Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алдымызға көптеген міндеттер қойды. Білім, денсаулық, кәсіпкерлік салаларында тың қарқын, игі жобаларды қолға алуды міндеттеді. Сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да ұлттық құндылықтарды негізге алып, нақты жобаларды атап көрсетті. Елбасы айтқандай, халқымыз үшін «Туған жер» бағдарламасының маңызы ерен. Себебі, әрбір азамат өзінің туған жерінен қанаттанып шығады. Бүгінгі таңдағы басты мақсат туған жерді түлету болмақ.
Бүгінгі таңда Т.Рысқұлов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткішке ие. Оның ішінде, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салаларда да бірқатар табыстарға қол жеткізілді. Ағымдағы жылы да ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мәселен, 37 000 га күздік бидай, 44 000 гектарға жаздық арпа, 16 000 гектарға мақсары себілді. Сондай-ақ, 400 гектарға қант қызылшасы, 100 гектарға жүгері, 30 гектарға сұлы, 500 гектарға картоп, 400 гектарға көкөніс, 100 гектарға бақша, 9 400 гектарға жоңышқа себіліп, 35 000 гектарға таза пар айдалып, 141785 гектар егістік толық игерілді.
Қант қызылшасын егу үшін Меркі және Тараз қаласындағы қант зауыттарынан француздың «авантаж» тұқымы алынуда. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары мен егін ору жұмыстарына кепілдендірілген жанармайға қажеттілік анықталып, оған 5 100 тонна сұраныс берілді. Оның ішінен көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 2 235 тонна жанар-жағармайдың 1 500 тоннасына сұраныс беріліп, белгіленген оператор «Тараз Мұнай Ойл» ЖШС-нен 910 тонна алынды.
Ауданда 5 жылыжайда екі кезеңде көкөніс өнімдері жиналып, олар ауданда және Тараз қаласында сатылуда. Сонымен қатар, 74,48 гектар көпжылдық жеміс ағаштарына тамшылатып суару әдісі, 300 гектар егістік алқапқа шашыратып суару әдісі қолданылды. Және 600 гектар алқапқа электр желілері тартылып, 27 дана артезиан құдықтары қазылды.
Аудан мал шаруашылығы жөнінен де өркендеп келеді. Малдың саны және мал өнімдерінің көлемі өткен жылдың үш айымен салыстырғанда көбейген. Қой-ешкі 13 563, жылқы 772, ірі қара 400, шошқа 1 224, түйе 22 және құс саны 1 292 басқа дейін артқан. Сонымен қатар, ауданда 2 174,5 тонна ет, 2 174,5 тонна сүт және 279,4 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Мемлекеттік бағдарламалардың да берері көп. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сәуір айына 56 бас сиыр алынып, тапсырма 27, 5 пайыз орындалды.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 737 бас қой сатып алынып, тапсырманың 92,8 пайызы орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 35 бас жылқы малын сатып алу жоспарланып, 12 бас жылқы алынып, жоспар 34,3%, «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы бойынша 13 дана құдық қазылып, жоспар 185,7% орындайды. Мал бордақылау алаңдарын құру бойынша 2017 жылдың басынан 750 бас қойға және 50 бас ірі қараға арналған түпкілікті мал бордақылау кешендері іске қосылды.
Ал өнеркәсіп саласы бойынша 1 371,8 миллион теңгенің өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,6 пайызды құрады. Шағын және орта бизнес саласында да айтарлықтай нәтижелер бар. Тіркелген барлық шағын және орта бизнес субектілерінің саны 3 705-ті құрап, 272-ге көбейді. Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 10 000-ға артып, 103% құрады. Өткен жылы 10 011 болған. Сондай-ақ, 1 184,3 мың теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, негізгі капиталға 1 477,5 миллион теңге инвестиция жұмсалды.
Автомобиль жолдарын күтіп ұстау да басты назарда. Аталған мақсат бойынша 13 елді мекеннің ұзындығы 18,6 шақырымды құрайтын 24 көше жолдарына орташа жөндеуге 173,4 миллион теңге бөлінген. Казіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындылары анықталды. Аудандық маңызы бар «Жалпақсаз – Тасшолақ» автожолын орташа жөндеуге бөлінген 57 982,0 мың теңгеге жұмыстар мамыр айында басталып кетті.
Жұмыссыздық пен кедейшілік те ауданда төмен деңгейде. Атап айтсақ, 47 022,0 мың теңге балалар жәрдемақысы, 1 296,0 мың теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі төленді және 80 отбасына 1 346,0 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалды.
Аудан бойынша 136 жаңа жұмыс орындары ашылды. Тіркелуге қайырылған азаматтардың жұмысқа орналасуы 46,5 пайыз болса, нысаналы топқа жататын азаматтардың жұмысқа орналасуы 60,1 пайызды құрайды. Жұмыспен қамту орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқуға 93 273,0 мың теңге қаражат бөлініп, 309 адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ, бағдарламаның екінші, үшінші бағыттары бойынша да нақты жұмыстар атқарылады.
Елбасының басымдық берген негізгі міндеттерінің бірі – бұқаралық спортты дамыту. Бұл тұрғыда да ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Спорт үйірмелерінде спорттың 12 түрімен 1 200 жасөспірімдер мен жастар дәріс алуда.
Бүгінде Т.Рысқұлов ауданы тұрақты түрде даму үстінде. Алдағы уақытта алға қойған міндеттер орындалып, жоспарлар жүзеге асырылатын болады.
Жарылқасын АЙТАҚОВ,
Т.Рысқұлов ауданының әкімі
Жамбыл облысы