Аймақтар • 29 Мамыр, 2017

Рудныйдағы «Горняк» стадионын жөндеу жұмыстары басталды

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жөндеу Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) мен Қостанай облысы әкімдігінің 2017 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі өзара әріптестік туралы Меморандумның аясында жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі 42 млн теңге бөлді.

Рудныйдағы «Горняк» стадионын жөндеу жұмыстары басталды

1980 жылғы мәскеулік жазғы Олимпиадаға арнап салынған стадионды жаңарту сәуір айының соңында басталды. Қаланың ең басты спорт нысанындағы қазіргі жұмыстар уақыттың талабы және алда келе жатқан спорттық шараларға  байланысты. Себебі, мұнда тамыз айының басында жыл сайынғы облыстық «Тың-Целина – 2017» спартакиадасы мен 2018 жылы Еуразиялық Топ кәсіпорындары жұмыскерлерінің арасында корпоративтік жарыстар шеңберінде ІІ ERG спартакиадасы өтеді.

«2017 жылға ауқымды жұмыстар жоспарланған. Жүгіру жолында ұзындығы екі шақырымға жететін тартан жабындысы одан да сапалысына ауыстырылуда. Бұдан бөлек, баскетбол, волейбол алаңдары мен трибуналардағы барлық орындықтар жаңартылады. Жайлы пластикалық орындықтарға 1800-ден астам спорт жанкүйері сыйып кетеді. Алау құрылғысын да жаңғырту жоспарда бар. Себебі, олимпиадалық алауды жағу – кез келген жарыстың ажырамас бөлігі. Биыл дәстүр бойынша спорт атрибуты қатысушыларды жеңіске жетуге шабыттандыратын болады», дейді «Горняк» жастар спорт клубының директоры Эдгар Акопян.

ERG өз қызметін бастаған күннен бері Қазақстандағы саламатты өмір салты мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын әкімдіктермен жасалған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара әріптестік туралы Меморандумның аясында спорт жобаларын қолдауға қомақты қаржы бөлінеді. Соңғы бес жылдың өзінде  (2012-2016 жж.) Еуразиялық Топ Қостанай облысына 5 млрд теңге инвестиция құйған.

«Рудныйдағы ірі спорт нысанын жаңарту – ERG-дің «Туған жер – Родные города»  бастамасымен қолға алынған стратегиялық бағытының жарқын дәлелі мен жемісі. Ол Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан аймақтарды кешенді түрде дамытуды қамтамасыз етуге арналған. Соның ішінде Қостанай облысы да бар. Әкімдіктермен бірлесіп қала тұрғындарының, біздің жұмысшылардың жайлы, әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қолдан келген бар шараларды одан әрі жасай береміз», деді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»