Футбол • 31 Мамыр, 2017

Уфада оқитын қазақ жастары шағын футболдан «әлем чемпионы» атанды

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда  Ресейдің Уфа қаласындағы мемлекеттік мұнай техникалық университетінде 500-ден аса қазақ жасы білім нәрімен сусындап, елімізге өте қажетті мамандықты игеруде. Мұндағы оқытушылар қазақ жастарының зейіні мен қабілетіне тәнті екен. Сонымен бірге, қандас бауырларымыз білім саласында ғана емес,  спортта да намысты қолдан бермейтін көрінеді.

Уфада оқитын қазақ жастары шағын футболдан «әлем чемпионы» атанды

Таяуда  аталған оқу орнының ұйымдастыруымен шағын футболдан  шетел студенттері арасындағы дәстүрлі «әлем чемпионаты» өткен еді. Міне, осы турнирде қазақ жастарынан құралған команда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жарыстың жеңімпазы атанды. 

Биыл бұл чемпионатқа 15 мемлекеттің  жастарынан құралған командалар қатысты.  Олардың қатарында  Өзбекстан, Тәжікстан, Вьетнам, Куба, Ангола, Сауд Арабиясы, Үндістан, Қытай, Қазақстан және басқа да елдердің жастары болған. Айта кететін жайт,  әуелде бұл чемпионатты 2008 жылы қазақ жастары  ұйымдастырған екен. Кейін бұл турнир дәстүрлі түрде өте бастаған. Ал қазақ жастарынан құралған университет командасы болса, жыл сайын осы жарыста үздік шығап отырады екен.

Университеттің халықаралық ынтымақтастық басқармасы бөлімінің жетекшісі, чемпионатты  ұйымдастырушы Солинджон Уруновтың айтуынша, қазақ жастарының спортқа деген ынтасы зор көрінеді: олар қандай жарыс болсын көздері отша жанып, құлшына кіріседі екен. «Біздің университеттің қабырғасында осындай команда барын мақтан етеміз. Ылғи да жеңіспен оралатын ақжолтай команда», – дейді Солинджон Урунов мырза.

Жалпы, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің қазақ жастарынан құралған командасы басқа да ірі жарыстарда жүлде алып жүрген ұжым екен. Мысалы, олар жақында Мәскеу қаласында  шағын футболдан жоғары оқу орындары арасында өткен жарыстан жеңімпаз болып оралған. Команда көшбасшыларының бірі Бисұлтан Терекбаев сұрмерген шабуылшы атанып жүрген жалынды жас. Өзі Атырау қаласының тумасы, аталған университеттің 2-курсында оқиды. «Бала кезімнен футболға әуес едім. Оның үстіне әкем осы спортқа дегенге ынтамды байқап, футбол үйірмесіне берді. Мектеп бітіргенше футболды тастамадым. Уфа университетіне ағамның шақыртуымен келген едім. Командамыздағы ойыншылар түгелдей қазақ жігіттері. Бізді жеңістерге жеткізіп жүрген күш – бірлігіміз, ұйымшылдығымыз. Жалғыз спортта ғана емес, оқуда да алдамыз», – дейді алғадай жас.

Жапония мемлекетін қазіргі деңгейге жеткізген кезінде әлемнің әр қиырына  білім қуып кеткен жастары екенін тарихтан білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, жат жерде бірлігінен ажырамай, білімін жетілдіріп, спортта шымырланып жүрген қазақ жастарына да артылар сенім зор.

Ерзат Ермағамбетов,

М. Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік медагогикалық университетінің магистранты

Ресей, Уфа қаласы