«Саяси қайраткерлермен бірге олардың әйелдері мен балаларын да репрессиялады. АЛЖИР-де қолдарында кішкентай сәбилері бар әйелдер отырды. Кейбір балалар осында дүние есігін ашты. Осындай қатыгездік болды. Аталмыш музей аз да болса, соның бір бөлшегін көрсетеді», деді Назарбаев.
Елбасы сол заманды еске алу қиын екендігін атап өтті.
«Біз мүлдем өзге мемлекет құрдық. Әрбір адамның құқықтары мен бостандықтары сақталатын құқықтық мемлекет жасадық. Сондықтан Қазақстанда бірде-бір саяси тұтқын жоқ. Осыны бағалауымыз керек», - дейді Президент.
Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін төңкерістен кейін болғанын да тілге тиек етті.
«Бірде-бір революция адамға, мемлекетке жақсылық әкелмеген. Соңғы жылдары орын алған революциялар мемлекетті шайқалтып, xалықтары 10-15 жылға береке таппай тентіреді, терроризм, кісі өлтіру, бандитизм өршіді. Сондықтан бізге эволюциялық даму қажет. Сол кезде ғана алға жылжимыз. Тариxтың сабағын ұмытпауымыз керек», деді Елбасы.