Күрес • 31 Мамыр, 2017

ШҚО-да қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнир өтті

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы турнир Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының шешімімен тұңғыш рет Әлем кубогы дәрежесінде ұйымдастырылды.

ШҚО-да қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнир өтті

Балуандар бәсекесі басталмас бұрын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті Қажымқан Мәсімов, академик Ғарифолла Есім, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, ақын Қайырбек Асанов, спорт журналисі Несіп Жүнісбай, халықаралық дәстүрлі күрес түрлері қауымдастығының (FILA) комитет төрағасы  Гентаутас Вилейта бастаған алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтар Ырғызбай әулие кесенесінде баба рухына бағышталған асқа қатысты.

Ақсуат боз кілеміне ең алдымен Альберт Мкртчян мен моңғол балуаны Тогубат Батнур шығып, бұл белдесуде Қап тауының өкілі қарсыласын бар болғаны екі минут ішінде жер қаптырды. Бір айта кетерлігі, биыл қазақтың жігіттері барлық салмақта да дес бермей, қарсыластарын қоғадай жапырды. Жетпіс килода Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Қасымхан Төленбаев қарсылас шақ келтiрмесе, 90 килода Бекзат Ахметбеков топ жарды.

Ал 90 килодан жоғары салмақта «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров ақтық сында 160 кило тартатын орыс балуаны Рүстем Арсылановты 3 минут шамасында жауырынын жер иiскетіп, Әлем кубогының жеңімпазы атанды. 90 кило салмақтағы грузин Адашашвили Звия, Үндістаннан келген Муксин Гуатали секілді балуандардың өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Күрес көруге жиналған жұрт олардың айшылық алыс жерлерден ат арытып келгеніне ғана емес, қазақ күресін бір кісідей меңгергеніне ризашылықтарын білдіріп отырды. Белдесуден гөрі биге шебер халықтың өкілі Муксин Гуатали қазақ жеріне алғаш рет келгенін айтып, мұндай үлкен жарыстың ауылда өткеніне таңғалғанын да жасырмады.

«Біздің елде мұндай жарыстар үлкен қалаларда ғана өтеді. Ұшы-қиырсыз сайын дала төсінде осындай ажарлы ауылды көрем деп мүлдем ойламаппын. Ұлттық тағамдарыңыз, дәстүрлеріңіз қандай керемет, халықтың қонақжайлығына тәнті болдым», – дейді ол.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген Мәнап МҰРЗАТАЕВ