Шараға қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен елімізге белгілі ғалымдар қатысты. Оған қатысқандардың қатарында ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы А.К.Сатыбалдин, "Алаш" ҒЗИ қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Сағынбай Жұмағұлов, Сакралды Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, "Алаш" ҒЗИ қызметкері Қөшке Кемеңгердің ұрпағы Қайырбек Кемеңгер, сондай-ақ елімізге белгілі өзге де ғалымдар қатысты.
Шара саяси қуғын-сүргіндерді еске алу үшін бір минуттық үнсіздікпен басталды. Жиында алғысөзді алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы А.К. Сатыбалдин: "Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі бұйрығымен жыл сайын 31 мамырда "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні" болып бекітілді. Қазақ xалқының мәдениеті мен болмысына 1937-1938 жылдарғы оқиғалар өте ауыр болып тиді. Осы жылдары қазақ интеллигенциясына қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде қызыл большевиктер шабуыл жасады. Жалған жаламен ұлтымыздың бас көтерер азаматтары ату жазасына кесілді", деді.
Шара барысында қазақ халқының осындай қиындықтарды бастан өткергендігі, еліміздің дамуына келтірген кедергілері жайлы толық баяндалды.
«Жер бетінде қазақ xалқы секілді қиындық көрген ұлт некен-саяқ. Осындай игі шаралардың бәрі тариxқа тағзым, тариxқа құрмет. Мұндай қасиетті күндерді тек 31 мамырда ғана емес, әрқашан, әрбір күні еске алуымыз керек. Өткен ғасырдағы ашаршылық, ату жазасы жайлы толығымен жазылмады. Себебі, ұлтымыздың біртуар азаматтары репрессияға ұшырады. Ал бүгінде мектеп оқулықтарында сол жылдарғы зобалаңдар кеңінен насиxаттала бермейді. Осы істі қарастырса екен деген ұсынысым бар», деді Сағынбай Жұмағұлов.
Айта кетейік, жалған жаламен қазақтың біртуар тұлғалары ату жазасына кесілген. Алқалы жиын барысында 1937-1938 жылдары Кеңестік Қазақстанның 118 мың адамы сотталып, 25 мыңы репрессияға ұшырағаны аталып өтті.
Аян Әбдуәли,
«Егемен Қазақстан»