Нағыз алыптар айқасқа түскен бәсекеде Алматы қаласының 8 ауданынан іріктеліп шыққан 24 балуан өнер көрсетті. Тартысқа толы жарыстың ақтық сынында Наурызбай ауданының намысын арқалап шыққан Руслан Абдразақов пен Бостандық ауданының алыбы Дәурен Нұралинов белдесті.
Нәтижесінде, Руслан Абдразақов айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, бас жүлдеге тігілген «Лада Гранта» жеңіл көлігін тақымына басты. Екінші орынға ие болған Дәурен Нұралинов 200 мың теңге ақшалай сыйлық еншіледі. Ал, былтырғы жылы Алматы барысы атанған тегеурінді балуан, Виктор Демьяненко үздік үштікті түйіндеп 100 мың теңгеге ие болды.
Осылайша, Руслан Абдразақов пен Дәурен Нұралинов шілде айының 3-ші жұлдызында өтетін дәстүрлі «Қазақстан Барысы» турнирінде Алматының намысын қорғайтын болады.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Әсіресе, Виктор Демьяненкомен болған белдесу мен үшін ауырға соқты. Дегенмен, Құдай оңдап жеңіс тұғырынан көріндім. Алдағы «Қазақстан Барысы» бәсекесіне тыңғылықты дайындалып, Алматылық жанкүйерлердің сенімінен шығу үшін барымды салатын боламын. Ұйымдастырушылар мен жанкүйерлерге алғыс білдіремін, – дейді жарыс жеңімпазы Руслан Абдразақов.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»