Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты «Нотариат және адвокатура институттарын одан әрі дамыту және реформалау» тақырыбында өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік еткен отырыста негізгі баяндаманы Әділет министрі Марат Бекетаев, ал қосымша баяндаманы Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жасады.
Адвокаттық сала мен нотариат қызметінің түйткілді мәселелері және оны шешудің жолдары талқыланған жиында министр М.Бекетаев қазіргі кезде еліміздің 16 аумағында Республикалық адвокаттар алқасы жұмыс істейтіндігін атап өтті. Ал Қазақстандағы қорғаушылар корпусының жалпы саны төрт мыңға жуықтайды екен. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткішті ел тұрғындарының санына шаққанда нәтиже тым төмен болғандықтан, азаматтардың заңгерлік көмекке қол жетімділігі көңіл көншітпейтін көрінеді.
«Біздің қолымыздағы деректер бойынша, бүгінгі таңда бір қорғаушыға шамамен 3 900 азаматтан келеді. Мәселен, бұл көрсеткіш Италияда – 260, Германияда – 500, ал Англияда 900 адамнан түседі. Осы орайда адвокаттардың жетіспейтіндігі туралы мәселе Жоғарғы сотта да жиі айтылуда. Себебі, заңгерлік қызметке мұқтаж азаматтар оны тиісті деңгейде алмауда немесе қызметтің құны тым жоғары. Десек те, соңғы үш жыл ішінде қорғаушылардың саны біршама өсті, яғни шамамен 300 адамға артты», – деді М.Бекетаев.
Ал енді адвокат болудың тәртіп, талабын министрдің түсіндіруімен баяндап көрелік. Ол үшін азамат алдымен жоғары заңгерлік білімді меңгеріп, адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өтуі тиіс екен. Сонымен қатар, аттестацияны еңсеріп, қорғаушылар алқасы мүшелігіне енуі қажет. Бұл жерде тағылымдамадан өту ақылы және оның құны жылына 140-тан 280 мың теңге аралығын, ал алқаның құрамына ену бағасы өңірлерге байланысты, бастапқы жарна 700-ден 800 мың теңгенің шамасында екендігін айта кетейік. Заңға сәйкес, жарнаның мөлшерін анықтау облыстық адвокаттар алқасының құзырына тиесілі болса, осы арқылы адвокат мәртебесін алу үдерісі бірнеше күрделі рәсімнен өтуден тыс, 1 млн теңгеге жуық қаржы шығындауды қажет етеді. Марат Бекетаевтың айтуынша, қазіргі кезде Әділет министрлігі аталған мамандыққа қолжетімділікті жеңілдету мақсатында Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесе отырып, бастапқы жарнаны 100 АЕК-ке дейін (226 900 теңге) және тағылымдаманы айына 5 АЕК-ке дейін (11 345 теңге) төмендету мәселесін қарастырып жатыр екен.
Үкімет сағатында адвокаттық кеңсенің мәртебесін реформалау мен оны құру тәртібі, адвокаттық кеңсеге өз меншігіне мүліктік құқыққа ие болу мүмкіндігін қарастыру, нотариус пен адвокат кәсібіндегі тәртіп, нотариаттық палата төрағаларының ауысуы, мүшелік жарна мен тағылымдамадан түскен қаражатты пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер де талқыланды.
Қалай десек те, уақыт өткен сайын елімізде нотариалдық қызмет көлемі кеміп бара жатқаны баршамызға мәлім. Оның үстіне, технологиялар дамыған сайын, нотариалдық қызметке сұраныс азайып келе жатқаны да жасырын емес. Мәселен, бұл күнде қандай да бір оқиғалар мен фактілерді куәландырып, растау үшін нотариусты шақырғанша, мән-жайды видеоға жаза салу арзанға түседі. Болашақта осы тектес технология дами түседі, сондай-ақ, біздің азаматтық-құқықтық айналымда оның қолданысы тереңдей бермек. Бұл – тренд. Оған қоса, елімізде рәсімдерді жеңілдету процесі қызу қолға алынып жатқанын да ескермей болмайды. Нәтижесінде, нотариалдық куәліктің, құжаттар көшірмесінің және түрлі құжаттардың қажеттігі азайып келеді.
«Сондықтан да, осы күндері Әділет министрлігіне қарасты мүдделі ұйымдардың мамандарымен кеңесе отырып, нотариустар мен адвокаттардың жауапкершілігін күшейту; адвокатурада сақтандыру жауапкершілігі жүйесін енгізу, Pro bono жүйесін енгізу; нотариустар мен адвокаттардың біліктілігін арттыру; Е-нотариат жүйесін жетілдіру және нотариустарда тағылымдамадан өту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін қарастырудамыз», – деді М.Бекетаев.
Жоғарғы сот пен Бас прокуратура, Әділет, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері секілді өзге мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, сондай-ақ, нотариат және адвокаттық қоғамдастықтар палатасының өкілдері қатысқан жиында сұрақ-жауап пен талқылау қызу пікірталасқа ұласты. Әсіресе, депутаттар тарапынан айтылған сын, ескертпенің бірі қазақ тіліне қатысты болды. Депутат Сауытбек Абдрахманов әріптесі Магеррам Магеррамовтың сауалына Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгелдің берген жауабына өз наразылығын ашық білдірді.
«Депутаттың сұрағына жауап қайтара отырып, «хочу ответить на русском языке, так будет доступнее» дегеніңізді қалай түсінуге болады? Депутат Магеррамовтың (Магеррам Мамедович) сұрағына да жауап берген кезде сол логика бойынша жауап қайтардыңыз. Сонда сіздің пікіріңізше, жауапты қазақ тілінде қайтарғанда ойды «доступно» жеткізудің мүмкіндігі жоқ па?! Өзіңіз еркін меңгерген тілде жауап берсеңіз қалауыңыз білсін. Бірақ, қазақ тілінің мүмкіндігіне күмән келтіргендей сөйлемеуіңізді сұраймын», – деді С.Абдрахманов.
Халық қалаулысының мұндай уәжін өз кезегінде Мәжіліс вице-спикері В.Божко да құптайтынын білдіріп, мемлекеттік тілді меңгеруді жалғастыру қажеттігін жеткізді. «Уақыт өткен сайын қазақ тілін қолдану барлық жерлерде өсіп келеді. Сондықтан да, баршамызға шыңдалу керек», – деді ол.
Айта кетейік, Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ел Үкіметі мен мүдделі мемлекеттік органдар және тиісті ведомстволарға ұсыныстар дайындалды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»