Министр баяндамасына Елбасының экономикалық жаңғыруға байланысты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өзек болды. Осы құжаттарда көрсетілген міндеттер қаншалықты жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
Ол, ең алдымен, мақалада көрсетілген «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларының тұжырымдамалық және мазмұндық негізі құрылғанын атап өтті.
Сала басшысының сөзіне қарағанда, елімізде 8 мыңнан астам мәдениет ұйымдары бар. Олардың ішінде 34 ұйым республикалық мәртебеге ие. «Мәдениет мекемелерінің бәсекелестігін арттыру мен көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру маңызды міндеттердің қатарында. Бұл орайда, барлық республикалық мәдениет ұйымдарының жұмыс форматы өзгертілді. Мысалы, музейлер мен қорық мұражайлар мемлекеттік мекеме форматынан мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынға ауыстырылды. Бұл ақылы қызмет көрсетуге, кәдесыйлар, кітап, альбомдар сатуға мүмкіндік береді. Барлық орталық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге лицензиялар алады», деп атап көрсетті министр.
А.Мұхамедиұлының айтуынша, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін 200-ден аса нормативтік-құқықтық актілер жасалған және қабылданған. Оның ішінде төртеуі саладағы маңызды заңдар. Бірінші, «Лотерея және лотореялық қызмет туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Министрдің айтуынша, осыған дейін бізде ондай заң болған емес. «Бұл өте керекті заң. Әлі күнге дейін мемлекетке қандай салықтар төленіп жатыр, пайдасын кімдер көруде деген сауалдарға біз жауап бере алмайтынбыз. Енді заңның арқасында бәрі жүйеге қойылды. Бәрі ашық болады», деген министр лоторея сатудан түскен табыстың он бес пайызы спорт саласын дамытуға жұмсалатынын мәлімдеді. Екіншіден, ойын индустриясы бойынша ең мықты деген компаниялардан өкілдер шақырылған. Министр лоторея саласы жақсы дамитын болса, букмекерлік мекемелерде жұмыс істейтін жастарды да осы салаға алып келуге мүдделі екендіктерін жеткізді.
Екінші, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға түзетулер енгізілген. Бұл түзетуде спортты қаржыландырудың жаңа моделі жасалған. Бұрын қаржыландыру бойынша футбол, хоккей және волейбол сияқты ойын түрлеріне акцент жасалып келген болса, бұл жолы бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыруға басымдық берілмек.
«БАҚ өкілдері бұқаралық спортты дамытуға қатысты көп сауал қояды. Жалпы, бұқаралық спорт дегеніміз не? Ол – жеке спорт түрі емес. Әр өңірде спорттың әр түрі жақсы дамыған. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда, Жамбыл облысында ұлттық ойын түрлерінен жақсы нәтижелер бар. Бірақ оларға облыстық бюджеттен қаражат аз бөлінеді. Біз де спорттың командалық түрлері жақсы дамыған деп айтып жатамыз. Сондай-ақ, бокс пен күресті мақтанып айтамыз. Бірақ, оларға да бюджет саласынан бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Сол үшін біз ең бірінші кезекте қай өңірде спорттың қай түрі жақсы дамыған болса, соған көңіл бөлеміз», деді министр.
Ол сондай-ақ, футболға қатысты шетелден легионер әкелуге атқарушы биліктің қарсы екенін жеткізді. Және бұл мәселе жоғарыда аталған «Спорт туралы» Заңда реттелген. «Біз бюджеттің ақшасына шет елден легионерлер әкелуге қарсымыз. Мысалы, «Қайрат» командасының басында Қайрат Боранбаев деген кәсіпкер азамат тұр. Ол өз қаржысына шет елден легионерлер әкеліп жүр. Сол секілді, жеке кәсіпкерлер өз қаражатына әкеліп жатса, әңгіме бөлек. Ал бюджеттің ақшасы спорт түрлерін дамытуға жұмсалу керек», деді ол.
Үшінші, депутаттардың бастамасымен «Мәдениет туралы» Заң жаңартылған. Осыған байланысты мәдениет ұйымдарының көптеген мәселелері шешімін таппақ. Атап айтқанда, мәдениет ұйымдарын құру, жоюға қатысты мәселелер, салыққа қатысты, аймақтарда негізсіз жабылып қалған ұйымдарды қалпына келтіру мәселелері оң шешім таппақ. Заңға енгізілген түзетудің ең бір ұтымды тұсы әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді басып шығаруға қатысты болған. «Бұрын кітаптар екі мың данамен шығатын. Авторларға 300-350 мың көлемінде қаламақы төленіп келді. Әрбір автор 3-5 жыл еңбектенгенде осындай-ақ қаражатты қанағат етті. Енді қаламақыны министрлік жанынан құрылған Эксперттік комиссия белгілейді, кітаптардың тиражы 5 мыңға дейін өседі», деп атап көрсетті министр.
Төртіншіден, жиын барысында «Кинематография туралы» Заңның жасалғаны белгілі болды. Оған өз еліміздің кино өндірісінің майталмандарымен қатар, шетелдік сарапшылар да қатысқан. Министр заңды жасауда Америка, Франция, Германия, Ресей, Канада сияқты ірі кинодержавалардың тәжірибелері негізге алынғанын
баяндады.
Жалпы, алғанда мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі жиын барысында тыңдалды. Оның ішінде мәдениет, спорт саласына қатысты жаңалықтар, сондай-ақ, ЭКСПО-ға дайындық жайы құлақтандырылды. Министрдің айтуынша, ЭКСПО-дағы мәдени шараларды өткізуге министрлік дайын.
Жиын соңында Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков төрағалық ететін Мәдениет және спорт мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері министрліктің жұмысын бірауыздан «қанағаттанарлық» деп бағалап, министрлік баяндамасына қатысты қарар қабылдады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»