Ақ бас Алатаудың асқар биігінен ақилана ақтарылған асау Ақсудың етекте ентігін басып, жайылып ағар жағасындағы бұйрат құмдар арасында бұққан ауылымыздың тірлігі бұрқ-сарқ қайнап жататын. Көшенің шаңын көтеріп доп қуалаған қара домалақтар ойынның жағын айырып болған соң аяқ суыту үшін алаңқайға алқақотан отыра қалатынбыз. Ой, сонан соң «Тотының» тоқсан толғауындай футбол туралы ұзақ-сонар әңгімеге кірісетінбіз. Бірімізден-біріміз өткен білгішпіз. Айтқандарымыздың рас-өтірігін айыра алмайсың. Көбінесе елден естігендерімізді көпіртеміз.
– Атақты комментатор Вадим Синявскийдің мақамымен майын тамызып, құдды радиодағыдай құлақ құрышыңды қандыра репортаж жүргізе алатын Аханбай аға (белгілі журналист Айгүл Аханбайқызының әкесі – автор) айтты, ілгеріде КСРО мен Бразилия кездесуінде Пеленің оңға-солға ойқастаған шалт қимылынан шатқаяқтаған Воронин тепе-теңдікті сақтауға шамасы жетпей жалп ете қалыпты...
– Алматыда «Қайрат» пен «Торпедо» ойнағанда біздің Вадим Степанов әйгілі Эдуард Стрельцовтың аяғын тұсағандай адымын аштырмағанын Жақсыгелді көкем өз көзімен көріпті...
– Шіркін, грузиндердің маңдайға басар мақтанышы Месхи мен Метревелиге жетер жампоз бар ма?!.
– Ала тақиялы ағайындардың ақберені Берадор Абдурайымов та ешкімге есесін жібермейді. Кезінде тбилисилік тарланбоз Гиви Гавашели екеуі еліміздің ең мерген шабуылшысына берілетін «Труд» газетінің арнайы жүлдесін алғанын ұмыттыңдар ма?
– Әй, сендер де сөйлейсіңдер-ау, өзеуреп өзгелерді дәріптегенше, өзіміздің Сегізбаевты неге айтпайсыңдар осы. Оның оң аяғының сұрапыл соққысын ұстау мүмкін болмағындықтан қарсыластар жағы қақпаға маймылды қойған екен.Содан...
Тыңдаушыларын сілтідей тындыратын бұл аңыздың қалай аяқталатыны бәрімізге аян. Ежелден ертегіге құмар, қиялы жүйрік халқымыздың ұлықтауға татитын ұлдарын батырлар жырының басты кейіпкерлеріндей асыра бейнелеуін айыпқа бұйыру, әрине, әбестік болар. Әйтеуір, адал ниеттен туған әсірелеу екені анық қой.
Ал, ақиқатында Тимур Сегізбаев сол уақытта КСРО біріншілігінің жоғарғы тобында республика намысын қорғаған «қу» жалғыз Алматының «Қайратының» капитаны еді. Оның өзіндік ойын-өрнегі, теңбіл доптың бүйірін тесіп жіберердей тегеурінді тепкісі, жанындағы әріптестерін жеңіске жетелейтін жеке басының үлгісі қандай құрметке де лайық-тұғын. Негізінен өзге ұлт өкілдерінен құралған командаластарын қазақтың қараторы жігіті жайтаңдап жасыл алаңға бастап шыққанда кеуделерін мақтаныш кернегенін байырғы жанкүйерлер емірене еске алады. Әсіресе, Мәскеудің төрінде әйгілі «Спартактың» қақпасына қайқайтып тұрып екі гол соққанында одақтық баспасөзде орны бөлек «Комсомольская правда» «Тимур и его команда» деген тақырыппен мақала жариялағанын бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Алматыдағы орталық стадионның алдында орнатылған футболшы ескерткішінің прототипі Тимур Сегізбаев десек те қателесе қоймаспыз.
Аты аңызға айналған азамат кейін бапкерлікке ауысқан кезінде де әжептәуір табыстарға жетті. Ол аға жаттықтырушы болған тұста «Қайрат» КСРО чемпионатындағы ең үздік көрсеткіші − 7-ші орынды иеленді.
Білікті маман үлкен спортта үмітін үкілеген талай таланттың бағын ашты.
Мәселен, төменгі топтағы Ашхабадтың «Колхозшысынан» Құрбан Бердыевті шақырып, қайраттық Сергей Волгин, Евстафий Пехлеваниди, Вахид Масудов сияқты саңлақтардың сапына қосты. Көп кешікпей-ақ түркіменстандық тастүлектің түтіні түзу ұшып, сүйікті командамыздың сенім артар серкесіне айналғаны белгілі. Таңғажайып техникасы еріксіз таңдай қақтыратын. Алаңды көре білетін, ойынды оқи алатын айрықша қабілетінің арқасында Давид Кипиани, Хорен Оганесян, Юрий Гаврилов, Леонид Буряк сынды кеңестік футбол жұлдыздарымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бірақ, бабы келіскенмен басқа себептерге байланысты бас құрамаға алынбады. Есесіне есімі Еуропаға мәлім айтулы бапкер атанды. Ол жетекшілік жасаған Қазанның «Рубині» Ресейдің доп додасында топ жарып қана қоймай, халықаралық аренада азуын айға білеген «Барселонадан» басым түскенін білеміз.
...Неге екені белгісіз, қазіргі таңның Тимурлары жайында ақиқатқа бергісіз аңыздар айтылмайды. Ода арнауға лайық ондай оғландар бар-ау. Алайда, баяғы біздей аузын ашып, көзін жұмып аңыздарға сенетін аңқау балалар табыла қояр ма екен...
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»