Бизнес • 30 Мамыр, 2017

Шойын жол шарапаты

1244 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ол шалғайдағы шаруашылықты шырайландырды

Шойын жол шарапаты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан үш жылдай бұрын, тамылжыған тамызда Жез­қазғанда тамаша жиын жасап, «Жезқазған-Бейнеу» те­мір жолының тұсауын кесті. Соның арқасында Орта­лық Қа­зақстаннан Қытай, Ресей, Түрік­менстан бағытында жүк та­сымалдау жолының қашық­тығын барынша қысқартуға, сондай-ақ Ақтау порты арқылы Кавказ сырты елдері мен Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік туды. Былтыр көктемнен «Жезқазған-Қызылорда» жолаушылар пойызы қатынай бастады.

«Жұмыссызы» жоқ ауыл 
«Еңбек биржасына тіркейтін адам таппай отырмыз», деді «Қарақұмның» әкімі Алмат Бекетов. Себебі, ауылда жұмыссыздық жойылған. 632 адамның 40 шақтысы – зейнеткер, жиырмаға жуығы мүгедектік жәрдемақы алады, ал еңбекке жарамдысы тегіс жұмыспен қамтылған.
Темір жолдың пайдалануға берілуі болашаққа деген сенімді бекіте түсті. Кейінгі жиырма жылда жұрт жаппай қалаға қоныс аударып, ауыл айтарлықтай селдіреп қалса, қазір кері қайтып жатқанның қарасы баршылық. Бүгіннің өзінде 25 адам жер телімін алып, құрылыс жүргізуде.
Жастар жағы көбейіп келеді. Был­тыр «Дипломмен – ауылға!» жолдамасымен үш мұғалім еңбек жолын осында бастады. Өткен оқу жылын 66 оқушы аяқтаса, биыл 88 балаға жетті. Табиғи өсім де байқалады. Бұрнағы жылы – 13, был­тыр 16 сәби туды. Шетінегеннен аман! 
– 55 шаруа қожалығында 1587 жылқы, 3290 ірі қара, 21813 қой-ешкі, 74 түйе бар. Ауру-сырқаудан амандығын үш мал дәрігері қадағалайды. Қыста жем-шөптен қысылса, «Киіктегі» мамандандырылған пішеншілер дереу көмекке дайын, – деген ауыл әкімі Алмат Бекетов, – жеті шаруа қожалығы ірі қара асылдандырумен айналысады, – дегенде еріксіз елең ете қалдым. 
Расында, бұрын қой өсірумен ғана шұғылданған шаруашылықта мал асылдандырудың қолға алынуы жаңа әрі жағымды жаңалық еді. Көп естіген көзбен бір көргенге қайдан жетсін, соның біреуін көруге көңіл кетіп тұрғанын жасырмадым. Орталықтан отыз шақырым «Ұзынсорға» тарттық. Темір тұлпардың тізгіні – ауыл әкімінде.
Жол қысқарсын дегені ме, «Ауылдың мұң-мұқтажы мен жасайтын қам-қарекетті әкімдіктің қасынан құрылған ақсақалдар кеңесімен ақылдасып, пысықтап отырамыз», деп Алмат әңгіме бастады. Бұрнағы жылы желтоқсанда, «орда бұзар» отызында осында басшылыққа келіпті. Бастапқыда ұяңдау көрінген, сөз саптасы қырқында «қамал алатын» жігерлі жігітке ұқсады. 
Жеткеніміз – фермердің жайлауы екен. «Бұл жерде 700 бас ұсақ мал бар. Ірі қараның аналығы төлімен қыстақ маңында, ал бойдағы осыдан он шақырымдай жердегі котлованда жатыр», деген Абдолла Жаналин жол талғамайтын жүрдек автокөлігін алға тартты. Жолай азын-аулақ әңгіме тиегін ағыттық.
Бұрын механизатор болған Әбекең 2000 жылы 90 қой, 12 сиыр сатып алып, шаруа қожалығын құрыпты. Қазір бір отар қойы, үш жүздің үстінде ірі қарасы бар. 2008 жылы асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрыпты. Алдымен қазақтың ақбас сиырын айналдырған, 2015 жылы Новосібірден «Герефорт» тұқымды 100 сиыр мен 6 бұқа әкеліпті. Қазақстанды қойып, қайдағы бір қиырдан оны қалай тапқан десейші?
− Оның не қиындығы бар? Ғалам­тор­дан бәрін табасың, − дейді жолсе­рігім жайбарақат. − Бұл − еттік бағыт­тағы тұқым, оның үстіне қазақтың ақ­бас сиырымен байланысы бар. Төлі өтімді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан жылына 40 бұқа сатуға рұқсат беретін сертификат алғам. Ол межені осы төңіректегілер-ақ орындап отыр. Енді сататын бұқа санын көбейту жағын қарастырып жатырмын...
Осы кезде котлованның да қарасы көрінді.
Дүниені дүрліктірген дағдарыс «Қарақұмға» қыр көрсете алмапты. Шаңырағы опырылып ортасына түскен «ортақ меншіктің» орнына жеке шаруасын шыр айналдырып, еңсесін көтеріп алған ел емен-жарқын. Көлдей көңіл! Даладай дархандық! Тұрмыс-тіршілігі тіреліп тұрмаса да, жұртта қалғандай жайы жоқ. 
«Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жоқ!» деп салы суға кетіп отырған ешкімді кездестірмедім. Әйтпесе, тоқыраудың теперішін «Қарақұм» да көрген. Сырттан келген «жау» жоқ, біліксіздіктен бе, әлде бақайесеп болды ма, әйтеуір, биліктің бишігін ұстаған бірен-саран белсенді 1992 жылы құрылған ұжымдық бірлестікті тақырға отырғызып тынды. 
Елдің маңдай терімен жиналған есіл игілік «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында» кетті. Кеңшар қазынасының қалған-құтқаны жеке шығып үлгерген шаруа қожалығына, «таңғы ас – тәңірден» деп алаңсыз жүрген аңқау ауылдасқа таратып берілді.
 «Қарақұмның» қадір-қасиетін шаруа баққан қыр қазағы біледі. Кейбіреуге «ит байласа тұрғысыз» иен даланың игілігін көріп, ұрпақ өсіріп, келешегіне үкілі үмітпен қарап, қазақы жалпақ тілмен айтқанда «айранын ұрттап, қойын құрттап» жүріп жатыр. Қанағатшыл халық нарықтық қатынасқа икемделіп, уақыт көшінен қалмай, ілгері ұмтылуда.
Тоқырауда тоз-тозы шыққан шалғайдағы шаруашылықтағы өркенді өзгерістің өзегі бұдан үш жылдай бұрын тұсауы кесілген темір жолға тірелетіні түсінікті. Қазір «Қарақұм» қым-қиғаш құрылыс алаңына айналған. Қысқасы, шалғайдағы шаруашылықтың шыра­йын шығаратын игі іс жеткілікті. 

Келешек – кооперативте
Өткеннен осындай ой түйген «байқоңырлықтар» бір іске белді бекем буыпты. Ауыл әкімі Серік Әбіжанов екеуміз қазір қолға алынып жатқан кооператив құру мәселесі төңірегінде едәуір пікірлестік. Егер ойға алған іс жүйелі жүзеге асырылса, ауыл дамудың даңғыл жолына түсетін түрі бар. 
«Округ орталығында тұратын 23 отбасы баспанасын кепілдікке қойып несие алып, кооператив құрды. Қалмақты қырғынға ұшыратқан жердің құрметіне «Бұланты» деп атады. Төрағасы − Жандос Абайдуллин, жігерлі жас жігіт. Қазір кооператив құжатын туралап жатыр», дейді ол.
Алдымен алақандай ауылдың әлеуе­тіне есеп-қисап жасапты. Безбендеп байқаса, Өскеменнен алу көзделіп отырған сүт өңдейтін мини зауытқа тәулігіне 2500 литр шикізат тауып берудің мүмкіндігі бар екен. Ауылда сауын сиыр ұстамайтын аула жоқ. Оның үстіне кооперативтің бірнеше мүшесі сүт бағытындағы ірі қара алуға белсеніп отыр. 
Етті де есептепті. Жылына өндірі­летін орта есеппен 250 тоннадай еттің бес­тен бір бөлігі ғана килосы 930 теңгеден Жезқазған жағында қалып, қалғаны килосы 600 теңгеден оңтүстік өңірдегі облысқа өтеді екен. Өйткені, ол жақтан өзі келіп алады. 
Осы етті Ресейге қымбатқа жөнелт­се қалай болар еді? Өскемен жағы­нан шағын қасапхана да табылды. Ір­гедегі темір жол басшылығы вагон-тоңазытқыш қоятын кірмежол тартып беруге дайын отыр. Егер бұл жоба іске асса, темір жолдың арқасында ет экспорттауға жол ашылады.
Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, кооператив мүшелері ет және сүт бағытында жұмыс жүргізуге келіскен. Сөйтіп, сүтке көңілі ауғаны «Ырыс» бағдарламасымен, ет өндіруге бел буғаны «Береке» бағдарламасымен шама-шарқынша несие ресімдеген. 
Екеуінің де жылдық үстеме өсімі бірдей – 6%. Айырмашылығы: алғашқысы – 7 жылға, кейінгісі 4 жылға беріліп, негізгі несиені өтеуге сүт сауатыны – 2 жылдан, ал ет өндіретіні 1 жылдан кейін кіріседі. Несие алар алдында барлығымен түсінік жұмысы жүргізіліпті.
– Бұл жерде мал бағатын 67 шаруа қожалығының өнімі есепке алынып отырған жоқ. Мүше болуға тілек білдірген жеке тұлғаға да, заңды тұлғаға да шектеу қойылмайды. Түбі кооперативті мал өнімін өңдеп, тұтынушы табатын, шаруашылықты жем-жөппен жабдықтайтын ұжымға айналдыру ойда бар. Механизациялық құрылымды қалыптастыруға кірісіп те кеттік, – дейді Серік Әбіжанов.
Биыл «Байқоңырға» – 60 жыл! Тағылымды тарихы 1957 жылы екі ұжымшарды біріктіру базасында құрылған ол мыңғыртып мал өсірген «миллионер кеңшар» атанды. Жиырма жылға жетер-жетпесте шалқыған шаруашылыққа айналып, 1974 жылы желтоқсанда «Сәтбаев» кеңшары енші алып шықты. Тып-тыныш тірліктің шырқын өткен ғасырдың аяғындағы тоқыраудың топаны бұзды. 
«Байқоңырлықтар» да қиындықты көп көрді. Әсіресе, өткен ғасырдың соңғы онжылдығы оңдырмады. Уақыт тынысын тап баса алмай талайы тентіреп кете жаздады. Әйтеуір, әупірімдеп осы күнге де жетті. Кезінде ен даласын елу мың қой еркін жайлаған шаруашылықта қазір 13 683 қой-ешкі өріске шығады.
 Бұрын бірыңғай қойға қол артса, енді ел ішінен жылқы бордақылап, мал асылдандыратын азаматтар шықты. Жылқы екі еседей көбейіп, 2274 басқа жетті. Үш жарым мыңдай ірі қараның жартысына жуығы мемлекеттен субсидия алатын жеті шаруа қожалығындағы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры. Құс, түйе ұстайтындар да табылып жатыр. 
Етек-жеңін жиған жұртшылық тек малға «масыл» болмай, бизнес­ке де бет бұрды. Сауда-саттыққа төселіп алған кейбіреуі бірнеше дүкен ұстайды. Келімді-кетімді жолаушы жүрек жалғайтын дәмхана жұмыс істеп тұр. Тіпті, тойханаң да таңсық емес. Орталық моншаның қызметі өз алдына. Наубайхана тағы бар. 
Басқасын былай қойшы, барлық оқушыға бір мезгіл ыстық тамақ беру жолға қойылған бұл аймақтағы жалғыз мектеп осы «Байқоңырда» шығар?! Ал «Балбұлақ» балабақшасындағы 20 сәбидің тәрбиесімен 9 педагог пен 17 кіші қызметкер айналысады. Осының бәрі жұмыспен қамтылған үш жүздей адамның алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік береді. 
Жұмыстан зәрулік жоқ. Былтыр үйленген сегіз баланың қалаға қарай қайқайып тартып отырмай, ауылда қалуы да темір жолдың арқасы. Бүгінде отыз бала ұжымдасқан бес бригада бірыңғай «байқоңырлықтан» тұрады. Жалпы, ауылдағы жарты мыңнан астам адамның әрбір оныншысы – зейнеткер.
– «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының салынуы ауылға соны серпіліс берді. Ол – тұрғындарға жұмыс орны, кәсіпкер мен шаруа қожалығына табыс көзі болып отыр. Темір жол – келісті келешек кепілі. Елбасының қамқорлығы мен салиқалы саясатына елі шексіз риза. Ендігі міндет – мол мүмкіндікті қолдан шығарып алмау, – дейді ауыл әкімі Серік Әбіжанов. 

Әлібек ӘБДІРАШ, 
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы

Суретті түсірген автор