Іс-шараның шымылдығын Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков «Ұрпақтар ұмытпайды» тақырыбымен ашып, бұл күннің қазақ тарихында қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
«Ел тарихында елеулі орын алған аса аянышты кезеңді бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл тарих. Ұмытылмайтын тарих. Ерекше атап өтетін бір жайт, біз бұл күнді он бес одақтас мемлекеттің ішінде бірінші болып азалы күн ретінде қабылдадық. Биыл жиырма жылдың жүзі болды, осы күнді ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, құрбан болғандарға құрмет көрсетіп келе жатқанымызға. Содан бергі жасалған шарапатты шаралар, ізгілікті істер көңілге қуаныш, жүрекке жұбаныш сыйлайды. Осындайда «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тіркес тілге оралады. Қарап отырсақ, Қазақстан мен оның бауырына жиылған әртүрлі этностар ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты неше түрлі нәубетті бастан өткерді. Көзге жас, көңілге шер ұялататын қайғылы кезең қабырғамызды сөгіп, қатарымызды азайтып кеткені жанға бататын жарақат. Себебі, еліміздің саны 1914-1916 жылдардағы санақ бойынша 6 млн болып, түркі елдерінің ішінде екінші орында тұрған болса, нәубеттен кейінгі санын тіптен салыстыруға келмейді. Қазақстан территориясында болған түрлі лагерьлер, «Гулагтың» бір үлкен жүйесі «Карлагтың», Ақмола аймағындағы «АЛЖИР-дің» болуы қазақ санының кемуіне әкеліп соқты.
31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні мемлекеттік деңгейде аталып өтетіндігін және де басқалармен салыстырғанда ауқымды жұмыстардың атқарылғанын ауыз толтырып айтуға болады», деді ол.
Одан кейін сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі ұлттың жады жайында пайымды пікірін ортаға салды.
«Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады. Әрбір ұлттың иммунитеті болады. Сол иммунитетті сақтайтын, ұлттық кодты да, ұлттық жадыны да сақтайтын ұлттың зиялылары. Біз репрессия жылдарында сол зиялыларымыздан айырылғандықтан тарихи жадымызды да жоғалтып ала жаздадық», деді ол.
«Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы бүгінгі жастардың бойында саяси қуғын-сүргін құрбандарына деген құрмет болуы керектігін тілге тиек етіп, әлі де атқаруға тиісті жұмыстардың көп екенін алға тартты.
«Бүгінгі күн, яғни 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп аталынғанымен, біз бұл күні кеңестік саясаттың кесірінен құрбан болғандардың барлығын еске аламыз. Құрбандарға арнап ас беріледі, түрлі қала, ауыл, аудандарда ескерткіштер бой көтеріп, кино түсіріліп, кітаптар шығарылуда. Менің ойымша, бізге ең бірінші тарихи сананы қалыптастыру қажет. Олай болмаған жағдайда біз ашаршылықтың қандай болғанын сезіне алмаймыз. Ол үшін әрбір қазақ өзінің аталарының ішінен аштықта қырылғандары болса, солардың тізімін жасау керек. Сонда нақты санын айқындауға жеңіл болады. Себебі, бабаларды ұмытпау керек, ұлықтау керек. Сол үшін ашаршылықты ұрпаққа сездіретін мұражайлар, толымды зерттеулер қажет. Тағы бір үлкен тақырып – ашаршылыққа қарсы болған көтерілістер. Осыған орай біз Созақ көтерілісі туралы ізденгенімізде, көтеріліске қатысқандардың көбі әлі күнге ақталмаған. Баспасөз беттерінде ашаршылыққа қарсы көтеріліске шыққандар деп олар жайлы, олардың еңбегі жайлы түрлі мақалалар жарық көруде. Ал құжат жүзінде олар әлі «бандит» деп тұр. Егемендігін алған ел болған соң енді оларды заң арқылы ақтап, есімін елге қайтару керек», деді Берік Әбдіғалиұлы.
Сонымен қатар, «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры Қамажан Жұмақасова да, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы да, Қазақстан Ұлттық арнасының аналитик-редакторы Нұрбек Бекбау да тақырып төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»