Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі отырған «Пинг-понг ханшайымы» турнирінің алғашқы іріктеу ойындары 3-28 шілде аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында өтсе, финал ойындары 22-24 тамыз аралығында Алматы қаласында өтпек. Турнир қортындысы бойынша жеңімпаз атанғандар Пекин қаласындағы спорт академиясының жаттықтырушыларынан үстел теннисінен арнайы шеберлік сыныбынан өту мүмкіндігіне ие болады.
Жоба үйлестірушісі Майра Әлжанова өз сөзінде: «Қорымыздың 13 жылдық тарихында «Пинг-понг ханшайымы» турнирінің қадам басуы баршамызға көптен күткен бастама болды. Балалар үйлерінің жас қыздары үшін спортта, оның ішінде, үстел теннисінде өз бақтарын сынап көру арман ғана емес, мүмкіндігі мол үлкен жоба да. Жарыс жеңімпаздарына Қытай еліне саяхаттап қайтуға мүмкіндік беретін бұл жобаның бірден бір мақсаты – балалардың спортқа деген қызығушылығын ындаландыру», деп атап өтті.
Осы орайда, ҚХР Бас консулдығы саяси бөлімінің басқарушысы Чжан Сяоцин: «Бұл турнир әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етері сөзсіз. Себебі, балалардың жеңіске деген зор талпынысы, сенімі бар», деді
«Біз осындай керемет турнирді ұйымдастырып отырған «Бауыржан» қорын осындай жобаға ат салысуға мүмкіндік бергендеріне алғыс білдіреміз. Спорт – келешегі кемел іс», – дей келе, «Хуавей Текнолоджиз Қазақстан» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Андрей Желтиков осындай мақсаты мен болашағы жарқын жобаларды қолдауға әзір екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, турнир ұйымдастырушылары қазақстандық жастардың спортқа деген қызығушылықтарын ояту мақсатында осы жоба аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйіне 100 теннис үстелі мен жабдықтарын сыйға тартпақ. Бір ай ішінде барлық балалар үйлеріне орнатылып шығатын теннис үстелдері арқылы балалар үйінің тәрбиеленушілері олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисін жете меңгеруге мүмкіндік алмақ.
ҚР үстел теннисі федерациясының атқарушы басшысы Мәлік Бейсәлиев турнирдің барлық кезеңдерінің жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысатындарын, финал ойындарына арнайы зал дайындалып, кәсіби төрешілердің шақыртылғанын жеткізді.
7-10 жас пен 11-15жас аралығы бойынша екі кезеңмен өтетін турнирдің Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Тәбеев іріктеу ойындарының басты назарда болатынын айта келе: «Нұр Отан» партиясы барлық игі бастамаларды қолдауға тырысады. Өз тарапымыздан ақпараттық және әкімшілік қолдау көрсетіп барлық аймақтарда жаңа тұсауы кесілген жобаның сәтті өтуіне өз ықпалымызды тигіземіз», деді.
Жетім балалар арасындағы үстел теннисі дарындарын тауып, қазақстандық теннис деңгейінің артуына біршама үлес қосуды мақсат тұтқан аталмыш турнирдің салтанатты ашылу рәсімі Алматы облысының №1 балалар үйіне алғашқы теннис үстелін табыстау рәсімімен жалғасты. Шара барысында алғашқы ойын өткізіліп, болашақ пинг-понг ханшайымдары сыналды.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»