Несі бар, қолында ұңғысына тұншықтырғыш орналасқан тапаншасы бар. Бет-перде киіп алып, ұрымтал бір сәтте сатушыға тап берсе, оның күні бойы тауар сатудан жинаған ақшасы уысына түспей ме? Солай істеді де. Кешкі сағат 7 кезінде мұздай қаруланған күйі адам жоқтығын пайдаланып, сатушы Куракинаға тап берді. Алайда, осы кезде ол жанұшыра айқайлап, көз ілеспес жылдамдықпен қосымша үй-жайға тығылып үлгерді. Зәбірге тап болушының айқайлауы мен шыңғыруы күш көрсетушіні абыржытпай және алаңдатпай қоймайды. Бұл тәсіл қарақшының психикасына әсер етудің бір жолы. Расында да қатты айқай мен ащы шыңғырудан сескенген қарақшы ақшаны алып үлгере алмай, дүкеннен сытылып қаша жөнелді. Көшеге жүгіріп шыққанда да сатушының шыңғырғаны естіліп жатты.
Дәл осы сәтте мемлекеттік банк мекемелерін күзету жөніндегі рота командирінің орынбасары, полиция лейтенанты Амангелді Қосжанов «Есетжан» дүкенінің маңында өзінің жеке автокөлігінің сыр берген тетігін жөндеп жатқан еді. Сол күні ол түнгі кезекшіліктен шыққан болатын. Амангелді жағдайды тез түсінді. Жақын маңдағы алаңқайда балалар ойнап жүр екен. Оның санасына әлгі қарақшының балаларға да бір кесірін тигізуі мүмкін-ау деген ой сап ете қалды. Содан соң қарулы қылмыскерге ойланбастан жалаң қолымен қарсы ұмтылды. Қарақшының қасына көз ілеспес жылдамдықпен тез жетіп барып, оны қолымен бүріп алуға ұмтылғаны сол еді, қарақшы алға аттай беріп өзіне қарсы келген Қосжановты кеудесінен атып жіберді. Ол көзі бұлдырап, кеудесіне қадалған оқтың салдарынан есінен айырылып құлап бара жатты.
Дегенмен, осы кезде сатушы шалған қоңырау бойынша келіп жеткен полиция қызметкерлері оны ұстап үлгерді. Ауыр жарақат алған Амангелді Қосжанов сол бойда шұғыл ауруханаға жеткізілді. Алайда, асыл азамат осы ауыр жарақаттың салдарынан есін жимаған күйінде қайтыс болды. Ал Ақтөбе облыстық сотының үкімімен айыпкер 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сөйтіп, А.Қосжанов ішкі істер органдарында 14 жыл қалтқысыз қызмет жасаған кезінде өз ісіне ешқандай дақ түсірмей өмірден өтті. Пайданы емес, арды ойлады. Өзінің қызметтік міндеті мен борышына өмірінің соңғы сәтіне дейін адалдық пен табандылық танытты.
Қарулы қылмыскерді қолға түсіру кезінде қаза тапқан полиция лейтенанты, батырлар елі атанған Қобда топырағының мақтан тұтар ұлдарының бірі Амангелді Қосжанов республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы 27 тамыздағы Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
−Амангелді Қазақстан полициясы сапында қызмет атқарып жүргенін үлкен мерей санайтын. Қай кезде де үйден жұмысқа сергек сезіммен шығатын. Өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарай білді. Офицер қатарына кірген күні: «Біз арқалайтын жүк көбейе түсті, мен бұл сенімді ақтауға тиіспін, Алмагүл» деп үйге жадырай, жарқырай кіргені әлі күнге дейін көз алдымда. Мен жұбайым Амангелді Қиниятұлын еліміздің дербес ішкі істер органдары қызметінің қалыптасуы мен нығаюы жолында мерт болды деп санаймын. Ол елге өз пайдасын тигізуді ешуақытта назарынан тыс қалдырған емес, – деді газет тілшісіне ер-азаматтың құдай қосқан қосағы Алмагүл Қосжанова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Амангелді ұл-қызын өте жақсы көріпті. Қызметтен қолы қалт еткен шақтарда оларға әкелік тәлімі мен тәрбиесін дарытуға ұмтылған екен. А.Қосжанов қаза болған кезде қызы Әсел 12 жаста, ұлы Азамат 8 жаста болыпты. Мүмкін әкенің тигізген ықпалы шығар, әлде мүмкін өзінің қалауы солай болған шығар, әйтеуір Әсел Амангелдіқызы кейін ішкі істер органдарына қызметке қабылданған. Қазір ол жеке полиция батальонының полицейі лауазымында қызмет атқарып жүр. Ал тәуелсіздікпен құрдас, 1991 жылы дүниеге келген ұлы Азамат та бүгінде арнаулы оқу орнын аяқтап, егемен елінің «бір кірпіші» болып қаланды.
Қарулы қарақшымен қақтығыста қапыда кеткен есіл ер Қобда ауданындағы Қиыл ауылында туып-өскен. Қазір осы ауылдағы орта мектеп Амангелді Қосжановтың атында. Бұған қоса, мектеп ғимараты қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылған. Сонымен бірге, Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне де қалалық мәслихаттың шешімі және қала әкімінің өкімі бойынша оның есімі берілген.
«Жақсының аты өлмейді» деген осы да.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы