Форумның ашылу салтанатында Қызылорда облысы Әкімі Қырымбек Көшербаев және «Даму» Қорының Басқарма Төрағасы Абай Сарқұлов сөз сөйледі, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» Қорының жобаларына қатысып, өз жобаларын сәтті жүзеге асыра білген ерекше мүмкіндіктегі кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, «Даму-Көмек» жобасы бойынша демеушілік көмек те табысталды. Іс-шара қонақтары-табысты кәсіпкерлер, форум қатысушыларын назардан тыс қалдырмай, оларға қызмет көрсету мен тауар сатып алуға тегін сертификаттар сыйлады.
Форум аясында мүгедектігі бар кәсіпкерлердің қолынан шыққан түрлі тауар мен өнімдер және қызмет түрлеріне көрме ұйымдастырылды. 20-дан аса компания көрмеде кәде сыйлардан құрылыс заттарына дейінгі алуан түрлі өнімдер ұсынды. Олардың ішінде — аймақта бәсекелесі жоқ, болат арқан мен ілмектер шығаратын жалғыз кәсіпкер Ерныс Түлендиев те болды. Ол несие рәсімдеу барысында кепілмүлкі жетіспеушілігі мәселесін Қордың кепілдендіруімен оң шешуі арқылы, кәсіпорынның өндіріс көлемі едәуір арттыра алды.
«Форумның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер арасында табысты кәсіпкерлікті дәріптеу және оның дамуына колайлы жағдай жасау. Бүгінгі іс-шараға қатысушылар - тағдырдың тауқыметіне мойымай, қоғамда өз орнын таба білген және өзін жұмыспен қамтумен шектелмей, өзгені де тұрақты қызметке алып, кәсіптерін дөңгелентіп отырған азаматтар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру қашанда өзекті мәселе екені рас, ал мұның баламасы кәсіпкерлік болып табылады. Сондықтанда біздер мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары мен табысты кәсіпкерлердің басын біріктіре отырып, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсетуге белсендіру мен талпындыруды ұйымдастыра білуіміз қажет. Бүгінгі форум мүгедектігі бар азаматтар мен табысты кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмастыру мақсатындағы маңызды, әрі тиімді диалогтік алаң ретінде қалыстасты деп үміттенемін», - деді «Даму» Қорының Басқарма Төрағасы Абай Сарқұлов.
Форум барысында би нөмірімен «Қызылорда еріктірілері» Қорының мүшелері «Ерекше би» жобасымен қатысушыларды тамсандырды. Бишілер құрамының тең жартысы өзінің партиясын мүгедектік арбада отырып орындады.
Форумның екінші бөлімінде ақпараттық-түсіндірме семинары, дөңгелек үстел мен мүмкіндігі шектеулі табысты кәсіпкер Бахыт Жұмашевтан шеберлік-сағаты өтті.