Парламент • 30 Мамыр, 2017

Кандидаттар ұсыну аяқталды

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Онда Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну кезеңінің аяқталу қорытындылары қарастырылды.

Кандидаттар ұсыну аяқталды

ОСК төрағасының атап өткеніндей, 2017 жылғы 28 сәуірден 28 мамырға дейінгі кезеңде республика бойынша Парламент Сенатының депутаттығына барлығы 89 кандидат ұсынылды. Бұған дейінгі – 2014 жылғы Сенатқа кезекті сайлауда 88 кандидат, ал 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған болатын. 
«Осылайша, Пар­ламенттің жоғарғы палата­сы­ның депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы үш сай­лау науқанында ұсыну қоры­тындылары бо­йынша бір сенатор мандатына орташа алғанда 5 үміткерден келеді, – деді Б.Имашев. – Осы жылы кандидаттардың көбі Астана қаласынан ұсы­нылды, ол 9 адамды, ең азы Шығыс Қазақстан облысында – 4 адамды құрады». 
Сенатқа қазіргі сайлау барысында өзін өзі ұсыну құқығын пайдаланған кандидаттар санының өсуі бай­қа­лады – 82 кандидат болып отыр. Сондай-ақ, өткен сай­лау науқандарымен салыс­тыр­ғанда ұсынуда әйелдер­дің белсенділігі 2,6 есе өс­кен. Ұсынылған кандидат­тар­дың ішінде 13 әйел, оның ішінде Астана және Алматы қалаларынан 7 әйел бар. 
Кандидаттардың орташа жасы 51,9 жасты құ­рай­ды. Ең жас кандидат 30 жас­та, үміткерлердің ішін­дегі ең үлкені 68 жаста. «Ма­ман­дықтары бойынша 26-сы инженер, 21-і экономист, 10-ы  оқытушы, тағы 10-ы заңгер, 9-ы  аграрлық сала­ның өкілдері, 5-уі дәрігер, 2-уі саясаттанушы және 6-уы басқа мамандық ие­лері, – деді ОСК басшысы. – Өз кандидатураларын қыз­мет­тегі 4 сенатор ұсынды. Ұсы­ныл­ғандардың ішінде 5-уі мәс­лихаттар депутаттары, 35-і коммерциялық құрылым­дар­дың қызметкерлері, 13-і мемлекеттік ұйымдар, кәсіп­орындар мен мекемелердің қызметкерлері, 23-і мем­ле­кеттік қызметшілер және 7-уі қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Қазіргі уақытта Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу рәсімі жалғасуда, ол осы жылдың 7 маусымына дейін жал­ға­сады».
Сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ұсынылған құ­жаттардың дұрыстығын тек­серу бойынша жұмыс жүр­гізуде. 28 мамыр­дағы жағдай бойынша об­лыстық, Астана және Ал­маты қалалық сайлау комис­сиялары Сенат депутат­тығына 62 кандидатты тір­кеді. Қазіргі уақытта Ор­талық сайлау комиссия­сына кандидаттардан екі шағым келіп түсті және оларға  сай­лау заңнамасының  ереже­лерін түсіндіре отырып, жау­ап берілді. Ал сайлау нау­қаны сайлау  заңнамасының талаптарына сәйкес өтуде және Орталық сайлау комиссиясының тұ­рақ­ты бақылауында.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»