Әдебиет • 31 Мамыр, 2017

Азамат

997 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ол – қазақ тілінің үлкен жанашыры. Ана тілінің қаға берісте қалған тұстарын аңғарып қалса, оны көтерерлік бір шаралар ойлап, істің тетігін тауып кетеді. Мектептерге жиі барып, сөрелері босап қалған кітапханаларды қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен толықтырып, авторлармен кездесу ұйымдастыру – оның негізгі бағдарламасының бірі. Тіл реформасы жайлы мақалалар жазып тұрады.

Азамат

Қазақтың Азаматы деген үлкен бір ұғым. Оның ісіне риза болғанда, «Жігітім-ақ!», «Азаматым-ақ» деп көңіл толып, мәз болып қалатын мінезіміз де бар. Ел арасында қиын-қысталаң жағ­дай­лар болмай тұрмайды. Оған қолұшын беріп, қиындықтан құтқарып жіберетін, көптің көңілі­нен шығатын осындай ер жігіттер елдің шебі ғой. 

Осындай бір жігітті мен біраздан бері білемін. Мағжан Жұмабаев ақталғаннан кейін оның шығармашылық өміріне қатысты бір шараларға қатысу үшін Петропавлға барған едік. Жиыннан кейінгі бір отырыста қатар отырып қалыппыз. Ол бұрын бір кездескенімізді еске түсірді. Біраз жыл бұрын Сарыағашта демалғанда кездесіппін. Бізбен бірге Бәйкен Әшімов жатқан. Бір күні Байекең маған телефон соғып, «бір қонақтар келіп қалған екен, бізге кіріп шықшы» деді. Сонда көріппін. Көп отырмаған сияқтымын. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы екені есімде қалыпты. Содан кейін он шақты жылдай уақыт өткен.

Ол енді Солтүстік Қазақстан облыстық соты­на төраға болып ауысып келіпті. Көп нәр­се­ден хабары бар, облыстың мәдени өмірін жақсы білетін (тек облыстық қана емес) өрісі кең жігіт болып көрінді. Осыдан кейін онымен әртүрлі жиындарда жиі кездесіп қалып жүрдік. Оның аяғы кең көлемдегі жолдастыққа, қарым-қатынасқа ұласты. Мен оны көпшіл, адал, ақылды, ағайынды алыс-жақынға бөлмейтін, жүрген жеріне шапағат шашып жүретін азамат ретінде таныдым. Көптің көңіліне, жұрттың жүрегіне жол тапқан ойлы, ақылды, сыпайы мінезді, іскер басшы деп бағаладым.

Бұл жігіттің аты-жөні – Бекет Тұрғараев. Қазы­ғұрт тауының етегінде, Шымкент – Сарыағаш жолы­ның бойындағы Шарапхана мекені тұсында, Талдыбұлақ деп аталатын ауылда туыпты. Осы екі ауылда (Талдыбұлақ, Шарапхана) мектеп­те оқыпты. Сегізінші сыныптан кейін Түркістан­дағы педагогикалық училищеге түседі. Оны жақ­сы оқып бітіріп туған ауылына келіп екі жыл­дай қызмет істеген. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін өндірісте екі жыл жұмыс істеу деген талап болатын. Осы мерзімді сақ­тап, Қазақ университетіне оқуға түскен. 1974 жылы университеттің заң факультетін үздік дипломмен бітірген.

Әділет министрлігі Тұрғараевты Шымкент облыстық сотына тәлімгер (стажер) етіп жібереді. Өмірлік тәжірибесі мен алған білімін ұштастыра білген жас маман бірден-ақ жұмысқа ынтамен кірісіп, сот қызметінің сырын еркін меңгеруге ұмтылады. Өзіне берілген тапсырмаларды қамшы салдырмай атқарады. Сот басшылығы оны аңғарып, бір жылдан кейін-ақ облыстық соттың мүшесі етіп тағайындайды. Ол 12 жыл бойы осында мінсіз қызмет істеп көзге түседі. Сол бір тұста Оңтүстік Қазақстанда «Мақ­та істері», «Қаракөл істері» деген атпен елді дүрліктірген істердің өзінің шешімі көп көңілінен шығып, басшылықтың қолдауына ие болады. Облыстық сот басшылығы жігерлі жігітті қоғам­дық жұмыстарға тартып, оған облыстық сот­тың кәсіподақ ұйымына жетекші болуды тап­сырады. Сот жүйесіндегі еңбегі министрлікте де, облыста да биік бағаға ие болып, ол Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық халық сотын басқаруға ұсынылады. Бұл қызметті Бекет бес жылдай атқарады. Содан кейін 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалады. Онда 1995 жылға дейін абыройлы еңбек етеді.

Сегіз жыл бойы бір облыстың соты болып отырған ол Алматыға шақырылып, бас про­куратураның құқықтық ақпарат орталығына басшы, Әділет министрлігі соттардың қыз­метін ұйымдастыру департаментінің дирек­торы болып үш-төрт жылдай істейді. Содан кейін қайта облыстағы сот қызметіне – Солтүстік Қазақ­стан облыстық сотының төрағасы болып бара­ды. Бұл жұмысты ол ұзақ жылдар абыроймен ат­қарады. Оңтүстік пен Солтүстіктің табиғи жағ­дайлары ғана емес, халқының құқық, дәстүр жайындағы ұғымы да түрліше екені белгілі. Сауатты, жан-жақты білікті, көпшіл, елдің тілін таба білетін Тұрғараев мұнда да өз ауылындай сіңісіп кетеді. Республика көлеміндегі ең беделді соттың бірі деп танылып, Қазақстанда бірінші рет ұйымдасқан Соттар одағына басшылыққа ұсынылады. Оны облыстағы негізгі қызметімен бірге үш жылдай (2002-2005 ж.ж) жүргізеді. 2003 жылы Жоғары Сот Кеңесі құрылып, оған мүше бо­лып сайланады. «Республиканың еңбек сіңірген заң­гері» атағын алады.

Бекет бұл жылдарда сот жұмысын ғылымдық негізде дамыта білді. Бірқатар ғылымдық ойға, ұйымдастыруға негізделген еңбектер жазды. 2002 жылы «Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» тақырыбына кандидаттық, 2007 жылы бұл проблеманы кеңінен талдаған докторлық диссертация қорғайды. Оның ұсыныстары мен ойлары сот орындаушыларының бірінші съезінде қолдау тауып, сот жұмысында пайдалануға ұсынылады. Еңбектері заң мамандары мен жоғары мектеп студенттері тарапынан қызығушылық туғызады. Соттың практикалық қызметінде билер соты жұмысының тәжірибесін пайдалану туралы ұсынысты ол алғашқылардың бірі болып қолдады. Осы тақырыпты терең зерттеген атақты заңгер, академик Салық Зиманов Бекет ұсы­ныс­тарына ерекше назар аударды және ав­торына зор ризалық білдіріп, қамқорлық жа­сады. Сот жүйесін реформалау жұмысына қа­тыс­ты мәселені талқылауға да ол көп араласты.

Б.Тұрғараев – өзінің ұзақ жылдардағы сот би­лігінде жүргізген қызметінде сот жұмысын ор­на­ластырудағы шашыраңқылықты бір жүйеге түсіріп, бір ізді тәртіп орната білген басшы. Рес­публика соты, әсіресе, Бекеттің осы салада Сол­түстікте жүргізген шараларын жоғары баға­лады. Ол Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен «Рес­публиканың құрметті судьясы» деген атақ алды. Соттар одағының төрағасы кезінде ол сот қызметін пайдаланатын мекемелердің барлығында олардың беделін арттыру бағытында жаңа пайдалы ұсыныстар кіргізді. Тұрғараевтың қатысуымен ашылған спартакиада ойындары алғаш тосырқай қарағанмен, кейін дәстүрлі салтқа айналды. Билер соты тәжірибесін сот қызметінде пайдалану ұсынысы да қолдау тауып, өмірден өз орнын алды. Ол «Үш би» белгісін кеудесіне тақты.

Бекет сот жұмысына қарасты республикалық, одақтық (ТМД) конференцияларға да жиі қатысып, оларды ұйымдастыруға көмек жасауға көп араласқан. 2003 жылы «Қазақстанның Ресейдегі жылы» аясында өткен орыс-қазақ заң­герлерінің басқосуында баяндама жасады.

Оның сот қызметіндегі алғашқы адымынан бастап, көзге түскен бір ерекшелігі – оның жаңа­шылдығы еді. Ол халықтың құқықтық сауа­тын жетілдіру мақсатында халық заседатель­дерін, басқа да сот қызметкерлерін қатыстыра отырып, қоғамдық негіздегі халық университетін ұйымдастырды. Мұның жастардың құқықтық білімін көтерумен бірге, жасөспірімдер арасында тәртіп бұзудың азаюына көмегі тиді. Ол басқарған Шымкенттегі Дзержинский соты сол кездің өзінде Әділет министрлігі тарапынан базалық сот болып танылған. Бұл тәжірибені республикада кең насихаттауға шешім шығарған. Шымкентте Бекет сот жұмысында жариялылықты кеңейту, сот ісі тәжірибелерін халыққа жеткізу мақсатында «Заң және заман» атты газет шығаруды ұйымдастырды. Прокуратурада қызмет істеп жүргенде осы атпен журнал шығарады. 1996 жылдан бері үзбей шығып келе жатқан осы журнал бүгін 15 мың тиражбен тарайды.

Сот саласының білімді қайраткері тек өз қызметімен шектеліп қалмай, мұқтаж жандарға ұдайы көмектесуден тартынбады, қамқорлық жасай білді. Жастарды жұмысқа орналастыруға көмектесті. Қазір оның тәрбиесін көрген жастар көп. Шығармашылықпен шұғылданатын талантты адамдардың мұңы мен мұқтажына көз салды. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың он томдық шығармалар жинағын, Қадыр Мырзалиевтің 20 томын, Мағжан Жұмабаев пен Кәкімбек Салықовтың кітаптарын өз қаражатына бастырды. Қ.Омаровтың Қожаберген жырау туралы кітабы мен Қ.Тұрсынқұлов жазған «Қазығұрт» энциклопедиясына демеушілік жасады. Қожаберген жырау қорын құрып, оның шығармаларын бастырды. Бұдан үш жарым ғасыр бұрын өмір сүрген жыраудың мұрасын жинап, зерттеуді ұйымдастырды. Өзі бас болып, «Ақтабан, шұбырындының» әні болған «Елім-ай»-ды, осы аттас дастанды, «Баба тілі» дастанын тауып, соларды тағы басқа шығармаларымен қосып бастырды. «Елім-айдың» шын авторы Қожаберген екенін дәлелдеді. Қожабергеннің кезінде қолбасы болып, елді жаудан қорғаған, тағы басқа өмірінің деректерін жариялады. Сөйтіп, жыраудың 350 жылдығын республика көлемінде өткізуге мұрындық болды.

Бекеттей інісі біз сияқты ағасына да тыныс болған. Қай жерде қиындық болса, көмекке келеді. Ол мектептерде жиі болып, кітапханасы жұтап қалған ауылдардың үлесін толтырады. Танымал жазушылардың жаңа басылымдарынан кітаптар алып, мектептерге таратады. Солтүстікте тұрған Тоқсан атты бидің басына жаңа бейіт – көрікті күмбез тұрғызып, оның атына «Тоқсан би» қорын құрды. «Өлке тарихы – тұлғалар тари­хы» атты республикалық ғылыми-тәжірибе­лік конференция ұйымдастыруға ұйытқы болды. Оған С.Зиманов, Б.Аяғанов, М.Қойгелді, т.б. ғалымдар қатысты. Петропавлда Қожаберген кесенесі, Шал ақын ауданында ақын ескерткіші де орындарын тапты. Оңтүстік пен Солтүстік облыстардың біріккен ынтасымен «Ел иесі», «Жер иесі» атты пір Бекеттің туғанына 260 жыл толуына байланысты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оған республиканың әр түкпірінен мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет өкілдері қатысты. Шараны тікелей ұйымдастырып, басқарған, қаражатын да көтерген – Бекет Тұрғараев.

Қазақтың мәдениеті мен тілін, әдебиетін, жалпы ұлт руханиятын ерекше қадірлеп, оған қызметін де, қаражатын да аямай еңбек еткен Азамат абыройы айтарлықтай.

Тұрғараев тұсында Оңтүстік пен Солтүстік бірігіп кеткен тәрізді көрінеді маған. Мәдени шаралардың бірі онда, бірі мұнда, жалғасып өтіп жататын. Екеуіне де екі жақтан қатысушылар көбейді. Ол басқарған топ Солтүстіктен келіп Түркістанның 1500 жылдығы мен киелі Қазығұрт ауданының 75 жылдығын бірге тойласа, Оңтүстік өлкенің өкілдері «Өлке тарихы – тұлғалар тағдыры» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, Солтүстіктің туғандары үкілі Ыбырайдың, Ақан Сері, Біржан сал, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжандардың еңбектерін наси­хат­тап демеушілік үлестерін қосты. Қожабер­ген жырауға, Евней Бөкетовке ескерткіш бюстер жасатты. Мағжанның ата-анасының жатқан жерін тауып, бастарына белгі қойды. Шоқанның әжесі «Айғаным мұражайының» кітап қорын толықтырды.

Маңғыстауда облыс әкімінің кеңесшісі бол­ған аз уақытының ішінде Бекет облыс­тың 40 жылдығын өткізуге белсене аралас­ты. «Маң­ғыс­тау ақын-жазшыларының шығар­машы­лық кітапханасын» (50 том) шығаруға ұйытқы болды. Қазір «Егемен Қазақстанның» меншікті тіл­шісі болып жүрген Гүлайым Шынтемірқызы «Сіздей жан керек еді-ау Маңғыстауға» деген мақала жазып, Бекеттің ел ішіндегі істеген жұмыстарын әңгімелепті. Шынтемірқызын газетке тілші етіп ұсынған да Тұрғараев екен. Ол «Маңғыстау өңірінде жазатын мәселе көп. Қаламыңа қанат бітсін, қарағым!» – деп батасын беріпті.

Ол Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өзі туған Қазығұрт бауырына «Бабалар рухына тағзым» атты кешен қойғызды. Ол Президент айтқан «Туған жерге туыңды тік!» деген қағиданы еске алғызады. Кешенде Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған сол жердің 384 азаматының аты алтын әріппен қара мәрмәрдің бетіне жазылып қойылды. Соғыстан келіп, еңбекке араласып, бүгінде дүниеден озған 190 ардагердің аттары да жазылды. Өздерінің ұлы бабасы Түгейболат бабаға ескерткіш монумент арналды. Бұл шара Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен, т.б. жерлерден келген көрнекті қайраткерлердің, ғылым, білім, еңбек өкілдерінің қатысуымен өтті. Бекеттің сол күндері «Елге мұра – ұрпаққа ұран» деген мақаласы шығып («Егемен Қазақстан»), аруақтарды күңірентті.

Елбасының рухани жаңғыру ұранына үн қосу рухында Шарапханадағы ескерткіш маңынан жастар саябағын ашып, оған 1000 түп әртүрлі ағаштар отырғызып, гранит тасқа Абай сөздері жазып қойылды. Гүлзар бақта жарық ойнап, гранит тас жарқырап, орындықтарда жастар Абай сөздерін оқуының өзі – бір романтика.

Өзінің саналы өмірін еліне арнаған Бекеттің XVІІ ғасырда Сайрамды қорғаған батырларға арнап жасатқан ескерткіші Шымкент қаласының стадионынан орын алды. Бұлардың бәрі Бекеттің өз халқының жаны ашыр бауыры бола білгендігінің, ел мұрасын, рухани тіршілігін байытуға деген жан талабының көрінісі. Адамгершілікті насихаттау – оның өзі жүрген, қызмет істеген өлкелерде қоса атқарған кәсібі.

Ол – қазақ тілінің үлкен жанашыры. Ана тілінің қаға берісте қалған тұстарын аңғарып қалса, оны көтерерлік бір шаралар ойлап, істің тетігін тауып кетеді. Мектептерге жиі барып, сөрелері босап қалған кітапханаларды қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен толықтырып, авторлармен кездесу ұйымдастыру – оның негізгі бағдарламасының бірі. Тіл реформасы жайлы мақалалар жазып тұрады.

Оның кеудесінде Президентіміз өз қолымен таққан «Құрмет», «Парасат» ордендері жарқырайды.

Бекет атқарып жүрген осы ұлы істерге тілектес болып, ерінің қолын қақпай, кішіпейіл, қазақтың кең қолтық бәйбішесінің орнында бүгін жары Хамитқызы Ұлды, ұлдары Мұхит, Заңғар, қызы Жұлдыз отыр. «Ата көрген оқ жонар» деген. Бұлар да ата ісін мақұлдаумен шектелмей, өздері де араласып жүреді.

Елдің досы, халықтың ұлы, қолы ұзын, қайы­рымды жігіттің ісіне, өміріне оны білетін адамның бәрі риза, тілектестердің қатары көбе­йіп, қайырымдылықтың көлемі артуда.

Тұрғараев білімді, жомарт жанды, озық ой­лы азамат. Оның істеген ісі де, ойлары да, тіпті қайы­рым­дылық қызметі де ел бірлігі, қайшы­лық­­ты пікірлерді келісімге тарту, ымыраға, бере­­ке­г­е шақыру шараларымен туысып жатады. Оның «Заңгердің көзқарасы» атты (2016 ж.) қалың кітабы (810 бет) бұл саладағы көзқарасын анық таны­тады. Ол әркімді-ақ заңды білуге, оны сыйлауға, Президент жарлығымен (1994 ж.) іске асқан құқықтық реформаның қағидаларын біліп жүзеге асыруға үндейді. Ол сөз құдіретін, заң құдіретін сыйлайды, билер сотының сабақтарын пайдалануды көздейді, сот билігінің тәуелсіздігін қолдайды. Өзінің қызметі де әділ шешім мен келісімге тіреледі.

Биыл ғана (2017 ж.) Тұрғараев туралы «Руха­ниятқа жанашыр азамат» деген кітап шықты. Бұл да өзі қадір тұтқан судьялық демократизмге сүйеніп жазылған. Оған бірқатар естеліктер кірген. Бекеттің судьялық қызметі де, руханият саласындағы атқарғандары да осында кең баяндалған.

Халық ішінде заң жүйесін, тәртіп пен қоғамдық өмірдің сырын көп білетін Бекет –  елге өзін өзі ұстау мәдениетін егушілердің бірі. Халықтық мәдениет үстемдігі артсын! Алла оған ұзақ өмір берсін! Ел бар жерде Бекет бар. Үйренген ел басына іс түссе, оны іздейді, жер түкпірінде жүрсе де ол шауып барып, жаңа туған баланың қуанышына, аза тартқан үйдің қайғысына ортақтасады. Ел ортасында. Солардың батасы сені алға сүйрей берсін!

Біз білетін Бекет қазақтың үлкен Азаматы.

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик