Бүгін Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Таразда болған дауылдың зардабы туралы баяндады.
«Құрылыс алаңында төбеден шатырды ұшырып әкетті, құрылысшылар - 1994 жылы туған Бексейітов пен 1963 жылғы Нұржанов оқиға орнында қаза тапты. 14 жастағы 8-сынып оқушысы Бекзат Үмбеталиев үзілген сымды басып кетіп, тоқ соқты. Сол кезде 1986 жылы туған Хамитқызы мен 1956 жылғы Бексұлтанованы жеке тұрғын үйдің қоршауы құлап кеткен. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. 2006 жылы туған Орынбасарға ағаш құлады. Ол да ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ ағаштар құлап электр сымдарын үзді және газ құбырларын қиратты», - деді Көкірекбаев.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қаланың қызметін толық қалпына келтіруді, зардап шеккендерге қажетті көмекті көрсетуді және жасалып жатқан жұмыстар мен нәтижелер туралы әрдайым ақпараттандырып отыруды тапсырды.
29 мамыр күні Таразда жойқын дауылдың екпіні 30 м/с жылдамдыққа дейін жеткен болатын. Әкімнің сөзі бойынша, облыста әкімнің бірінші орынбасары төрағалық ететін арнайы комиссия құрылған. Таңға жақын апат салдарларын жою қызметі электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмысын толығымен қалпына келтірді. Құлаған ағаштар мен қоқыстарды жинау жұмысы жүргізіліп жатыр.