Ат спорты • 31 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстанда жазғы ат спорты маусымы  ашылды

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромында жазғы атспорты маусымы салтанатты түрде  ашылып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров шабандоздарға сәттілік тіледі.

Солтүстік Қазақстанда жазғы ат спорты маусымы  ашылды

Қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше. Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде ұлттық ойындармен бірге бәйге жарысы да жақсы дамып келеді.  Бұл күні солтүстікқазақтандықтармен бірге Ақмола, Ақтөбе облыстарының, Астана қаласының бапкерлері үкілеп қосқан жүйріктер бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің делебесін қоздырды.

Қыз қууда Алина Гапарова Александр Литвиновқа қара көрсетпей кетті. 2000 метрге шапқан ұшқыр аттар арасынан Ақтөбе облысының намысын қорғаған  Елдияр Сүлейменов жеңімпаз атанды. 1600 метр қашықтықта өткен желіс аттары жарысында  астаналық Әбдуәлі Нұрахматовтың мерейі үстем болды. 5 мың  метр қашықтықта Тайынша ауданының өкілі Ернар Құнанбаев сөре  сызығын бірінші болып қиды. Басқа қашықтықтар бойынша да бәйге аса тартысты болды.

Жазғы  атспорты маусымының ашылу салтанатында «Ең үздік сәйгүлік» байқауы өткізілді. Жал-құйрығы төгілген бес арғымақтың арасынан «Гринго» атты желмен жарысқан жүйрік лайық деп танылды.

Ипподром жанына киіз үйлер тігіліп, жұртшылыққа дәмділігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар ұсынылды.

Атжарыстың жеңімпаздары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Астанада өтетін бәйгеге қатысуға жолдама алды.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»