына өтіп, бағын сынайды. Өнерпазды үлкен сахнаға шығарып, эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқауға жол ашатын осындай байқаудың алдында бала жүрегінің атқақтамауы мүмкін емес еді.
Сырдың бойын жайлай жатқан сүлейлер елінде небір талантты балалар бар. Оларды тек көру керек. Ал «Бала дауысы» – осындай өрендердің бағын ашатын байқау. Қазақстанның 16 қала­сын­да өтіп, ең соңында кіл мықтының арасынан шын мықтыны анықтайтын сайыстың өзгелерден бәсі жоғары. Әлия Назарбаева жетекшілік ететін «Жандану әлемі» қорының бастамасымен өмірге келіп, бүгінде ел арасында үлкен қолдауға ие болып отырған байқауға  Арал мен Жаңақорғанның арасын еншілеп жатқан елдің өнерге ынтық барша жастары қатысты десек те болатындай. Айтпақшы, «Бала дауысы» алдына  ешқандай коммерциялық мақсат қоймаған жоба. Яғни, балалардың үстінен ақша тауып, жырлап қалуды мұрат тұтпайды. Қайта балалар шығармашылығын дамытып, оларға барынша қолдау білдіріп, музыкалық білім алуына кең өріс ашуды көздейді. 
Сонымен, Қызылордада өткен бай­қауда Назерке Шәмбілова жеңіске жетті. 12 жас­тағы Назерке жарысқа Байқоңыр қала­сының атынан қатысқан. 7 жасынан бас­тап вокалмен айналысқан. Соңғы екі жыл­да бимен де кәсіби түрде шұғылдана бас­таған. «Назеркенің әртістік қабілеті өте жоғары екен. Дауысы да әдемі. Өзін­дік мәнері бар. Әнді жақсы сезінеді. Сах­на­да өзін еркін ұстайды. Енді Назерке екеу­міз­дің мақсатымыз да, арманымыз да ортақ. Барлық күш-жігеріміз бен білім-білігімізді қазан айында «Алматы Аренада» өтетін Гранд-финалды ұтуға арнаймыз», дейді қызылордалық өнерпаздың тәлімгері, «Алау» тобының әншісі Әсет Арыстанбек.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығуы заңды дүние. Сондықтан, қызыл­ор­далық өнерпаздар да Назеркенің жеңі­сіне қуанып, алдағы үлкен жарыста сәттілік тіледі.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА