Рәсім барысында Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің басталуымен құттықтап, олардың жұмысы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Елбасы олардың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мемлекетіміз үшін жаңа тарихи кезеңде басталғалы тұрғанын айтты.
«Бұл – сіздердің дипломатия саласында жеткен үлкен шыңдарыңыз. Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткен елміз, жас мемлекетпіз. Осы жылдар бедерінде көп қиындықты еңсеріп, Қазақстанды дүние жүзінің картасына орналастырдық. Өсіп, өркендеп келе жатқан елдердің қатарына қостық. Енді Қазақстан өз өркендеуінің Үшінші кезеңіне қадам басты. Елімізде индустрияландыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу мақсатымен рухани жаңғыруды қолға алдық. Осы аталған бастамаларымыздың түпкі мақсаты, басты бағыты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға қатысты бастамаларына, сондай-ақ, одан әрі даму мен өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырған шараларына тоқталып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қызметінің нәтижелеріне назар аударды. «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндеттерін толық орындауда. Жаһандық ұйымның беделді органына өңір атынан өкілдік ету – біз үшін үлкен мәртебе. Еліміз дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі түйткілдер мен шиеленістерді шешуге белсене атсалысып келеді. Солардың бірі – Сириядағы ахуалды бейбіт жолмен реттеу мәселесі. Біз бұл проблеманы тек келіссөздер арқылы ғана шешуге болады деп ойлаймыз. Сондықтан, Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері алғаш рет бір үстел басында кездесіп, сөйлесіп, бір-бірімен келіссөздер жүргізді», – деді бұл жөнінде Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев санаулы күндерден соң Астанада «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу рәсімі өтетініне, оған әлемнің 100-ден астам елі қатысатынына тоқталды. «Бұл көрме адамзаттың бүгінгі таңдағы озық жетістіктерін көрсетіп, оларды насихаттауға бағытталатын болады. Көрме аяқталғаннан кейін оның базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. Сіздер ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге белсене атсалысады деп сенемін және «Астана» халықаралық қаржы орталығына сіздердің мемлекеттеріңіз үлкен қолдау білдіреді деп үміттенемін», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалану жұмысының нәтижесіне де назар аударып, шетелдік бизнес өкілдерінің Қазақстандағы жобаларды іске асыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті. «Еліміз шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлуде. Қазақстанда бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі іс-шаралар атқарылып келеді.
Инвесторларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сондықтан, өз елдеріңіздегі бизнесмендерге Қазақстанға келіп, жұмыс істеу қолайлы әрі пайдалы екенін түсіндірерсіздер деп ойлаймын. Оларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Бұған қоса, инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақинвест» деген ұлттық компания құрылды. Сонымен қатар, «Қазақэкспорт» атты ұлттық компания экспортқа шығатын ұлттық тауарларды қолдайтын болады. Біздің еліміз арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын төте жолдар, яғни автокөлік, темір жолдары өтеді. Бұл орайда, Қазақстан үлкен транзиттік мемлекет болғалы тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы міне, осыған бағытталған. Біздің осы бастамамыз Еуразия кеңістігіндегі басқа инфрақұрылымдық жобалармен ұштасып жатыр. Ол ортақ континентіміздегі өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негізделген. Қазір Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынып, ауқымды жекешелендіру науқаны жүріп жатыр. Сіздердің елдеріңіздің кәсіпкерлері осындай маңызды жобаларымызға атсалысады деп ойлаймыз. Мәселен, Тынық мұхитының жағасындағы Ляньюньган портынан шығатын контейнерлер Қытай-Қазақстан-Ресей арқылы Еуропаға 15 тәулікте жетеді. Қазірдің өзінде 1200 контейнер жүріп жатыр. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 жарым есе өседі деп жоспарлап отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті еліміз өз егемендігінің алғашқы кезеңінен бастап мемлекетаралық деңгейде сындарлы диалог пен ынтымақтастыққа негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын айтты.
«Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Мен Сеулге былтырғы қарашадағы мемлекеттік сапарымның нәтижесін жоғары бағалаймын. Қол жеткізген уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенемін. Жаңадан сайланған президентті құттықтауымда мен осы уағдаластықтар мен келіссөздерді одан әрі жүргізеді деп сенім білдірдім. Қазақстан экономикасы үшін Оңтүстік Корея өңірдегі ең ірі инвесторлардың бірі болып саналады. Қазақстан дипломатиясының күш-жігері Солтүстік Кореяға қатысты мәселені тек бейбіт келіссөздер арқылы шешуге бағытталған. Мен осы өңірде бейбітшілік орнайтынына сенемін. Екіжақты ынтымақтастықты барлық салада одан әрі дамыту жолдарын талқылау үшін Президент Мун Чже Иннің Қазақстанға сапармен келуін күтеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан Оңтүстік Азия өңіріндегі сенімді серіктес Индонезиямен арадағы диалог қарқынды түрде дамып келе жатқанын, екі ел қарым-қатынасының дамуында ілгерілеушілік бар екенін атап өтіп, саяси және халықаралық мәселелерге қатысты Астана мен Жакартаның көзқарастары ұқсас екеніне назар аударды. «Астана мен Жакартаның саяси, халықаралық мәселелерге көзқарасы бірдей. Екі мемлекеттің сауда-экономикалық қарым-қатынасының әлеуеті жоғары. Бұл саладағы ықпалдастықты дамыту үшін үкіметтеріміз белсене қызмет атқаруға тиіс. Сіздер оған септігін тигізеді деп сенемін. Биылғы қыркүйекте Астанада өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым мен технологиялар жөніндегі саммитіне Индонезия президенті Джоко Видодоның қатысуын күтіп отырмыз. Біз биыл Эр-Риядтағы кездесуде де осы мәселе жөнінде сөйлестік», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасымен арадағы қарым-қатынастың да жүйелі әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанын жеткізді. «Қазақстан мен Сербиямен арада мықты саяси ынтымақтастық және сенім бар. Елдеріміздің байланысын нығайтуға соңғы екі жылдағы жоғары деңгейде өткен сапарлар тың серпін берді. Екіжақты саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Сондай-ақ, Астана-ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына Сербияның жаңа Президенті А.Вучичтің қатысатынын атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес – Румыниямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты. Бұл ретте: «Румын экономикасының энергетика саласына Қазақстан салған инвестиция мемлекеттер арасындағы кооперацияның айшықты айғағы», – дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Бухарест арасындағы ынтымақтастықты серіктестіктің жоғары деңгейіне көтеруге мүдделі екенімізді жеткізді.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы миссиясының басталуымен тағы да құттықтап, ынтымақтастықты нығайту жолындағы істеріне сәттілік, жұмыстарына табыс тіледі.
Бұдан кейін Қазақстан Президентіне Сенім грамотасын тапсырған Төтенше және өкілетті елшілер БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Корея Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ-Сик қос тарап арасында дипломатиялық ынтымақтастық орнаған 25 жылдың ішінде өзара байланыс тетігі нығайып келе жатқанын жеткізді. «2009 жылдан бастап біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілді. Мен өз тарапымнан электронды үкімет, мемлекеттік басқару, адами ресурстарды басқару секілді мәселелерді, жалпы екіжақты байланысты кез келген салада одан әрі дамытуды назарда ұстайтын боламын. Қазір Корея үкіметі ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Көрме аясында Корея павильоны жаңа технологияларға негізделген озық өнімдерін жұртшылық назарына ұсынатын болады», – деді.
Ал Сербия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Владан Матич соңғы бірнеше жылдар бойы қос мемлекет қарым-қатынасының қарқын ала түскеніне, Сербия үшін Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды серіктестердің бірі екеніне тоқталды. Ол: «Біз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын қолдаймыз. Мен өз тарапымнан бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстарды одан әрі жалғастыруға күш салатын боламын», – деді өз сөзінде.
Ал Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Прамоно: «Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы арқылы әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың орнауына күш салып келеді. Оған Сирияда қалыптасқан жағдай бойынша Астанада бейбіт келіссөздердің жүргізілуі дәлел. Сол себепті, Индонезия Қазақстанның өңірдегі тұрақтылықпен қатар, дүние жүзіндегі қауіпсіздіктің нығаюына қосып отырған үлесін жоғары бағалайды. Жалпы, екі мемлекет әріптестігінің даму әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта Индонезияның 2 компаниясы фармацевтика және тау-кен салаларына инвестиция құюды көздеп отыр», – десе, Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Чезар-Маноле Армяну Қазақстан мен Румыния биыл 15 шілдеде дипломатиялық байланыстың орнауының 25 жылдығын атап өтетінін жеткізді. «Қазіргі таңда қос мемлекет арасында президенттік, парламенттік, үкіметтік деңгейде жоғары саяси үнқатысу орнаған. Экономика, мәдениет, білім-ғылым салаларында жақсы деңгейдегі әріптестік жолға қойылған. Мен алдағы уақытта екіжақты келіссөздер көкжиегінің кеңеюіне, оның ішінде экономика, сауда, инновациялық технологиялар, адами ресурстарды басқару, білім-ғылым, мәдениет пен спорт салаларындағы байланысты жандандыру жолында еңбек ететін боламын», – деді Чезар-Маноле Армяну.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды