Аймақтар • 30 Мамыр, 2017

Жамбыл тұрғындарына арнайы автокеруен қолдау көрсетуде

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің бүгінгі даму жайын сөз етіп, ұлттың алдағы мүмкіндігін межелеген болатын. Сондай-ақ, негізгі мәселе – рухани жаңғыруға баса мән берген еді.

Жамбыл тұрғындарына арнайы автокеруен қолдау көрсетуде

Бұл ретте рухани жаңғыруды мақсат тұтқан азаматтар мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығын жете сезініп, мүмкіндігін барынша пайдалана алады. Әсіресе ауыл тұрғындарына бұл мәселе төңірегінде көп көңіл бөлініп отыр.

Бүгінде жұмыссыз жастардың да қоғамнан өз орнын табуына атсалысу үлкен міндет болып саналады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және кәсібін ашуға ниетті жастарға қолдау көрсету де азаматтық парыз. Ал ел болған соң, халық арасында түрлі салаларға байланысты түрлі сұрақтардың туындауы заңдылық. Осы орайда, Жамбыл облыстық прокуратурасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен облыстың барлық аудан орталықтары мен елді-мекендерінде, барлық санаттағы жастар мен тұрғындарға түрлі сала аясындағы мәселелер бойынша қолдау көрсету мақсатында 15-26 мамыр аралығында «Рухани жаңғыру!» атты автокеруен жолға шығып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Оның ішінде «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы» сияқты бағдарламалар да қосымша түсіндіріліп, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, дін салалары бойынша қабылдаулар өткізілген. Аталған шара апта басында Тараз қаласында жалғасын тапты.

Тараз қаласындағы «Достық» алаңында ұйымдастырылған шараға облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, сөз сөйледі. Елбасының бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген құнды қағидалардың бәріне тоқталып, ел дамуының негізгі кепілі рухани жаңғыру екенін әңгімеледі. Сонымен қатар, шара барысында Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет мүгедек бала асыраушы Майра Абдуалиева мен мұғалім болып еңбек ететін Анар Атабаеваға пәтер кілтін табыс етті.

Сондай-ақ, әулиеаталық кәсіпкерлер, серіктестік басшылары да Елбасы мақаласында айтылған қағидаларға қолдау білдіріп, бірқатар азаматтарға сый-сияпат табыстады. Шара барысында келген көпшілікке ақпараттық-әдістемелік материалдар үлестіріліп, мастер-класстар, жеке қабылдаулар мен кездесулер ұйымдастырылды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы