31 Мамыр, 2017

Құшағы кең, мейірімі бөлек халық

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзге этностар сияқты Қазақстанды мекендейтін поляк жұртшылығы да қиын-қыстау кезеңде бауырына басып, жылы құшағын айқара ашқан қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Қызылжар өңірінде тұратын поляктардың аға буыны кезінде сталиндік қуғын-сүргін зобалаңына ұшырап, туған жерінен еріксіз аластатылған. Олардың естелік­терін тыңдағанда жүрек сыздап, сай-сүйек сырқырайды.

Құшағы кең, мейірімі бөлек халық

Әке-шешелеріміз бір түнде түтін түтетіп отырған атамекенінен қотарыла ауып, қазақ еліне жеткенше көрген небір қиындықтарды айтқанда көз жас­тарын көл ететін. Тағдырдың тәлкегімен көрмеген қорлықтары қалмаған. Тек тыныштық ұялаған кең-байтақ Қазақстаннан пана тауып, қазақ халқы туғанындай болып кеткен. Жарты құртты бөліп жеп, мейірін төккен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, сол бір нәубат заманда басы ауған жаққа босып кеткен поляктарды бір қотанға ұйыстырып, қызығын да, қиындығын да бастан бірге кешірген тұрғылықты халықтың қонақжай, бауырмал, меймандос қасиеттеріне керемет тәнтіміз.

 Өзгелер секілді саяси қуғын-сүргінге түскен поляктардың кейінгі ұрпағы ретінде мен де өзімді қазақ ағайындар алдында қарыздармын деп есептеймін. Тарихи атажұрттан алыста жүрсек те, «бір үйдің баласындай, бір қолдың сала­сындай» тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Дос­тығымызға еш қылау түскен емес. Төл тарихы­мызды, мәдениетіміз бен тілімізді үйренуге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Сұрқия саясаттың құрбанына айналған ата-әже­леріміздің 20 мыңға жуық ұрпағы негізі­нен Тайынша ауданын қоныс етіп, еліміздің гүл­денуіне үлкен үлестерін қосып келеді. «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан!» деген сөзді ба­ла­­­лары­мыз бен немерелеріміз де көкіректеріне ұялатқан.

Анатолий КРАЩЕВСКИЙ,
облыстық «Коперник» поляк мәдени орталығының төрағасы

Солтүстік Қазақстан облысы