Медицина • 01 Маусым, 2017

Байқадамның Бақытжаны

1084 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Байқадам әулетінің тереңге тартқан тарихы қызғылықты-ақ. Ел аузындағы шежірені тұңғыш стенографист Дана­бике Байқадамова да тірілтеді. Қып­шақтың Алтыс атасынан тарайтын Кедел жауға аттанғанда інісі Бекбаулыға ауылын жаудан қорғауды тапсырады. Қалған бала-шаға, қарияларға ес болып, жау көзінен тыс жүрейік деп сай-салаларға қанша қонғанымен де бір күні сайланып келген жау бәрін қырып, қасаптан жалғыз қашып шыққан Бекбаулы орыс шекарасынан өтіп жан сақтайды.

Байқадамның Бақытжаны

Қаралдының қарашығы

Жат жерден келген жігіт әр мұжықтың сан салалы шаруасына көмектесіп жүріп, бірінің қызына үйленеді. Тұңғышының атын үй тілегімен Илья (Елке), екінші ұлын Шура (Шора) деп атай салады. Үйі жоқ, жері жоқ азаматтың ошарлы жаны жайлы жер іздеп қоныс аударуына тура келгенде жергілікті удмурт, мордва, чуваш, черемистер аяп: «Пришлые люди, шли, шли, пристали», деген сөздің мағынасын терең түсінбеген ол үшінші баласының атын Шли деп қояды. Сыртта орын тебу оңай ма, жылжи-жылжи башқұрттар арасына келіп, тілі ұқсас адамдардың қасына қосылғанына шүкіршілік етіп, сонда туған төртінші ұлын Құдайберді, бесінші ұлы туғанда жанға байыдық деп Жанбай қойған екен. Қаралды әулеті – осы Шлиден туған Жарыл­ғаптың ұрпағы. «Осы бес жігіттің Шлиі­нен туған ұлдарының аты неге Қарағай, Қайың, Бостан, Бостанбай деп сұрағанда Қарағай башқұрттың бір руының аты, Қайың дейтіні қайың орманының ішінде туыпты, Бостан емес Босыған, Босығанбай башқұрт жерінде тұрақтай алмай жүргенде көршілердің босып келгендер дегенімен атай салған, ал Шуаш пен Шерміш бәйбішеден туған. Төркінінің атын сақтау үшін бала­лары нағашыларын біліп жүрсін деп әйел­дері қойыпты. Ал біздің рудың Қаз аталуы әжелеріміздің құс, бау-бақша сал­ған дағдысын тастамауы руды Қаз атан­дырған көрінеді, деп әжесі Шегетайдың айтатынын жазады Данаш апай. 

Қаралдының әкесі Жарылғап болса, Қаралдымды аяқтандырамын, бірақ ұлыма тентек қыз керек, әйтпесе балам мо­мын, ұрпағым қой аузынан шөп ал­майт­ын ынжық болады деп атыраптан кімде қандай қыз өсіп келеді деп көз тігіп жүргенде, бірде қой бағып жүрген 13 жа­сар қыздың жанына аялдап жөн сұрайды.

– Балам, ауылыңда қонақасы беретін жан табыла ма? Бағып жүргенің кімнің малы, – дейді. 

– Мал – тістінікі, қызмет – істінікі. Қонақасы беретін ешкім шықпаса, өзім-ақ атқарамын, – деп бір тоқтыны өңгере жөнеліпті.

Үйге келгенде би атшысына: «Бар, қызға бауыздатпай өзің сой», – дегенде қыз: «Әйелді ана деп қадірлейсіз де, ол бауыздаған малдың етін жемейсіз, осында қандай қисын бар?», – дейді. «Болды, балама бұдан өзге жар керек емес», деп ой түйген би айттырылған жерінің батасын бұзып, қалыңын көтере төлеп, баласына сол қызды алып беріпті. Барлық ісі шегедей мықты, мықтай орнықты деп Сұлушаш атын өзгертіп Шегетай деп Қаралдыға алып береді. Шегетай әрі әнші, әрі ақын, оған ақылы мен өрлігі қосылған ерекше жан болыпты. Ал Байқадам әулетінің өнерге жақындығы осы Шегетай әжемізден келген, дейді торғайлықтар. 

Қаралды мен Шегетайдан туған Байқадам өте зерек бала болып өсіп, 1891 жылы Торғай орыс-қазақ екі­жыл­­дық училищесін бітіргеннен кейін уездік басқармада есепші және көшір­меші болып істеп, артына игілікті мол істер қалдырған заманының озық туған айтулы жанының бірі болады. Тор­ғай­дағы Байқадамның үйі сол кездегі сәулетті ғимараттар­дың бірі ғана емес, зиялылардың басын қосатын, үйінің аумағын дала театрына айналдырған, кешкілік Байқадам аула­сынан шыққан баян мен домбыра, мандолина үні халықты мұнда келіңдер деп шақырып тұратын қасиетті орын­ның біріне айналады. Торғайға жер аударылып келгені бар, арнайы жұмыс атқаратын орыс оқығандарымен қатар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әліби Жангелдинмен сыйлас бол­ған Қаралдының қарашығы − Бай­қадам­ның еліне бергені көп жан. Бірақ әңгіме оның өнерлі ұрпағы – Бақыт­жан Байқадамовтың биылғы жыл 100 жасқа толуына байланысты өрбитін болғандықтан, өнер бастауының қайдан шыққанына назар аударғанды жөн көрдік.

Осы аулада орыс тіліндегі пьесалар қазақша аударылып, спектакль қойылғаны туралы «Айқап» журналының 1914 жылғы санының бірінде жарияланған. Бұл үйірмені Байқадамның үйінде тұратын Серке Қожамқұловтың жездесі мұғалім Мұқаш басқарып, сол жылдары оқу іздеген бала Серке жездесін сағалап Байқадамның үйінде тұрақтайды. Кейіннен сол кезде қойылған ойындарын еске алғанда Байқадамның жары, Бақытжанның анасы Үрзипа: «Сахна сыртынан кетпеуші едің, ақыры сахна төрінде қалдың-ау», дей­ді екен. Серке аға болса: «Сіздердің ойын­дарыңыз аяқтала бергенде, үйге жүгі­ріп келіп, самаурын қойып, күтіп отыра­тынмын, мына боқмұрын қызыңды арқалайтынмын», − деп маған күле қараушы еді, дейді Данабике апай.

Үкіметтің жұмысын атқара жүре маңайының қамын ойлаған Байқадам елді-жерді емуге үйретуге де күш салады. Тіпті, сол оймен жақын бір інісі Боланға елге бақша салуды көрсетсін деп жер аударылып келген орыстың Марфа атты қызына үйлендіреді. Торғай уезіндегі 1920 жылы өткен Кеңестің I съезінде Қаралдин коммуналды және артельдік шаруашылықтар құруды ұсынады. Оны өзі бастап құрып, 1921-22 жылдары аштық орын алғанда Байқадам құрған Кенжетай артелінен бір адам шетінемепті. Көзі ашық, көкірегі ояу Қаралдиннің елі үшін атқарған қызметінің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Тек оның «Республикадағы суландыру жүйесінің алғашқы ізашары» делінуінің өзі біраз жайды аңғартса керек.

«Байқадамның бес бақсысы»

Байқадам әулетін өнерден кенде қыл­маған. Байқадам «халық жауы» атанып, ұсталып кетсе де кезінде Санкт-Петербургтегі Бестужев курсын тәмам­даған, орыс, француз тіл­дерін меңгерген оның жары Үрзипа Төлебай­қызы 7 бала шетінеп кеткеннен кейін зарығып барып тұрған үлкен қызы Данабикемен бірге балалары Бақытжан, Райымбек, Арыс­танбек, Айсұлу, Күнсұлу, Мұраттың өнер­ге деген құштарлығын қолынан келгенше демеп отырады. Жабығып, жетімдік пен же­сірліктің тауқыметін тартып жүр­ген­де де сол қалыбынан жазбай, үйге келген мейманға, маңайдағы көршілерге концерт қойып беруін мақұлдайды. Содан әзілі жарасып, өнерді құптаған көрер­мен оларды «Байқадамның бес бақ­сы­сы» атап кетеді. Сондағы бес бақсы − Бақытжан, Арыстанбек, Айсұлу, Күн­сұлу, Мұрат болатын. Бұлардың ішінде өнерге басыбүтін ден қойғаны –компози­тор Бақытжан Байқадамов пен Қазақ­стан­ның халық әртісі, опера әншісі Айсұлу Байқадамова.
1917 жылы Торғайда дүниеге келген Бақытжан Байқадамовтың кәсіби музыкадан өз орнын тауып, композиторлығынан өзге хор капелласының негізін қалауы талай мақалалар мен зерттеулер көтерер жүк екені айқын. Алғашында түрлі үрмелі аспаптарда әуесқой оркестерде ойнаған Бақытжанның музыка училищесіне түсіп оқуына, үрмелі аспаптан өкпеңді құртасың деген әпкесінің сөзі айнытып, математик мамандығын таңдайды. Сол ҚазПИ-де оқып жүргенінде-ақ көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандар­бековтің көмегімен драма үйірмесін ашады. Ал институтты бітірген соң Алма­ты қаласындағы мектептерде мате­мати­кадан сабақ бере жүре 1936-41 жыл­дары Байқадамов құрған мектеп көр­кем­өнерпаздары республика көлеміне кеңінен танылады. Осындай халық шығармашылығының бір байқауында ол Евгений Брусиловскиймен танысады. Композитордың өзі бір естелігінде «Жақында ғана Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін бітірген кезім, өз өмірімді музыкамен бай­ланыстырмақ ойым мүлде жоқ болатын. Әндерімді тек өзім үшін шыға­ра­тынмын», деп жазады. Сол жолы Бру­силовский Бородинді мысалға келтіріп, ол химик боламын деген, бірақ тарихта химик емес, композитор болып қалды, деп Бақыт­жанды айына міндетті түрде үйіне келті­ретін етіп, пәтерінде ұйымдастырған музыкалық үйірмеге тартады. Ал оның мүшелері Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Құддыс Қожамияров, Борис Ерзаковичке Брусиловский по­ли­фония, композиция, оркестрге түсі­ру тех­никасын үйрететін. Соғыс бастал­ған­да Алматыға эвакуацияланған Киев консерваториясының профессоры Михаил Скорульскийден гармония мен полифониядан сабақ алуға кеңес берген де Брусиловский болатын. Скорульский Бақытжаннан үнемі халық әндерін айтуын сұрап, гармония заңдылықтарын қазақ әуенінмен қабыстырып, шәкіртінен халықтық саздағы ладтық ерекшелікті қадағалауды өтінеді екен. Осылайша Ско­руль­скийден 2 жыл дәріс алған Байқ­адамов консерваторияға оқуға түседі. Бұл оның нағыз шығармашылықты өмірлік серігі етіп таңдағаны болатын.

Байқадамов атында

Бүгінде Бақытжан Байқадамов атында өзі қолымен құрған Хор капелласы, Арқалық қаласында музыка мектебі бар. Егер еліміздің өнер көкжиегінде хор әлемі өз орнын алатын болса, онда оны Бай­­қадамовсыз елестету еш мүмкін емес. Композитор Өмірбек Бәйділдаев әріп­тесі 50-ге толғанда: «Ән әнге ұласты. Твор­чест­волық сәтті сапар басталып, жеке дауыс­ты халық әндері көп дауысты хорға көшті. Ол әрленіп, әдеміленіп, нұрланып шықты», деп бағалайды. Шынында да, Байқадамовтың артында қалған мол мұрасы қазақ өнеріне қызмет етуінен жаңылмай келеді. 200-ден астам туынды, «Айгөлек», «Домбыра», «Өзіңсің», «Сүйген сәулем», «Теміртау жастарының маршы», «Пошташының әні» сынды қай заманда да өлмейтін дүниелерінің сыртында Мемлекеттік хор капелласын құрып, оны жоғары кәсіби деңгейге көтеруінің өзі неге тұрады.

Жауған қардай тазалық

Көзкөргендер Байқадамовтың мей­лін­ше ақкөңіл болғанын айтады. Өз әпке­лерім − Ақсымбат пен Алма студент кезі­мізде Бақам Қайнекей Жармағамбетов әке­мізбен дос болғандықтан жиі көре­тін­біз. Бірде сол үйге барғанымызда Валя жеңгеміз курортқа емделуге кеткен екен, аяқ астынан телефон шыр ете қалды. Тілдесіп тұрған Амангелді Имановтың баласы Шәріп ата болып шықты. Алдында ғана: – Жеңгелерің осыдан 5 күн бұрын менің қарным ашып қалмасын деп бір қазан борщ пісіріп кеткен, қазір соны ішіп аламыз», – деген ештеңе бүкпейтін аға. Аяқ астынан үлкен кісі келеді дегенге сас­ты да қалды. Қанша дегенмен еттің жа­йын білетін ауыл қызымыз, етті асып, қамы­рын жайып, тұздығын құйып буын бұр­қы­ратып алып келгенімізде қалай бала­ша қуанды, Бақамыз шын күлетін, шын рен­житін, шын қуанатын. Ол кісінің бойы­нан жалғандық таппайтынсың, жасыры­ны жоқ, ойындағысы тілінде, тіліне салғаны жү­ре­гі­нен шығатын ғажап жан болатын, дейді. 
Қашанда кең көңілді дархан жанның саясы көпке жетеді. Сонау соғыстың қиын тұстарында анасы мен 2 інісі және 2 қарындасымен бірге тұратын аядай 2 бөлмелі пәтерге Скорульскийді жұбайы­мен, қызымен бірге алып келіп, 3 жылдай сая болу екінің бірінің қолынан келе бере ме? Ал Қытайдың атақты компози­торы Си Синхайды қайда барарын білмей театрда қонып жүргенін көріп, Данаш апайдың үйіне апарып орналастыруы ше? Осылайша өзге ұлт өкілдеріне пана болуы олардың көңілінде қазақ халқына деген құрметті тудырыпты. Құрқылтайдың ұясындай шағын 2 бөлмеде 9 жан бірге тұрып, бір қазанда піскен асты бөліп жеп, тар бөлмелерді баладай пәк көңілді Бай­қадамовтардың дархан пейілдері кеңейтіпті.

Валентина – Валя жеңгей

«Халық жауының» баласы деген үрей­лі атты арқалап шығармашылықпен ай­на­лысу, қиындықтарға жасымай, тура­лығын айта жүріп өмір сүру оңай жүк емес. 1941 жылы соғыс басталғанда өзі сұ­­ран­­ған Бақытжанды «халық жауының» ба­л­а­­сы­сың деп әскерге қабылдамай, ал іні­сі Ра­йымжанды «жаулардың» баласы­нан ірік­телген «Айыптылар батальонына» алады. 

Байқадам алашордашы ретінде үштік үкімімен атылғанда сасқан Үрзипа оның екі ұлы – Райымбек пен Арыстанбекті өз әкесінің атына Төлебаев етіп жаздырады. Әлі күнге олардан тараған ұрпақ баба­сы­­ның атын алмай, нағашысына жазы­лып жүрсе, Қызылордаға оқуға кетер­де ел ақ­сақалдарының кеңесімен Бақыт­жан ше­шесінің атымен Үрзипин болып атта­на­ды, тек кейіннен Әліби Жангелдин­нің кө­мегінің арқасында тегін қайтарып алады.

Соғыстың қан қасабы азаматтарды жусатып жатқанда Қазақстанда «халық жауларымен» күрес әлі де жалғасып, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмаханов, Жұмағали Саин істі болып, Үрзипа ана баламнан айырылып қаламын ба деген үлкен уайымда жүреді. Ал Бақаң болса өзі басқаратын ұжымдармен концерт қойып, күн-түн демей, ұйқы көрмес­тен жұмысына беріледі. Бірде ұжыммен Мәскеуге барып, ондағы әрбір зауыт, фабрикаларға концерт беріп жүріп генерал Панфиловтың қызымен танысады. Таныстықтың достыққа ұласып, одан үй болу тарихы ұзақ. Бірақ Валентинаға:  «Менің баламды жақсы көресің бе?» – деп кабинетіне барып сұрақ қойып, одан: «Кім сүймейді ондай жігітті, қыздардың бәрі сүйеді», – деген жауабын алған соң: «Егер Бақытжанды сүйетінің рас болса, онда бізбен бірге тұрасың. Біздің отбасының үлкен екенін көріп жүрсің, бізбен бірге тұрып, біз не жесек, соны жейсің. Барлық нәрсе ортақ болады, менікі, сенікі деген болмайды, еңбекақыны да ортадан жұмсаймыз», – деп шарт қойып қолына келін етіп түсіріп, кең көңілді, салмақты, көргенді Валентинаны сүйікті келіні етіп таңдаған Үрзипа шешеміздің өзі болатын.

Шынында, Валя жеңгей өте кең бола­ды. Тіпті, енесі қайтыс болғаннан кейін үй­­лерінде жатып оқыған қайынағасы Би­ма­­­ғам­беттің баласы Қорғанбекке сол үй­дің ақшасын ұстатып қояды. Күнімжан апай­дың айтуынша, Валя жеңгей – «халық жауының отбасы» деген жаман аттан қорғап, Байқадамовтар әулетіне деген саяси көзқарасты өзгерткен, Бақытжан­ның жолында атқарып отырған үлкен қыз­меті­нен бас тартып, енесіне берген уәде­сін ақ адалымен, бар пейілімен атқарған жан.

Мақаланы жазу барысында әулет тари­хын біраз аударыстырдым, біраз жай­ға қанығып, әлдебір заңдылық сақтал­ғанын да бағамдағандаймын. Қазақтың текке мән беруі тегін болмаса керек. Бақытжан Байқадамовтың генерал Пан­филовтың қызына үйленуінен сонау Кедел баба салған іздің жалғасын тапқа­ны ма. Ал Жарылғап бидің таңдауы еш қате болмай Шегетайдай әнші, ақын анадан өнерлі ұрпақ тарап, ұлт мәдениетіне олжа салыпты. Қаралдының қарашығынан тараған текті әулеттің берері таусылмасын деген ниетпен мақаланы тәмамдағанды жөн көрдім.

Анар Төлеуханқызы,

"Егемен Қазақстан"