Төрт мемлекеттің жүйелік операторларының жетекшілерін жинаған отырыс аталмыш саланың ағымдағы мәселелерін күн тәртібіне шығарды. «KEGOC» АҚ (Қазақстан), «Барки Точик» ААХК (Тәжікстан), «Қызғызстан ҰЭТ» ААҚ (Қырғызстан), «Өзбекэнерго» АҚ (Өзбекстан) басшылары мен «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры қосылған жиында энергетика саласының жаңа бағыттары талқыланды.
2003 жылы құрылған Орталық Азия Электр энергетикалық үйлестіру кеңесі Қазақстан мен Орталық Азияның біріктірілген электр энергетикалық жүйелері арасындағы түйткілдерді тиімді шеше алады. Мәселен, өңірдегі энергетикалық компаниялардың 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы маусымды еш қиындықсыз, апатты өшірулерсіз өткізуі осының айғағы.
Ал «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте отырыс барысында жедел мәселелермен қатар, болашақтағы энергетика саласының әлемдік трендтері де қарастырылғанын атап өтті. Өйткені жаңартылған энергия саласы үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Бұл қуат көздерін үнемдеуге, энергетика саласының жаһандануына да қатысты жайттар. Және мұның ішінде үздіксіз дамып жатқан жүйеде энергияны тиімді бөліп тарату да бар.
Отырысқа қатысушылар бірінші кезекте 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы маусымдардағы энергия жүйелері жұмыстарының қорытындылары мен алдағы 2017-2018 жылдардың күзгі-қысқы маусымдарына дайындық шеңберінде жүргізілетін жөндеу және вегетация кезеңдерін талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азияның БЭЖ қатарлас жұмысы шеңберінде мүше-мемлекеттердің электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету, жұмыс мерзімдерін үйлестіру, әдістемелік базаны жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелерді қарастырды. Кездесу нәтижесінде қызметтері келісілген энергия жүйелердің қатарлас жұмыс режімін қамтамасыз етуге, соның ішінде Орталық Азия аймағында отын-энергетикалық және су ресурстарын кешенді пайдалануға бағытталған бірқатар шешуші құжаттар қабылданды.
Жиын арасында Бақытжан Қажиев журналистерге берген сұхбатында, аталмыш кездесудің «KEGOC» компаниясының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын атай келе, осы аралықта компания еліміздің электр энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолында нысандарды жаңғырту, жаңа энергия нысандарын салу сынды ауқымды жұмыстар атқарғанын мәлімдеді.
– Кездесуден бұрын көрші елден келген әріптестеріміз Алматы қаласының маңайында орналасқан 500кВ «Алма» қосалқы стансасына барып қайтқан болатын. Бұл жоба – KEGOC іске асырған жобалардың ішінде маңызды орынға ие. Себебі, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында нөлден бастап салынған алғашқы 500кВ-тық қосалқы станса. Аталмыш қосалқы стансаны ұлттық электр торабына жалғау Алматы энергия торабын және жалпы алғанда еліміздің оңтүстік өңірін электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етті. Келесі жылы осы «Алма» қосалқы стансасына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енген, бірінші кезеңі жұмыс кестесінен бір жылға ерте аяқталған «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті» жобасының 500кВ-тық жаңа электр жеткізу желісін жалғауды жоспарлап отырмыз, – дейді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.
– Бірде-бір елдің энергия жүйесі жалғыз жұмыс істей алмайды. Сондықтан іскерлік қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қандай да бір қиындық туындаса көмек қолын созуға дайынбыз. Кездесуде алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық та пысықталып, біріктірілген электр энергетикалық жүйелерінің заман ағымына бейімделген тұжырымдамасын жасау жайы сөз болды, – деді «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры Хамидилла Шамсиев.
Төрт мемлекеттің жарықтандыру мәселесін көтерген көкейкесті жиында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев бүгінгі әлем жаңғыртылатын энергетика, оны сақтау мен жүйелерді жаһандандыруға көп көңіл бөліп отырғанын айта келе, әрбір энергетикалық жүйе артық электр қуатын экспорттауы үшін Таяу Шығыстың нарығын зерттеуді және еуропалық бөлік пен Таяу Шығысты байланыстыратын көпір құру идеясын ұсынды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ