Аймақтар • 29 Мамыр, 2017

ЭКСПО-2017: «Жаужүректен» дәм татыңыз

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілер атыраулық аспаз Гүлжан Шәкімова дайындаған тағамнан дәм татады. Өткен жылы республикалық аспаздар байқауында жүлдегер атанған ол осы маңызды шараға қатысуға мүмкіндік алды.

ЭКСПО-2017: «Жаужүректен» дәм татыңыз

«Жаужүрек» деп аталатын тағам ірі қара малдың жүрегінен дайындалады. «Ертеде жауға аттанып бара жатқан ер азаматтарға аналарымыз осы асты әзірлеп берген,  - дейді Гүлжан Шәкімова. – Құнарлы, тойымды тағам, әрі ұзақ сақталады. Адамға күш-қайрат береді. «Жаужүректі» жасау үшін сиырдың немесе жылқының жүрегіне түрлі дәмдеуіштер қосылады».

Индер ауданындағы балалар шығармашылығы орталығында еңбек ететін Гүлжан Шәкімова қазақтың ұлттық тағамдарының сан түрін дәмді дайындайды. «Өкініштісі, ұлттық ас-ауқатымыздың кейбір түрлері ұмытылып барады. Таза, табиғи өнімдерден дайындалатын ұлттық тағамдар ағзада жақсы қорытылады, денсаулыққа пайдасы зор», - дейді ол. Аспаз өзі дайындаған «Жаужүрек» «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілердің көңілдерінен шығатынына сенімді. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ