Технология • 30 Мамыр, 2017

«Ақылды ғимараттар»

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді санаулы күндерден кейін әлем назары Астанаға ауатын болады. Арқа төсіндегі елордамызда жаһандық айтулы шара – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі салтанатты түрде ашылады.

«Ақылды ғимараттар»

Бұл көрменің басты тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Соған байланысты көрмеде энергетика саласының заманауи жетістіктері мен балама қуат көздерін ашу, энергия үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану мәселелеріне байланысты озық технологиялар паш етіледі. Қазірдің өзінде ЭКСПО-2017 көрме қалашығында «ақылды қала» технологиясы бойынша энергетикалық жетістіктердің небір озық жобалары жүзеге асырылуда. Жақында нақ осы мәселелерге байланысты  Ұлттық компанияның атқарушы директоры – Жаңа технологиялар және ІТ департаментінің директоры Владимир Соболев баспасөз мәслихатын өткізіп, ЭКСПО қалашығында іс жүзіне асырылып жатқан «ақылды қала» жобаларын жан-жақты таныстырды.
Оның айтуынша, көрме ау­ма­ғында қолданылатын жо­ба­­лар­дың бірі «Ақылды энерго­жүйе­лер – Smart Grid» жүйесі бол­­мақ. Жүйе апатты жағдай­ларды жоюға жұмсалатын уақыт­ты азайтуға, жұмыс мөлшерін автоматты түрде таратуға, элек­тр энергия­сын жеткізудегі жүйе­лердегі шығынды 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін 50 қосалқы стансаны бір жүйе­ге бірыңғай орталықпен бірік­тіреді. Сонымен бірге, көрме қала­шығында алғаш рет іс жүзіне асы­рылып жатқан  «Ақылды жарық­тандыру» жобасы көрме аума­ғында жарық диодты шамдармен жабдықталған 1200 жарық беру бағанасын  қамтиды. Бұл жоба энергия үнемдеу технологиясына негізделген. Электр қуатын пайдалануды реттеу арқылы түнде шамдардың жарықтығын 10-20 пайызға дейін төмендетіп,  қосымша қуат үнемдеуге қол жеткізіледі. Алайда, жол бойында көлік пайда болса, жарық автоматты түрде қайтадан толық жанатын болады. 
Атқарушы директордың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесінің павильондары мен кеңсесінде «Ақылды ғимарат» технологиясы  енгізілген. Бөлмедегі адамдардың санына қарай желдету жүйесі автоматты түрде ауа беруді реттеп отырады.
«Көрменің жұмысы басталған кезде павильондарға адамдардың көп­теп келуі күтілуде, сон­дық­тан желдету, ауа баптау, жарық­тан­дыру мәселелері өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін ғи­мараттар мен павильондардың инже­нерлік жүйелерін басқаруды орта­лықтандыру көзделген. Ин­же­­нер­лік жүйелерді басқару­дағы энергиялық тиімді тәртіп ауа баптау, желдету, жылытуға кететін шы­­ғындарды оңтайландыруға жағ­дай жасайды», дейді Влади­мир Соболев.   
«Ақылды ғимарат» техноло­гиясы бойынша, тиімді ынты­мақ­тастық мысалы ретінде Ұйым­дас­тырушылар кеңсесі ғи­ма­ра­тындағы қызмет көрсету­шілермен ұялы байланыстың ұйымдас­ты­рылуын келтіруге болады. Қазақстанда алғаш рет ұялы байланыс операторлары  Бай­ланыс және ақпараттандыру коми­тетінің көмегімен байланыс қон­дырғылары мен жабдықтарын бірлесіп пайдалануға мүмкіндік жасап,  жабдықтар орнату мен коммуникацияларды өткізуді 4 есе қысқартты. 
ЭКСПО-2017  халықаралық мамандандырылған көрмесінен кейін кейбір арнайы жобалар қала балансына беріледі. Ұйым­­дастырушылардың пайым­­дауы бойынша, сөйтіп, көрме кеше­нінің нысандары жаңғыр­тылатын энергия көздерін қолдану, энер­гиямен қамтамасыз ету техно­логияларының одан әрі  дамуына негіз болмақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»