Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Алматы облысының делегациясы Өскемендегі бірқатар нысандарды аралады

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының делегациясы екі күн бойы облыс орталығы Өскеменде болып, шаһардағы бірқатар нысандарды аралап, бүгін түс ауа сапардың қорытындысы ретінде екі жақты меморандумдарға қол қойды.

Алматы облысының делегациясы Өскемендегі бірқатар нысандарды аралады

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация кеше Жеңіс саябағы, сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафттық мұражай қорығының сол жағалау кешені, қаланың орталығындағы үлкен музыкалық су бұрқақ пен шаһарда салынып жатқан «Нұрлы жол» саябағының құрылысымен танысып, Өскемендегі абаттандыру жұмыстарын көрді. Сонымен қатар қонақтар қаладағы ҮМЗ, «Қазцинк» секілді кәсіпорындар мен оңалту орталығы, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын тамашалады.

«Тоғыз құжатқа қол қойылды. Алматы облысының кәсіпкерлері өңірдегі кәсіпорындармен танысып, мүмкіндіктерін бағамдады. Былтыр мен Алматы облысына барғанда бірқатар ірі нысандарда болған едім. Қазіргі уақытта Семейде «Абай Арена» спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұған Талдықорғандағы спорт кешенін көргеніміздің әсері болғаны рас. Сондықтан мұндай іссапарлар өте қажет, бір-бірімізден үйренетін тұстарымыз аз емес. Алматы облысынан арнайы келген әріптестерімізге алғыс білдіреміз», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов екі жақты меморандумдарға қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде.  

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Алған әсеріміз керемет. Кешелі-бүгін көрген дүниелеріміздің кейбірін өзіміздің облысқа енгізсек деген ойымыз бар. Шығыс Қазақстан тек өндірісті өңір ғана емес, мұнда әлеуметтік сала нысандары көп. Аумақтарды абаттандыру бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатқанын көрдік. Әсіресе сол жағалаудағы этно саябаққа тәнті болдым. Мұндай саябақ тек щетелде ғана бар шығар. Сіздердікі одан асып түспесе кем емес», - деді.

 Сонымен қатар Алматы облысының әкімі Шығыстың дәрігерлерді шет елде оқыту тәжірибесін де үлгі ретінде алуға болатынын атап өтті.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»