Облыс аумағы 14 миллион 430 мың гектар алқапты алып жатыр, ал оның 4 миллион 430 мың гектары орман қорының жерлері болып саналады. Орман қорының 2 миллион 234 мың гектарына ағаш егілген. Сонымен бірге, 10 миллион 489 мың гектардан астам жерді ауылшаруашылық, шабындық, егістік және жайылымдық алқаптар алып жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өткен жылғы талдауы бойынша, өртке қарсы ерікті құрылымдардың тиісті техникамен және құрал жабдықтармен жабдықталуы мен табиғи өрттерді сөндірудегі тәжірибе деңгейі кейбір аудандарда әлі де төмен. Бағдат Данилов Талас, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм аудандары өртке қарсы ерікті құрылымдарды жауынгерлік киіммен, байланыс құралдарымен жабдықтау жұмысын мүлдем жүргізбегенін жеткізді.
«Мойынқұм, Жуалы, Сарысу аудандарында өртті сөндіруге арналған техниканың саны өте аз, шамамен әр ауылда тек қана бір техника бар. Ол бұзылған жағдайда оны дала өртіне пайдалануға мүмкіндік болмайды. Талас, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм және Жуалы аудандарындағы өртке қарсы ерікті құрылымдар аспалы өрт сөндіргіштермен жабдықталмаған және Байзақ, Меркі, Талас, Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандары өрт мотопомпасымен қамтамасыз етілмеген. Бұл кемшіліктер ерікті құрылымдардың өрт орнына уақ-
тылы келмеуіне, өрттің үлкен аумаққа таралуына әсер етеді», − деді департамент басшысы.
Өрт – аса қатерлі жау. Сондықтан да, бұған бей-жай қарауға болмайды. Ал облысты басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойы тал-дарақ пен егіске толы. Тасжолдың қос қапталын көмкерген егісті қатаң қадағаға алу қажет-ақ.
Ара-тұра жауын-шашын болып тұрғанымен, соңғы кездері өңірде күннің күрт ысуы орын алып отыр. Сондай-ақ, суға шомылу маусымы да басталып кетті. Әсіресе, көпшілік Тараз қаласындағы «Зербұлақ» және Қаратау қаласындағы «Жартас» көліне, сондай-ақ, Жаңатас қаласындағы қалалық жағажайға жиі барады. Одан бөлек, өңірде өзен-көл баршылық. Жуырда ғана суға түсу дерегі бойынша облыста адам өлімі тіркелген болатын. Нақты айтсақ, 14 мамыр күні Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының 7-сынып оқушылары мен сынып жетекшілері тау бөктеріне саяхатқа шыққан. Саяхаттың соңы қайғылы жағдаймен аяқталып, «Көгершін» өзенінің жиналған суына абайсызда құлап кеткен 2004 жылы туған Ағыбай Қарынтай мен Ербол Нұрбек суға батқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова бұл мәселеге әуелі ата-аналардың жауапсыздығы себеп болғанын айтты. «Балалардың сынып жетекшілерімен тауға саяхаттап кеткенін мектеп директоры да, оның орынбасары да білмеген. Тіпті, балаларды сынып жетекшілері тауға жүк көлігімен апарған. Бұл ешқандай талапқа сай келмейді», дейді басқарма басшысы. Бұл оқиғадан кейін сынып жетекшісі жұмысынан босатылыпты.
Қай кезде де тілсіз жауға тосқауыл қажет. Өрттің де, судың да артында адамның тағдыры тұр. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберетін өртпен, жазым болса тұңғиығына тартып кететін судың да адам үшін қаупі басым.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы