«Ғалымжанның бұл сапарының мақсаты – елімізде өткізілгелі жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесін жұртшылыққа насихаттау. Әуелі Өскеменнен Семейге жетіп, одан әрі Кереку қаласына аялдаған соң, Ерейментау арқылы Астанаға табан тірейді», – деген ол бір көлікпен жұбайының артынан келе жатқандықтарын, өздерімен бір дәрігерді ала шыққандықтарын айтты. Бұл сапарға ешқандай арнайы мекемелердің қатысынсыз, өз еріктерімен, туған-туыс, жолдас-жораларының көмегімен аттанып бара жатқандықтарын, «бүгін мында қонамыз», «ертең анда қонамыз» деп алдын ала жоспар құрмағандарын да жеткізді.
27 мамыр күні хабарласқанымызда, Еркегүл Ғалымжанның 26 мамыр күні 70 шақырымды жүріп өтіп, Глубокое ауданындағы Гагарино ауылына қонып, жолға шыққанын, бұл күні Бұлақ ауылына түнеп, Семейге 29 мамыр күні жетуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
«Түнде жол үстінде түнесек деп өзімізбен бірге шатыр ала шыққанбыз. Бірақ тұрғындар біздің келе жатқанымызды алдын ала біліп, телефон шалып, «біздің үйге қоныңдар» деп қонақжайлылық танытып жатыр. Мұндай кеңпейіл азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді ол.
Еркегүл Мұқиятқызы Ғалымжанның күнделікті жүгіру, тынығу тәртібін де айтып берді. Оның айтуынша, жұбайы таңертең сағат 6-да тұрып, 6:30-ға дейін таңғы асын ішіп, сағат 7-ден жүгіруді бастап, бір сағат жүгіріп, 10 минут тынығып алады екен. Бір күнгі жүгіру межесі – 8 сағат, жүгіру ұзақтығы – 60-70 шақырым.
Қазір Астанаға жаяу жол тартып бара жатқан жігітті жолай күтіп алып, ас-су ұсынып, құдайы қонақ етуге ниетті азаматтардың 87789262622 телефонына хабарласуларына болады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы