Оған облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер, қаржы институттарының, қоғамдық бірлестіктердің және бизнес өкілдері қатысты. Форумның мақсаты – мүгедектікке душар болған адамдардың табысты бизнесін, олардың кәсіпкерлік қызметтерін мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалпы аймақ тұрғындары арасында кеңінен насихаттау болып табылады.
Форум міндеттері:
-мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге мақсатты демеушілік көмек көрсетуде бизнестің, мемлекеттік органдардың, табысты кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың мүмкіндіктерін пайдалану;
- мүгедектерге алғашқы қомақты капиталсыз-ақ өз ісін ашуға болатынын көрсету, табыс пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
- мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау;
- мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың ықтимал инвесторлармен және атқарушы орган өкілдерімен өзара іс-қимылы;
- табысты кәсіпкерлердің тәжірибесімен алмасу, бизнес жүргізуде тәлімгерлердің көмегіне сүйену;
- Жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыру.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өз сөзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Даму-Аймақтар» бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін 1,4 млрд теңгеге келісімге қол қойылғанын және облыс кәсіпкерлері бес жылға 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алатынын атап өтті. Сондай-ақ, барлық кәсіпкерлерді осы бағытта іске асырылып жатқан бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.
-Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің қызметі барлығына, әсіресе тепсе темір үзетін, бірақ масылдық көзқарастан арыла алмай жүрген жастарға үлгі болуы қажет,-деді Қ.Көшербаев.
Форум барысында мүгедек кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, табысты жобалардың тұсаукесерлері жасалды. Өткір мәселелер бойынша сарапшылардан салықтық кеңестер, мүгедектігі бар табысты кәсіпкердің шеберлік-класы және жұмысқа орналасу бойынша сарапшылар кеңестері мен «дөңгелес үстел» ұйымдастырылды. Форумда мүмкіндігі шектеулі 30 кәсіпкерге облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.