Егер Ақтөбе қаласы жасыл желекке орана алмай дәл осы шаң-тозаң басқан күйінде қала берсе оның болашағының кемел де, келісті бола қоюы екіталай екеніне шек келтіру қиын-ақ. Әрине, қаланы көгалдандыру жөнінде қолға алынған жұмыстар жоқ десек, шындыққа қиянат түсіріп алармыз. Жоқ емес, бар. Алайда, бұл істің тым мардымсыз, болмашы екені де көрер көзге айқын көрініп тұр. Сондықтан да, мұндағы қоршаған ортаның «өкпесі іспеттес» жасыл желектің жай-күйі мен жағдайы өте аянышты көрінеді.
Осындайда Абай атамыздың: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын. Жапырағы сарғайып өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын» деген трагедиялық тұрғыдағы өлең жолдары еріксіз еске түседі. Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында бірінші кезекте Ақтөбеде ағаш шағын гүл алаңдары мен бақтары неге тапшы деген басы ашық сауалға жауап іздеуге тырыстық. Әрі іздегенімізді таптық та. Мұндай көңілсіз көріністің орын алуының бірінші себебі − облыс орталығында көгалдандыру мәселелерімен айналысатын арнайы мамандандырылған кәсіпорынның болмауы десек қателесе қоймаспыз. Соның салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстарында кез келген көлденең көк атты аталған іске қатысты жұмыстарды ұтып ала береді екен. Мұнымен іс оңға баса ала ма?
Оның үстіне, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткенше көктем шығып, жаз өтіп кетеді екен. Сонда мұнда не үміт, не қайыр? Сондай-ақ, қала бюджетінен көгалдандыруға бөлінетін қаржы мөлшерінің аздығы да қолды еріксіз байлап тастағандай күй кештіретінін білдік. Сондықтан, Ақтөбе қаласын жасыл желекке айналдыру мәселелері таяудағы кезде өндірістік және кешендік көзқарас тұрғысынан қолға алынуы қажеттігі айқын көрінеді. Әйтпесе, жаз кездерінде қала аумағын шаң-тозаңы мен бораны басып қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Тағы бір көзіміз жеткен жайт − облыс орталығы аумағында кәдімгі қараағаштан өзге тал-терек түрлерінің кездесе бермейтіні. Рас қараағаш шөл мен құрғақшылықа төзімді, оған төтеп бере алады. Алайда, биолог-ғалымдардың тұжырымдауынша қара ағаштан тарайтын оттегі мөлшері екпенің өзге түрлерімен салыстырғанда мүлдем аз көрінеді. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алынған деректер бүгінгі күні қараағаш екпелерінің басым бөлігі қорғаныштық қабілетінен айырылғанын көрсетеді. Мұндай теріс құбылыстың орын алуының басты себебі, оның биологиялық жасының асып кеткенінде көрінеді.
Нақты мәліметке сүйенсек, қараағаш екпесінің 70 пайызының отырғызылғанына елу жылдан асып кетіпті. Оның үстіне, «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей соңғы кезде қараағаштар зиянкестердің тигізген зардабынан да шіріп, қурап бара жатқаны белгілі болып отыр. Әсіресе, ильмалық жапырақ жегіш деген пәле оның түбіне жетіп тынатын түрі бар екен.
Ал ағаштарды сауықтырып ретке келтіріп тұратын мамандардың жетіспеуі, заманауи ағаш отырғызу тәсілдерінің қолданылмауы, ең бастысы − өңірде агробиологиялық ғылымды дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей қалғаны оның мүшкіл күйін одан әрі нашарлатып жібергендей. Соның салдарынан өзге ағаш түрлерін жергілікті климаттық жағдайларға бейімдеу мен жерсіндіру мәселелері де өз деңгейінде жүргізілмей жүр деуге болады.
Рас, жоғарыда аталған басқарма басшысы Нұржан Аққұлдың мәлімдеуінше, облыс орталығын көгалдандырудың іс-шаралар жоспары жасақталған. Әрі жоғарыдағы тиісті өкілетті органдармен келісілген. Соған сәйкес қала аумағына отырғызылатын көшеттердің түрлері мен көлемін ұлғайту белгіленген. Әрине, жүзеге асатын болса, бұл жақсы жоба болмақ. Сонымен бірге, өңірдегі орман тәлімбақтарында өсірілетін екпе ағаштардың түрлерінде түрлендіру мәселесі ойластырылыпты. Қазіргі кезде көшеттердің біраз бөлігі өзге аймақтардан жеткізіліп жүрген жағдайда мұның өзі де игі істің бастауы болып қалар еді.
Ендігі кезекте әңгімеміздің басында айтылғандай облыс орталығындағы тал-теректер неге аласа деген сауал төркініне бойлап көрсек бұған да жауап тапқандай болдық. Журналистік зерттеу барысында ағаштардың аласалығы физикалық-географиялық және климаттық жағдайларға байланысты болып шықты. Бір сөзбен айтқанда, аталған фактордың ағаштардың көкке бой созуына оң әсерінен гөрі теріс ықпалы молырақ болып шыққаны өкінішті-ақ. Топырақтың гидрогеологиялық жағдайы жөнінде қолда бар деректер де осы ұғымнан қашық кетпейді. Ең бастысы − көңілге жағымды әсер туғыза алмайтын осындай жайттардың әсерінен отырғызылған көшеттердің бітімі мен сүректің техникалық жай-күйі төмендеп сала береді екен. Оған қоса, қала аумағындағы ауаның таза болмауы, көліктердің көбеюінен пайда болатын көмірқышқыл газы мөлшерінің ұлғаюы да жағымсыз экологиялық әсерді ұлғайта түседі.
Тағы бір жайт − қаланың жерасты ұңғымалары тал-теректерді қажетті деңгейдегі сумен қамтуға сәйкес келмейді. Мұндай жағдайда облыс орталығындағы Ақтөбе су қоймасының суын аса тиімді түрде пайдалану қажеттілігі туындайды. Әйтеуір, көңілге бір медеу тұтарлығы, осы қоймадан сазды және песчанка су тапқыштарын салу ісі қолға алыныпты. Аталған жоба Ақтөбе қаласындағы жасыл желектің жағдайын жақсартуға оң септігін тигізетініне сенім артқымыз келеді.
Облыс орталығындағы экологиялық ахуалды сауықтырудың басты жолдарының бірі оның айналасын жасыл белдеумен көмкеру болмақ. Оны құру бойынша бүгінгі күні мың гектар алқапқа зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Қазір соның арасынан орман өсіруге қолайлы деп табылған 2000 гектардан астам алқап анықталған. Бұл іс Ақтөбе қаласының қорғаныштық-рекреациялық жасыл аймағын құру жобасының бастауы болып отыр. Соған сай екі жылдық қара пар әдісімен жер әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаны үш кезең аралығында аяқтау ұйғарылған. Сондай-ақ, алғашқы орман отырғызу жұмыстары 2019 жылы басталады деп күтілуде. Бүгінгі басталған жер дайындау жұмыстары осы үлкен істің қарлығаш-қадамы деп санаймыз.
Міне, осындай істер нәтижелі болған жағдайда ғана Ақтөбе жасыл қала атана алар еді деген ой келеді. Ал бүгінгі материалымызға өзек болған мәселелер жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындардың назарына ілігіп жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны. Бұл арада, тұрғындарға екпін түсіріп отырған себебіміз, әрбір отбасы өз үйінің айналасына ағаш отырғызуға көңіл қойса, Ақтөбенің жасыл қалаға айналу үрдірісі солғұрлым тезірек болар еді-ау деген ой еді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ