Бірінші құжат – Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің жабық партия жиналысының (1937 жылдың 11-13 шілдесі) хаттамасы. Алматы қаласы қаламгерлерінің осы басқосуында негізгі баяндаманы жасаған – Хамза Жүсіпбеков. Бұған Әбдіқадыров, Тұрманжанов, Қаратаев, Майлин сияқты жазушылар қатысқан. Жиналыста «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» және «Лениншіл жас» газеттері бетінде көтерілген сын-ескертпелерді кейбір жазушылардың (С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов,, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов, т.б.) БКП(б) ОК-нің ақпан-наурыз айларында өткен пленумдарының қаулыларын орындамауы, олардың сын және өзара сынды кеңінен өрістетпеуі, ал әдеби шығармаларында троцкийшілдердің, ұлтшылдардың өкілдері бейнеленіп, орын алғаны сөз болады.
Хаттамада атап көрсетілгеніндей, коммунист-жазушылар, әрі Басқарма мүшелері Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіров жұмыс барысында біраз қателіктер жіберген: саяси немқұрайлық жасап, мағынасыз ауруға кезіккен, келісімпаздық және іріп-шіріген либерализмге ұшыраған. Майлин жолдастың 1934 жылы өзінің ескі саяси зиянды шығармалары және оның ішінде Троцкий деген бандитті мақтайтын «Ауыл мектебі» атты пьесасы қайта жарық көреді. Ал Ілияс Жансүгіров болса өзінің ескі ұлтшыл өлеңдерін қосып, шығармалар жинағын қайта шығарған.
Өкінішке қарай, Майлин мен Жансүгіров жолдастар өздерінің осы ірі саяси қателеріне мән бермеді, қазірдің өзінде оған тиісті назар аудармай отыр, ал мұндай іс-әрекет, сөз жоқ, жауларға ғана қызмет етеді. Олар болған жағдайды большевиктерге тән өткір сынға алудың орнына өздері үшін «қолайлы» жағдай жасап, немесе ұялшақтық көрсетіп, пікірін ашық айтпайды дегендей, жырымдап, жартылай жеткізгісі келеді.
Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы партия ұйымы кейбір жазушы-коммунистердің (Мұқанов, Майлин) ұлтшыл элементтермен және келісімпаздықпен күрес мәселесін анда-санда көтеріп отырса да большевиктік сынды, өзара сынды жүйелі түрде жүргізбеді, өздерінің шешімдерін бақылап тексермеді, орындалуға тиісті шараларды көзделген межеге жеткізе алмады, өз мүшелерінің (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгіров, Майлин) саяси қауіпті қателерін талдауды партиялық-принципті дәрежеге жеткізбеді.
Партия жиналысының қаулысында кейбір жазармандарға тән осындай олқылықтар сынап-мінеледі, оның кейін тағы да орын алмас үшін тиісті шаралар белгіленген. Мәселен, жиналысқа қатысушылар зиянды туындыларын қайта шығарған авторларға одақтың партия тобы жасаған қорытындыларымен толық келісіп, өздерінің ірі саяси қателіктерін шұғыл түрде түзетемін деген уәделері еске алынатындығына назар аударылған. Егерде бұл жағдай алда қайталанатын болса делінген архив құжатында, ең ауыр партиялық жаза қолданылатындығы қатаң ескертілген. Хаттамаға қол қойған негізгі баяндамашы – Х.Жүсіпбеков, хатшы – Ө.Тұрманжанов.
* * *
1937 жылғы қазан айының 8 жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымының жиналысында Бейімбет Майлиннің жеке ісі қаралып, оны халық жауы есебінде ҚК(б)П қатарынан шығару жөнінде қаулы қабылданады. Осы шешімге үзілді-кесілді қарсы шыққан адам – Ғабит Мүсірепов. Бұл жөнінде «солай болған екен» деген сияқты хикаят, аңыз-әңгіме көп. Дей тұрсақ та, осыдан сексен жыл бұрын өткен жиналысқа қатысқан аяулы аталарымызды қазір таба аламыз ба? Сондықтан да шын мәнінде оқиға қалай өрбіді, қандай нақты деректеріміз бар, архив құжаттары не дейді деген ой-өрім әрдайым алдымыздан шыға береді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде Республика Президенті Архивінде сақталған сол партия жиналысы хаттамасының аса құндылығын атап өтпеске болмайды. Онда былай делінген.
Бейімбет Майлиннің ұлтшыл-контрреволюционер есебінде әшкереленуіне байланысты мәселе бірнеше рет көтерілген. Ғабит Мүсірепов Жазушылар одағы басқармасының мүшесі және ҚК(б)П Орталық Комитеті мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі бола тұрып, маусым (1937) айында өткен партия жиналысында да Майлинді жақтап сөйлейді. Газет редакторы болмағына қарамастан Бейімбеттің ұлтшыл екендігі әйгіленген мақаласы шығып бара жатқан газетті тоқтатып, материалды Майлиннің пайдасына қайта өңдеген. Мұнымен қоймай, 1 қазанда бұл мәселе қайта көтерілгенде Мүсірепов жолдас тағы да оны ашықтан-ашық қорғап, мәлімдеме жасаған. Қызмет орнын пайдаланып, өзіне жауапкершілікті батыл түрде алып, «мен Майлинді жақсы білемін, онымен қызмет барысында ғана емес, жеке және отбасымен араласамыз, сондықтан оған саяси сенімділік көрсетемін, сенемін, ол, Мүсірепов, Майлинге әрқашан қамқорлық жасайды, оны ұлтшыл деп айыптайтын адамдардан қорғайды» деген.
Майлин бір жыл бойы Жазушылар одағында қызмет істемесе де оның жалақысын толық төлеттірген. Мүсіреповтің басқа да халық жауларымен (Сейфуллин, Лебеденко, Тоғжанов, Хұсайынов, Нұртазин, Ғатаулин, Жаманқұлов, Айсарин т. б.) қарым-қатынас жасайтындығы атап көрсетілді. Жиналыс осыған орай Ғ.Мүсіреповтің партиялық жеке ісін ЦК-да қарауға ұсыныс жасайды.
* * *
Бұл аса жауапты шаруаны, қызыл террорды, өткізудің мақсат-мүддесін партия көсемдері – әуелі Ленин, содан соң Сталин – саяси-теориялық тұрғыдан анықтап, оны қалай орындаудың сара жолын белгілеп берген болатын. Мұны жүзеге асыруда НКВД аппараты, партия ұйымдары, прокуратура, сот жүйелері, басқа да мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар ауызбірлік көрсете білді. Ал бұқаралық ақпарат құралдары болса онсыз да от-жалынға оралып тұрған қоғамдық-саяси хал-ахуалға май құйып, жағдайды ушықтыра түсті. Сөйтіп, зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар, журналист ағайындар да тап жауларын қырып-жою науқанынан тыс қала алмады.
1937 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында тұратын ақын-жазушылардың жиналысы болып, онда әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру туралы мәселе қаралды.
– Байділдин, Тоғжанов сияқтылар әдебиетте зиянкестікпен айналысты. Жансүгіров Тайшықов сияқты күшіктерін ертіп, әдебиетті бүлдірді. Тоғжанов Қуанышовты хатшы қылып, тамақ асыратып қойды. Өлкелік партия ұйымының бағытына сәйкес өзара сын дамып келеді. Сәкен, Бейімбет, Сәбиттердің де қателіктерін көрсетіп жүрміз, – дейді жиналыста сөйлегендер.
«Казахстанская правда» газетінде «Выкорчевать националфашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» (16.09.1937) деген редакциялық мақала жарық көрді. Мұнда негізгі сынға алынған тұлға – Сәкен Сейфуллин.
Дауылпаз ақын қаламгерлердің жікшіл-топтық жүйесін басқарып, тоғжановшылардың зиянды әрекеттерін қостаған. «Қызыл сұңқарлар» пьсасында өзін-өзі мақтайды. Ал «Тар жол, тайғақ кешу» деген еңбегінде контрреволюцияшыл алашордашылардың суреттерін жариялаған. Сәкеннің мұндай еркінсуіне Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов пен ЦК-дағы досы Ғабит Мүсірепов кінәлі деп мақалада атап көрсетілген.
* * *
Жазушылардың қызыл террор кезінде ресми түрде бас қосқан жиындарда сөз болып, халық жауларын қалай құртып-жоямыз, әдебиетті қалай өркендетеміз деген тұрғыда айтылған кейбір ой-пікірлерінің бір парасы, міне, осындай.
Амантай КӘКЕН
АСТАНА
Суретті салған
Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»