Жиналған көпшілік кешеннің конференция залында акамедик, ірі ғалым Әлкей Марғұланды ардақтаумен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа Бағдар: Рухани Жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасын талқылады.
Шараны ұйымдастырушылар – Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің мұражай қызметкерлері. Соған байланысты №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебаев пікірін білдірген еді.
«Біз 4 жыл бұрын Тәуелсіздік сарайында ғұлама ғалымға арналған республикалық көрме өткізген болатынбыз. Бүгін сол дәстүр жалғасын тауып Әлкей атамыздың ұрпаққа қалдырған аманатын жаңғырту , Елбасымыздың «ТУҒАН ЖЕР» бағдарламасын жастарға ұғындыру мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Өскелең ұрпақ өз тарихын, даналарын айырықша білуі керек, сонда біздің Мәңгілік Ел атану мұратымыз айқын, айшықты болмақ» деді, мектеп басшысы.
Сірә, ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың:
Әуелі қолдан келсе еліңді сүй
Елі үшін еңбек еткен еріңді сүй
Қағбаға тәуеп ету керек болса,
Кір жуып кіндік кескен жеріңді сүй.
деген өлең жолдары осындай дүниелерге арналса керек-ті.
Отырысқа Ербол Ісләмұлымен бірге, профессор Жамбыл Омарұлы, ЕҰУ Филология факультетінің оқытушысы Жұмағұл Сағынбай, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп мұражайының меңгерушісі Сәуле Жұмабекқызы және осы білім ұясының оқушылары қатысты. Іс-шара соңында өнерлі өрендер ән айтып, өлең оқып өз өнерлерін ортаға салды.
Еске сала кетсек, жуырда «Атамекен» қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай қайта жаңаруына байланысты ашылу салтанатын өткізбек.
Азамат Мәуленұлы