31 Мамыр, 2017

Тағзым мен тағылым күні

929 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тағдырдың талай теперішінен өтіп, азат күнге, аңсарлы арманына қол жеткізген еліміз үшін бүгін аса маңызды күн. Бүкіл Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан тура 20 жыл бұрын арнайы Жарлығымен бекітілген атаулы дата –  31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді.

Тағзым мен тағылым күні

Оның үстіне, биыл отыз жетінің қанды қырғынына 80 жыл толып отыр. Бұл – қазақ халқының бір ғасырдың ішінде ғана басынан өткерген алапат зобалаңдары мен қасіретті күндерінің жиынтығы. Біз бұл күні еліне өлшеусіз қызмет еткен, бірақ тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшырап, жазықсыз атылған, айдауға түскен асыл азаматтарымызды, аштықтан қырылған миллиондаған боздақтарымызды аза тұтып еске аламыз, осындай зұлматтың енді қайтып болмауын тілейміз.  Өйткені, бұл іс жүзінде ұлтымызға келген ұлы жұт болатын. 

Қазақ халқы «Жұт жеті ағайынды» деп бекер айтпаған. Өткен ғасырда «жеті басты жалмауыз» іспетті аранын аша келген нәубеттер халқымызды біржола жойып жіберуге шақ қалды десек, ақиқаттан алыстамаймыз.

Алапат апат 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістен басталды. Бодандық езгіге қарсы бас көтерген халық аяусыз басып жаншылды. Соның салдарынан бейбіт ауылдар, бейкүнә жандар қырғынға ұшырап, қазақ үдере көшіп, шекара асуға мәжбүр болды.

Екінші апат осы зобалаңға ілесе келген қос төңкеріс еді. Ұлт зиялылары Патша тақтан тайған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін «қазақ енді өз алдына дербес ел болады» деген үмітпен, қуанышпен қарсы алған болатын. Алайда, көп ұзамай большевиктерді билікке әкелген Қазан төңкерісі еліміз үшін салдары талай жылдарға созылған аса ауыр зобалаңның басы болды. Бейбіт халық ақ пен қызылдың арасындағы атыс-шабыстың құрбанына айналды.

Есеңгіреген елді бір-бірінен айырып, бауырлас халықтардың арасын алшақтатып жіберген межелеу саясаты да апаттың бір парасы еді.

Алапат аштық жылдары қаймана қазақ тағы да қынадай қырылды. Бұл – «жұттың төртінші ағайыны» еді. Адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша, тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Жиыр­масыншы, отызыншы жылдардың басындағы аштықта қазақ халқы жартысынан айырылды. 

Бесіншіден, жаппай белең алған аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары асқан қатыгездікпен жүзеге асырылған бұл дүрбелең «аша тұяқ қалмасын» деген қызыл кеңірдек ұранға ұласты.

Қазақтың қолында тігерге тұяқ қалдырмауды көздеген зұлымдық ұжымдастыру науқанына ұласты. Елдің дәстүрлі шаруашылығына жа­салған бұл қастандық қолында малы бар ауқатты байлардың шекара асуына себепші болды. Көпшілігі шекарадан өтерде қызыл әскердің қолынан мерт болып, сүйегі сай-салада шашылып қалды.

Жұттың жетінші ағайыны – 1937-38 жылдардағы саяси-қуғын сүргін. Бұл – ел басына түскен ең сұмдық зұлматтың бірі еді. Өйткені, бұл нәубет халқымыздың ақыл-ойын, елге пана, жұртқа басшы болған Алаш арыстарын – ұлт зиялыларын қынадай қырды.

Қанды қырғын қазақты қаймағынан айырды. Жұрттың жадын, елдің та­ри­хи санасын қалыптастыруға қапы­сыз қызмет етіп жүрген Алаш қайрат­керлері қуғынға ұшырап, ұлттың иммунитеті әлсіреді.

Репрессия қазақ журна­лис­тикасының ортасын да ойсыратып тас­тады. Әр жылдары «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» газеттеріне басшылық жасаған Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды  ақтаңгер қаламгерлер «халық жауы» деген жаламен қуғынға ұшырап, бәрі де 1938 жылы тегіс атылып кетті.

Ел басына «жеті ағайынды жұт болып тиген» осынау қасіреттер енді ешқашан қайталанбауы тиіс. Бұл ауыртпалықты халқымыз елімізге қоныс аударуға мәжбүр болған өзге этнос өкілдерімен бірге көтерді. Киелі қазақ жерінен пана тапқан діні бөлек, тілі басқа жұрттарды басқа түскен қайғы-қасірет ағайын етті. Олардың ұрпағы бүгінгі Қазақстанда өсіп-өнді, өркен жайды. Сондықтан, Елбасымыз атап өткендей, тақсіретті тарихымыздың тағзым мен тағылым күнінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ұмытпау – біздің борышымыз болуы тиіс.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»