Ғалым тарихшылардың есебі бойынша, КСРО көлемінде 1926-1940 жылдар аралығында 19 млн 840 мың адам «халық жауы» ретінде ұсталып, осылардың 7 млн-ы атылған. Одан кейінгі Ұлы Отан соғыс жылдарындағы сатқындарды жазалау, 1952-54 жылдары ұлтшылдыққа қарсы көтерілген науқан, барлығын қосқанда 32 млн адам жазалауға іліккен. Осылардың 10-12 млн-ы қандай бір жағдаймен өлтірілген.
Қуғындалған халық жаулары жайлы социолог-ғалым Г.Батыгин өзінің «Обоснование научного вывода в прикладной социологии» атты кітабында: «Сталиннің қуғын-сүргін саясаты КСРО құрамындағы халықтардың алдыңғы зиялыларын қырып, өзінің саясатына қарсы жауларды жеңді. Олар өз халықтарының тарихын, дәстүрлерін сақтау үшін күрес жүргізгендер еді»,дейді.
Кеңес елінде жаппай жүргізілген қудалау, қазақ зиялыларында айналып өткен жоқ. 1926 жылдың желтоқсан айында өткен БК(б)П-ның Қазақстан Өлкелік Комитетінің ІІІ пленумы қазақ коммунистерінің арасында, атап айтқанда, республиканың жауапты партия және кеңес қызметкерлерінің қатарында алашорда идеологиясынан қол үзбеген адамдар бар деп көрсетіп, оларды «оңшыл» және «солшыл» ауытқушы ұлтшылдар деп айыптады.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «Алаш идеясына топтасқан ұлтшыл зиялыларды Кеңес билігі қатаң бақылаудың астында ұстағаны соншалық ОГПУ бір жылда 4 дүркін Сталинге есеп беріп отырған»,- дейді.
Осы ұлтшылдардың басшылары ретінде: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітқали Меңдешев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин т.б. қазақ азаматтарының есімдері аталып, оларға қарсы, «идеялық күресті күшейту қажет» екендігі айтылды.
1930 жылы ОГПУ-дың орталық басшылығы өзінің ортаазиялық бөліміне «Қазақ зиялыларының қуғандау» жөнінде арнайы тапсырма береді. 1927 − 1932 жылдар аралығында Алаш зиялылары үстінен екі дүркін жүргізілген сот процесі қазақтың серкелерімен біржола саяси есеп айырысудың, яғни, оларды талқандаудың алғашқы қадамы болатын.
1937 жылғы сталиндік қудалаудың алғашқы легіне де қазақ зиялылары бірінші болып ілікті. Айналасы оншақты күнде лауазымды қызметтегі азаматтардың 560-ы дереу атылды. Бұлардың ішінде: Жоғарғы Кеңес төрағасы Құлымбетовтен бастап 8 министр, Орталық партия Комитетінің 5 хатшысы, 4 меңгерушісі, бюро мүшелері түгелдей, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасарлары, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары, 14 облыстың атқару комитет төрағасы, 13 обком хатшысы, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері атылып кетті.
Репрессияға қатысты мәліметтер жинақталған тарихшы Талас Омарбековтің «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» атты көмекші оқу құралындағы деректерге жүгінсек: 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылған қазақ азаматтары Одақ бойынша білімі бар, қызмет істеп жүргендер ішінде орташа есеппен грузиндерден 2 есе, орыстардан 3 есе, татарлардан 4 есе, ал өзбектерден бақандай 5 есе көп болған екен
1994 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін» очерктер тізбесінде: «1937-1938 жылдары 135 мың қазақ зиялысы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылды» делінсе, «Лениншіл жас» газетінің 1988 жылғы 1 қазан күнгі санында, 1937-1938 жылдардағы жазалау кезінде 66 мың адам жапа шегіп, 22 мың азамат атылып, 44 мыңы түрмеге жабылғаны жайлы мәліметті демограф ғалым Мақаш Тәтімов келтіреді.
Тіпті халық жауларын әшкерелеп, жою үшін облыстарға арнайы лимит бекітіп берген. Бұл жағдай Қазақстанда да қайталанған. 1937 жылдың желтоқсан айының бірі күні республика басшысы Левон Мирзоян өзі қол қойып Сталинге жолдаған хатында: «Бізге бірінші категория бойынша 8 мың, екінші категория бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит толық пайдаланылып, 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін екі категория бойынша тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз», делініпті.
Жаппай қуғын-сүргін 1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, 1950 жылдардың басында қайта жалғасты. Оған қазақ ғылымының қаймақтары: Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Исмайылов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов... т.б. ілікті. Ғылым Академиясының президенті, бүкіл әлемге белгілі ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев пен жазушы Мұхтар Әуезов сынды халқымыздың көрнекті ұлдарын қызметінен айырып, республикадан кетуге мәжбүр етті.
Қазақтың қайраткер ақыны Қадыр Мырзалиев өзінің естелігінде: «Отызыншы жылдардың ойраны хақында ондаған, тіпті жүздеген материал оқыдым. Бір ғажабы – қуғын көрген, қамауға алынған бір де бір дәлдүріш, ақымақты кездестіре алмадым. Керісінше, асыл азамат, аяулы аруларды аяусыз аластау кезінде әлгіндей дәлдүріштердің бәрі Сталиннің жандайшап жендетіне айналған. Талантты тұлғаларды таптап, жаныштауды кімдерге тапсыруды Сталин жақсы білген», деп нақты тарихи шындықты келтіріпті.
Халықтың сорпа бетіне шығар қаймақтары айдалып, атылып, ел басына ауырлық түскен зобалаң жылдары ел арасында:
Аспаннан түскен жасын-ды,
Жасынға тіктім басымды,
Теңізден маржан сүзгендей,
Теріп бір алды-ау асылды.
Қаптай да көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, о, жалған,
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, о, жалған, - деген зарлы жоқтау айтылыпты.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»