Жазғы спорт • 30 Мамыр, 2017

«Алтай» ширек финалға шықты

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азияның кіл мықтылары өр Алтайдың төрінде жарыстың көрігін қыз­дырып жатыр.

«Алтай» ширек финалға шықты

Бірнеше күннен бері. Халықаралық «ЭКСПО» көр­ме­сінің қарсаңында, 25 мамырда жалауы желбіреген дүбірлі доданың ашылу сал­танатына осы сай­ыс­ты бақылау ко­ми­те­тінің төрағасы, Азия волейбол кон­фе­дерациясының өкі­лі Цзичжон Вэй арнайы қатысып, спорт­тық шараны жоғары деңгейде ұй­ым­дастырғаны үшін аймақ басшысы Даниал Ахметовке алғыс айтып, естелік сый­лық та­быстады. Салтанатты шараны құт­тық­тау сөзімен ашқан облыс әкімі мұн­дай мәр­тебелі жарыстың Шығыс Қазақстан то­пы­ра­ғын­да өтуі өңір жұрт­шы­лығының ортақ жеңісі екендігін айтты.
«Баршаңызды осынау спорт мере­ке­сінің басталуымен шын жүректен құттық­тай­мын. Жапония, Қытай, Тайланд, Тайпей, Иран, Вьетнам, Филиппин елдерінің спортшыларына қонақжай Шығыс Қазақстан жеріне қош келдіңіздер дейміз. Бізге осындай ауқымды шараны өткізу міндетін сеніп тапсырған Азия волейбол конфедерациясы бас­шылығына алғыс айтамыз. Құр­лықтың кіл мықтылары қаты­сатын жарыс тартысты да тартымды ойын­дарға толы болады деп сенеміз», − деді Д.Ахметов.
Салтанатты шараның шымыл­дығы түрілгеннен кейін алаңға ел намысын қорғайтын өскемендік «Алтай» мен Тайпейдің «Тайвань Пауэр» командалары шығып, біздің бұрымдылар бес кезеңге созылған ойында 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ертеңінде «Алтай» арулары Тай­ландтың «Супреме» коман­дасы­мен шеберлік байқасып, есе жіберіп алды. Жиырма жетінші мамыр күні өскемендік ала доп шеберлері Иранның «Сармайе Банк» командасымен кездесіп, оларды 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, ширек финал жолдамасын иеленді. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН