Қаржы • 30 Мамыр, 2017

Қазақстанда берілген ипотеканың 67%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Директорлар Кеңесінің отырысында («Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы) «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығы өз қызметінің нәтижелері туралы есеп берді.

Қазақстанда берілген ипотеканың 67%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде құрылыс салуға және тұрғын үй сатып алуға берілген заемдардың көлемі 65 миллиард теңге болды. Соның 49 млрд. теңгесі ҚТҚЖБ-ға тиесілі. Сонымен қатар, банк басқа ЕДБ арасында кредит қоржынының ең жоғары сапасына ие. NLP деңгейі (ағылшын тілінде non-performing loan, сөзбе-сөз - «Жұмыс істемейтін қарыз») 0,49%-ды құрайды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Банктің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова депозит қоржынының артқаны жайында сөз етті. Қазіргі кезде ол 455 млрд. теңгеге тең. Өсім халықтың банкке деген сенімінің артуына, соның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасау үшін және оның шарттық сомасын ұлғайтуға ұсталынатын комиссиялық алымдардың алынып тасталынуына, ұлттық валютаны түзетуге орай 20,1 миллиард теңге өтемақы төлеуге, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарына жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысының түсуіне байланысты.
Сондай-ақ, 2016 жылғы 2014-2013 жылдарға арналған банктің ұзақ мерзімді стратегиясын орындау есебі бекітіліп, қарастырылды. Оған сәйкес, есептік кезең ішінде клиенттерге қызмет көрсету уақыты елеулі түрде қысқарды. Осылайша, шарт жасау уақыты 5 есеге – 30 минуттан 7 минутқа дейін азайды. Кредиттік өтінім 4,5 есе тез қарала бастады. Қазір бұған небәрі 1,5 күн жеткілікті, салыстыра кетсек, 2013 жылы осы операцияға 7 күн уақыт кететін еді. Оңтайландыру ІТ саласында жаңа бағдарламалық өнімдерді енгізудің арқасында мүмкін болып отыр.

Сәйкесінше, қызмет көрсету уақытының қысқаруы клиенттердің көрсетілген қызмет сапасына қанағаттануы деңгейін арттырды. 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 99,17% болды.

Сондай-ақ, Директорлар кеңесінің отырысында 2016 жылға арналған жылдық есеп қарастырылып, бекітілді. Оған сәйкес, банк есептік кезең ішіндегі қызметтің барлық негізгі жоспарлы көрсеткіштеріне жеткен. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, ҚТҚЖБ қазақстандық ипотеканың үштен екісін берген (берілген ипотекалық заемдардың көлемі бойынша үлесі – 67%). Тұрғын үйлерді 25 мың адам сатып алды.

Бұдан бөлек, 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 2014-2018 жылдарға арналған ҚТҚЖБ даму жоспарының орындалуы туралы, бюджеттің және табыстылық көрсеткіштерін, сондай-ақ бірқатар ішкі құжаттар мен есептерді орындау туралы есеп қарастырылып, бекітілді.